Театр • 25 Қазан, 2017

Хадиша театры «Стоби» фестивалінде жүлдегер атанды

955 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Македонияға «Стоби» халықаралық антикалық драма театрлар фестиваліне арнайы шақырумен барған Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұжымы Гран-при сыйлығына ие болды! 

Хадиша театры «Стоби» фестивалінде жүлдегер атанды

Халықаралық өнер бәйгесінде  Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов Хайнер Мюллердің «Филоктет» қойылымы мен Жан Ануйдің «Медея» монодрамасын сахналаған. Қазақ театры фестивальдың бас жүлдесінен бөлек, «Ең үздік ер адам» (актер Салауат Түменов) және «Ең үздік әйел образы» (ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова) сыйлықтарын да жеңіп алды.

Батыс Қазақстан облыстық қа­зақ драма театры биылғы ме­­рейтойлық XXV маусымын На­зым Хикметтің «Шығыстың шерлі махаббаты» қойылымымен аш­ты. Шығыстағы әйгілі «жеті ға­шықтың» бірі Фархад пен Шы­­­рын қиссасын баяндайтын терең туындыны сахналаған  Мем­лекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Тұң­ғыш­бай әл-Тарази.

Орал қаласындағы қазақ драма театры – ел тәуелсіздігінің ал­­ғашқы жылдары дүниеге кел­генімен, бүгінге дейін талай же­тіс­тік, талай жеңіске жетіп жүр­­­­ген мақтаулы ұжым. Өт­кен мау­сымның соңында ғана театрға даңқты жерлесіміз – КСРО Халық әртісі Ха­диша Бөкееваның есімін беру жө­нінде шешім шық­қан болатын. Бір қызығы, жаңа мау­сымның шымылдығын ашқан Фархат-Шырын қойылымы Ал­матыда сахналанған кезінде Ха­диша Бөкеева Мехменбану рөлін сом­­даған екен. 

– Мен әйгілі сахна саңлағы, профессор Хадиша Бөкееваның шәкіртімін. Ұстазымның есімі бе­рілген қасиетті сахнада тұрып, ол кісінің аруағы алдында бас игім келеді. Қасиетті Ақ Жайық өңірінен түлеп ұшқан Хадиша апамыз сонау Санкт-Петербургте білім алып, қазақ өнерінің атын биікке көтерді. Біз бүгінгі пре­мьера­мызды сол кісінің рухына­ арнаймыз, – деді премьера соңы­нан сахнаға көтерілген қойы­лым режиссері Тұңғышбай Жаман­құлов.

Айта кету керек, маусымның алғашқы қойылымы аншлагпен өт­ті. Басты рөлдерде Ж.Жұбатов, Ж.Валиуллиев (Фархад), А.Саға­де­нова, А.Кайрова (Шырын), А.Амандықова, Н.Шадыева (Мех­­­­менбану), Қазақстанның ең­­­бек сіңірген қайраткері Е.Есен­до­сов, С.Түменов (Уәзір),­ Қа­зақ­­­стан­ның еңбек сіңір­ген­­ ­­қай­раткері Г.Шынтемір, Қа­зақ­стан­ның Еңбек сіңірген қай­­раткері, «Дарын» мем­ле­кеттік сыйлығының иегері Ә.Мәм­бетова (Күтуші әйел) тағы­ бас­қалары өнер көрсеткен қойы­лымның рәсімдік, пластикалық ше­шімдеріне театр әртістері тү­гел қатысқан. Режиссермен бір­ге спектакльдің қоюшы сурет­ші­сі М.Мәмбетов, балетмейстері Қ.Қа­дырбекова, музыкамен көр­кем­деуші Е.Қажымов та үйле­сімді еңбек еткені көрінді.

Батыс Қазақстан облыстық қа­зақ драма театры соңғы жылдары үздік жетістіктерімен көрермен қауымды тәнті етіп жүр. Мәселен, Орал театры 2015 жылы Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» халықаралық антикалық өнер фестивалінің бас жүлдесін, 2016 жылы Македонияда өткен «Стоби-2016» антикалық драма­ театрлар фестивалінің Гран­при­ жүлдесін, былтыр күз­де Қа­зақстан Республикасы Мем­ле­кеттік сыйлығының лауреа­ты, халықаралық «Алаш» әдеби және тәуелсіз «Платиналы Тар­лан» сыйлығының иеге­рі Иран­ғайыптың шығармашы­лығына арналған «Мәңгілік елдің Алтын адамы» атты республикалық теа­тр­лар фестивалінің бас жүл­десін жеңіп алған болатын. Жа­қын күндері театр ұжымы арнайы шақырумен Македонияға антикалық драма театрлар фес­тиваліне тағы аттанбақ. 

– Біз бұл жолы халықаралық өнер бәйгесіне Хайнер Мюл­лердің «Филоктет» қойылымын және Жан Ануйдің «Медея» монодрамасын апара жатырмыз. Екі спектакльді де сахналаған – Ш.Айтматов атындағы Халық­аралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, – дейді театр директоры Қуаныш Амандықов. 

Жоғарыда аталған үш қойы­лымнан бөлек, мұнда тағы екі спектакльдің дайындығы қызу жүріп жатыр. Олар режиссер Са­мал Әбуов дайындап жатқан «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы мен Мұқан Томановтың режиссерлігімен қойылатын жер­гілікті жазушы Мұнайдар Балмолданың драматургия жа­нрын­­­дағы тырнақалдысы – «Он ­төрт» драмасы. 

Әрине театр ұжымы үшін әрбір жаңа дүниені сахналап шы­ғару қаншама күш-қуат, қар­­­жы мен уақыт талап ететін күр­делі процесс қой. Қуаныш Сай­лауұлынан бір мезгілде 5 премьера дайындап отырған Орал театры табысының сырын сұрадық.

– Біздің театрда актерлер мен режиссерлер арасында ішкі өнер жарысы, шығармашылық бәсекелестік қалыптасқан, – дейді өзі де талантты актер, танымал ақын Қуаныш Амандықов. – Осын­дай творчестволық аура қалыптасқан соң жұмыс та өз­дігінен алға баса береді. Әдетте өз­ге театрларда бір қойылымға бүкіл ұжым, яғни 40-45 актер кіріседі. Сосын рөлге таласады. «Анау шыға береді, мынау қалып қоя береді» деген интрига басталады. Бір-бірін аяқтан шалу кездеседі. Ал бізде ондай мүлдем жоқ. Бізде мысалы Самал Әбуов бір спектакль қойғысы келсе, өзіне керекті әртістерді, өзі тіл табысатын адамдарды жанына үйіреді. Екінші топ та, үшінші топ та солай. Сөйтіп олардың арасын­да жарыс, шығармашылық бәсеке басталады. Олар қалайда сахна­да өзін көрсетуге күш салады. Актердің жүктемесі кө­бейе­ді. Сондықтан олардың бос­ әң­гімеге уақыты да болмай­ды. Со­ның арқасында бізде спек­такльдер бірінен кейін бірі сах­наға шығып жатыр. Және бұл қойылымдардың әрқайсысынан нә­тиже бар. 

Біз бас режиссер деген лауазымнан бас тарттық. Байқасаңыз, бүгінде Еуропада да, Ресейде де осы үрдіс. Бас режиссер кімге бас болады?! Мысалы, мен директор ретінде осы театрдың ша­руашылық жағын реттеуші менеджер ғанамын. Көркемдік жетекшіміз бар. Театрда адам өнер көруі керек. Ашық-ша­шық, жеңіл дүниелерге қы­зық­паймыз. Әр спектакльдің біз­дің репертуарымызға не үшін, қандай мақсатпен алынып жат­қанын, не беретінін талқылап аламыз. Осылайша біздің театр­да қаптаған бастық жоқ. Мен өз шаруаммен шауып жүремін. Өзім актер болғандықтан арасында сахнаға да шығып жатамын. Директордың бір орынбасары көрермен жинау, жарнама мәселелерімен айналысады. Актер творчестволық тұлға болғандықтан, оның көңілін алаң қылатын артық жүк болмау керек. «Қамыттан шығып кеткен» актер сахнаға беттей алмай қалады. Жылына он спектакль емес, бір-екі қойылымды әрең қоятын ұжымдар бар. Ұжым клан-кланға бөлініп, алға басып жарысуға емес, артқа тартып шалысуға кетеді, – дейді директор Қуаныш Амандықов. 

Театр басшысы ұжымның жоғарыдағыдай жетістіктеріне жетуіне облыс және сала басшы­ларының ерекше қолдауы да әсер еткенін айтады. Өйткені ха­­­лық­аралық гастрольге шығып, ше­телдік фестивальдарға қатысу үлкен қаржыны талап етеді. Бұл мәселені көбіне облыстың бі­рінші басшысы ғана шеше алады. Құдайға шүкір, Батыс Қазақстан облыстық театры жыл сайын шетелдік сайыстарға қатысып, тәжірибесін шыңдап келеді. Жа­қында ғана өңір басшысы Алтай Көлгіновтің қол­да­уымен театр ұжы­мы су жаңа екі көлікке ие болған. 

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қазанның 28-30-ы аралығында Жастар театрын­­да өз репертуарымыздағы «Троя арулары», «Махамбет», «Жә­мила», «Қысқа ғұмыр» қо­йы­лымдарын алматылық тал­ғам­паз көрерменнің назарына­ ұсынбақшы. Байқап отыр­ғаны­мыздай, қайнаған тірлік жү­ріп жа­тыр. Театр басшысы Қуа­ныш Сайлауұлымен арадағы осы әңгімеміз де көлденең қоңы­рау мен театрдың тынымсыз тірлігі арасында сан бөлініп, сан жал­ғанғанын айта кетейік.  

 Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

 Орал