29 Қазан, 2011

Республикалық жастар форумы өтті

1321 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінде «Тәуелсіз Қазақстан – менің Отаным» атты республикалық жастар форумы жалғасын тапты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Людмила Хочиева жетекшілік еткен басқосу Қазақстан Республикасының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жастардың қазақстандық патриотизм, ұлтаралық татулық пен бірлік, ел болашағы тақырыптарын ортаға салып, талқылауға арналды. Форум Көкшетау жерінен «Қа­зақстандық қоғамды біріктіру: жастардың көзқарасы» деп ата­латын семинар-тренингпен бас­талды. Жастар Ақмола облы­сы­ның жоғары оқу орындарында – Көкшетау мемлекеттік университеті мен «Көкше» академия­сын­да оқитын замандастарымен жүздесті. Пікірлесіп, ой бөлісіп, бір шаңырақ астында «Baursak Party» шарасының тұсаукесерін өткізді. Астанаға оралған жастар форум жұмысын «Отан-Ана» монументіне гүл шоғын қою сал­та­на­тынан бастап, басқосып естелік суретке түсті. Форум жастарды Тәуелсіздігімізді қастерлеуге, отан­сүйгіштікке, патриотизмге тәр­бие­леу, жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді Парламент қа­бырғасында қарастырып, көш­басшы жас ұрпақтың басын біріктіру мәселесін мақсат етті. Бас­қосуды «Бай-барыс» интел­лек­туалдық клубының мүшесі Әл­кей Марғұланұлы жүргізіп отырды. Жастар форумын палатаның Әлеуметтік-мәдени даму коми­те­тінің хатшысы Бекен Әлімжанов құттықтады. «Бұл жастар – біздің мемлекетіміздің болашағы, елімізге ие болатын, оның эконо­ми­калық және ішкі-сыртқы саяса­тын жүзеге асыратын, Отаны­мыз­дың мәселелерін дүние­жүзі­лік және халықаралық деңгейде шешетін Қазақстан Республика­сы­ның жастары. Сондықтан, қазіргі таңда біз­дің алдымызда күрделі мәселе­лердің бірі болып осы жастарға өздерінің жігерлерін бұдан әрі дамыту үшін, алған білімдерін іске асыру үшін, мемлекетімізге өз үлестерін қосу үшін тиісті жағ­дай жасау мәселесі тұр. «Қа­зақ­стан жастары» атты бағдарлама қабылдадық. Талантты жастарды ынталандыру мен шығармашы­лық жобаларды қолдау үшін «Дарын» сыйлығын 10 аталым бойынша тағайындадық. Жастар саясаты туралы кейбір заңна­ма­лық актілер, соның ішінде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң Мәжілісте қаралатын болады. Олар 5-10 жылдан кейін бәсекеге қабілетті, Батыс пен Шығыс­тағы өз замандастарынан қа­лыс­пай­тын болулары керек. Сол үшін бюджеттен 2 миллиард тең­ге кө­лемінде қосымша қар­жы қарас­ты­рылып жатыр», – деді депутат. Жастардың жетекшісі, Мәжі­лістің Заңнама және сот-құқық­тық реформа комитетінің мүшесі Людмила Хочиева үш күнгі жұмыс барысына тоқтала келіп былай деді: «Жастар дегеніміз кімдер? Олар – біздің мемле­кетіміздің іргетасы. Үш күнгі республикалық жастар форумына қатысушылар еліміздің ең жоғар­ғы заң шығарушы органының қабырғасында отырып, әрқайсы­сының ел келешегіне жауапкершілік сезінгенін сұрар едім. Қа­зақстанның болашағын жасайтын бүгінгі жастар. Енді әрқайсы­ларыңыз алдарыңызда тұрған жүрек­шені жағыңыздар. Сіздердің жү­ректеріңіз ел дегенде, Қазақстан дегенде осылай жанып тұрса екен деп тілеймін. Отанымыз бен халқымызға сол жанған жүрек­пен қызмет етіңіздер». Депутат осылай дей келіп, осы форумның мемлекетіміздің іргетасының бір кірпіші болып қаланатынына өзінің сенімін білдірді және жастарға ізгі тілегін айтып, «Ақ ниетпен» деген ай­шық­ты жазуы бар альбом ұсын­ды. Оған форумға қатысушылар тілектері мен ұсыныстарын жаза­ды. Альбом Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолда­на­тын болады. Келесі құттықтауды «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов жолдады. *   *   * Республикалық жастар фо­ру­мы Парламент Мәжілісінің қол­дауымен «Бай-барыс» интел­лек­туалдық клубын ұйымдастырып, шараға Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері және «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, Студенттер альянсының жастары мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Форумды қорытын­дылаған жастар «Бәйтерек» монументін тамашалап, «Сүйікті елім, ардақты Қазақстаным» атты флеш-моб тәсілімен Астана көгіне шарлар ұшырды. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.