Аймақтар • 24 Қазан, 2017

Солтүстік Қазақстанда «Парыз 2017» байқауының жеңімпаздары марапатталды

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «Парыз 2017» және «Еңбек жолы» облыстық байқауының жеңімпаздарына арнайы марапаттарды салтанатты түрде табыс етті.

Солтүстік Қазақстанда «Парыз 2017» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Өңірде шағын және орта бизнес қарқынды түрде дамып келеді. Биыл кәсіпкерлік субьект өкілдері бюджетке 18 млрд теңге салық құйды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға көп. Екінші деңгейдегі банктер бизнес саласына 38 млрд теңге несие берді», деді Құмар Іргебайұлы. 

Мемлекет басшысы  осыдан он жыл бұрын «Парыз» байқауын жариялап, оған 212 солтүстікқазақстандық кәсіпорын қатысқан болатын. Олардың арасынан 14-і республикалық кезеңнің лауреаттары мен жүлдегерлері атанған. 

«Парыз – жетістіктің 10 жылдығы» байқауы аясында облыс әкімінің алғыс хатымен «Мамлют ұн үгу комбинаты» мен «Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені» марапатталды.

«Еңбек жолы» байқауында «үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша «Петропавл №2 жылу электр орталығында» еңбек ететін Зозуля отбасы жеңіске жетті. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында  «Ахмутдинов» ЖК-нің ағаш шебері Мейірхан Қасымов үздік деп танылды. «Өндірістің үздік жас қызметкері» болып «Радуга» ЖШС шебері Руслан Толстых атанды.

«Парыз 2017» байқауы бойынша «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын аталымында «Дайындық-Агро», «Прометей-Агро» және «Нежинка-Ерке» ЖШС-тері жеңіске жетті. «Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» және  «Үздік ұжымдық шарт» аталымындарына «Қазақтелеком» АҚ-ның облыстық филиалы, «Мөлдір су - 2016» ЖШС және «Андреевка СК» ЖШС лайық деп танылды.

Оннан озған жүйріктер Астанада өтетін республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»