«Шабыт» шығармашылық сарайында жақында ел Тәуелсіздігі мен қазақ-түрік қарым-қатынасының орнатылғанына 20 жыл толуына орай Түркияның әйгілі пианисі Гүлсин Онайдың жеке концерті өтті. Мерекелік шара Түркияның Қазақстандағы елшілігі мен Қазақ-түрік іскер адамдар қоғамының бірлесе ұйымдастыруымен екі ел арасындағы бауырмалдық байланыстарды нығайта түссе, әлемге әйгілі мұндай танымал музыка қайраткерінің Қазақ ұлттық өнер университеті қабырғасында өнер көрсетуі келешек жастар үшін де өнеге болмақ.
Гүлсин Онайдың 24 қазанда Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында жеке концерті өтсе, енді, міне, бұл іле-шала елорданың мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналып отыр. Түрік музыканты Қазақстанда не үшін мұндай үлкен концерттер беруде деген сұрақ қойылған жағдайда айтарымыз, түбі бір, тілі бір түркі мәдениеті ежелден бір-бірімен тамырласып жатқан құндылық екенінде дау жоқ, бірақ та оған тарихтың тағы бір тағылымын қосқан абзал. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанда алғаш сол қуанышымен қазақ жұртын осы түрік бауырлардың құттықтағанын қалай ұмытамыз. Ендеше, Тәуелсіздік тойын түбі бір түркі жұртшылығының бәрі бірдей лайықты тартулармен атап өтуіне қай жағынан да негіз бар. Гүлсин Онай халықаралық додаларда аты шыққан өнерпаз ба, кім өзі деген сауалға да жауапты көп іздеп әуре болған жоқпыз. Ол «Мемлекеттік өнер адамы» атағын сонау сексенінші жылдарда-ақ иеленген екен. Амстердамдағы «Concertgebouw» концерт залында, Берлин филармониясында, Венаның концерт залында, Лондондағы патшайым Элизавета атындағы залда, Вигмор-холлда, Париждегі Гаво залында, Вашингтондағы ұлттық өнер галереясында, Нью-Йорктағы Миллер театрында, мұнан да басқа көптеген үлкен сахналарда жұртшылықты әлемдік классиканың інжу-маржандарымен тамсантқан тамаша табыстары Гүлсин ханымның өркениетті елдер мәдениеті мен өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар танымал музыкант екеніне көзімізді жеткізе түседі. Әйтпесе тегін адам Дрезден мемлекеттік капелласымен, Британия корольдік филармониясы оркестрімен, британдық камералы оркестрмен, жапон филармониясы оркестрімен, Мюних радиосының симфониялық оркестрімен, Санкт-Петербург филармониясы, Токио, Варшава, Вена оркестрлерімен бірге өнер көрсете ме? Мұның бәрі классиканың нағыз отаны саналатын жерлер емес пе?! Осындай оқиғалар кейде өзге елдің өнерін дәл сол жердің адамындай басқа біреу терең меңгеріп кете алмайды деген сірескен қағиданы бұзып кетіп жатады. Және оның Владимир Ашкенази, Эрих Бергель, Михаэль Бодер, Андрей Борейко, Иорг Фербер, Эммануэль Кривин, Инго Метцмахер сияқты тағы да басқа көптеген әйгілі дирижерлердің сүйемелдеуімен шығармаларды шыңына жеткізе орындауы өнерпазды әлдеқашан әлемдік деңгейдегі тұлғаға айналдырып жіберген.
«Берлин», «Варшава күзі», Вюрцбург қаласындағы «Моцарт» фестивалінде, «Ньюпорт», «Шлесвиг-Холштайн», «Ыстамбұл», «Майами» халықаралық өнер сайыстарының сыншылары кезінде оған оң баға беріп, әлемдегі ең атақты музыканттардың қатарына қосқан көрінеді. Мұншама өнер бәйгесінен шашасына шаң жұқтырмай озған дүлдүлдер әлемде некен-саяқ. Осынау биік мәртебеге музыканттың жету сырына үңіліп көргенімізде, Гүлсин ханым фортепианода ойнауды 3,5 жасында бастапты. Ал алты жасында радио және теледидар қоғамының Ыстамбұл радиосынан таратқан алғашқы концерті тыңдаушысын баурап әкетеді. Анкара қаласында Митхат Фенмен мен Ахмед Аднан Сайгун секілді өз ісінің білгірлерінен екі жыл қатарынан сабақ алады. Он екі жасында Францияға жолдама беріледі. Небәрі 16 жасында Париж консерваториясының жоғарғы бөлімін фортепиано бойынша арнайы жүлдемен бітірген ол өзінің музыкадағы жолын халықаралық байқаулардың жүлделерін жеңіп алудан бастайды. Дамылсыз даму үстіндегі музыкант осыған дейін 64 елдің сахнасында музыка жауһарларының үздік үлгілеріне құштар сезімін танытып келсе, біздегі концерттерінде де көрерменді өзіне тән ғажайып орындаушылық шеберлігімен риза етті. Соңғы жылдары пианист Рахманинов туындыларына жете ден қойып жүр. Шопен шығармаларын шынайы ойнап, Польша үкіметінің мемлекеттік наградасымен марапатталды. Қайырымдылық концерттері туралы айта берсе, мұнан да көп әңгімеге арқау болатын түрі бар. ЮНИСЕФ-тің Түркиядағы ұлттық комитеті тарапынан «Ерікті ізгі ниет елшісі» атануы өз алдына бөлек тақырып. 2007 жылы «Севда-Дженап және музыка» қорының алтын белгісіне ие болған ол бүгінде Президенттік симфония оркестрінің солисі әрі Билькент университетінің әртісі болып табылады. Сол Гүлсин Онай біздің еліміздің астанасына да сондай келешек рухани орталық ретінде атбасын бұрып отыр.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.