Біздің аудандық газеттің де өз тарихында латынша шыққанын, бүгінде бұл басылымның музейімізде сақтаулы тұрғанын айтуымызға әбден болады. Теледидарға құлақ түрсеңіз, мерзімдік баспасөзге назар салсаңыз латынға көшудің дәлелсіз қажеттігі туралы ойға көбірек берілесіз. Енді осы мәселенің нақты байыбына еш дау-шусыз, барынша әділдік тұрғысында үңіліп көрейікші. Жаңа әріпке ауысудың қандай аргументтері бар?
Біріншісі – өзге елдердің басым бөлігі дәл осы жазбаны қолданып жүрген әлемдік қоғамдастыққа Қазақстан да жақындасады. Расында да егер карта мен статистикалық деректерге үңілсеңіз – Қытай мен Үндістаннан, араб әлемі мен Оңтүстік – Шығыс Азия елдерінен өзге елдердің басым көпшілігі латын әліпбиін пайдаланып жүр. Егер ағылшын тілінің халықаралық қатынас тілі екенін ескерсек, онда жер бетіндегі халықтың басым бөлігінің латын әрпін түсінетінін, оқи алатынын айтуымызға болады. Біз үшін оның мәні неде? Ағылшын, испан, француз, неміс және көптеген өзге тілдерде сөйлейтін шетелдіктердің басым бөлігіне қазақ тілін түсінуге, оқуға жеңіл тиеді. Өз кезегінде қазақстандықтарға да келешекте ағылшын тілін үйрену, осы тілде жазу, оқу, сөйлеу оңайға түседі. Ғылым мен технология, мәдениет және өзге саланың негізгі құжаттарының бәрі, ережелер, нұсқаулықтар, топтамалар әуелгі кезекте ағылшын тілінде жазылған, тек кейін ғана өзге тілдерге аударылған. Мысалы, жүздеген мың дәрінің халықаралық атауының жазуы латынша беріледі. Латынша оқып-жазатындарға оны түпнұсқа әліпбиінде оқу оңайға түседі.
Тағы бір айтатын жайт, латынға көшуге қарсылар келешекте елдің қазақ тілді және орыс тілді топқа жіктеліп кетуінен қауіптенеді. Дегенмен бұл аргумент емес, өйткені орыс тілінде оқып жазатындар үшін ештеңе өзгермейді. Қазақ тілді азаматтарға келсек, бүкіл тауқымет өздеріне түсетін болса да, олардың басым бөлігі латынға көшуді ықыласпен құптады. Сөз жоқ, жаңалық енгізілімінің мемлекеттік бюджеттен қаржы шығынын талап ететіні анық. Әйтсе де латын әрпі біртіндеп енгізілетін болады. Бұл құжаттар, көрнекі жазу, мөр және басқалары кириллицамен жазылуы себебінен өз күшін жоғалтпайды деген сөз. Яғни өзінің табиғи тозығы жеткенше әлде әдеттегі тәртіппен ауыстыру қажеттігіне дейін қызметін жалғастыра береді.
Қазақстанға қоса әлем эконо-микасындағы дағдарысты жағдайға байланысты беймезгіл қадамға баратынымызды айтушылар да табылады. Дегенмен Әзербайжан, Өзбекстан заманның бұдан қиын уағында бұл іске батыл қадам жасады. Игі бастама олардың экономикалық жағдайына ешқандай әсер еткен жоқ. Уақыт ағымымен жаңа кітап-журналдың бәрі біртіндеп латынға көшірілетіні түсінікті. Меніңше, қазақ әдебиетінің бүкіл бай қазынасы бірнеше жылдың ішінде өз жазуын өзгерте береді. Мысалы, Абайды кириллицамен оқуға ниетті қазақ жеті-сегіз жылдың ішінде, әзірше айналымнан мүлде жойылғанша, әлі-ақ кириллицамен жазылған бірсыпыра кітапты тауысып үлгере алады. Бұдан бөлек, менің өз байқауым бойынша, қазақша сөйлейтін азаматтар қазақ мәтінін кириллицадан латынша оқуға жылдам бейімделетін болады. Мектепте ағылшын тілін оқып жүрген жастарға келсек, олар жайында алаңдауға еш негіз жоқ.
Жақтастар мен қарсыластардың осы мәселеге қатысты дау-дамайын түйіндей келе, саяси бағытта да, тәжірибелік негізде де латынның артықшылығын көбірек сезінемін.
Ләззат ТҮГЕЛБАЕВА,
Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы