Шараға Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалы драма театрының директоры Айболат Сексенбаев, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының басшысы Еркін Қасенов және Жастар театрының жетекшісі Ернар Жұматаев қатысты. Театр басшылары жаңа маусымдағы жоспарларымен бөлісіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалы драма театрының директоры Айболат Сексембаев алдағы уақытта жас драматургтермен, жас режиссерлермен жұмыс істемек жоспарлары бар екенін жеткізді. «Бүгінгі жиын барысын пайдалана отырып, жас драматургтермен жұмыс істеу ниетіміз бар екенін айтқым келеді. Әсіресе комедия жанрында ізденіп жүрген жас драматургтер болса, шығармаларымен танысуға, талқылауға ниеттіміз», деді. Ол сондай-ақ бүгінгі заманның келбетін дәл бейнелейтін шығармаларға да театр тарапынан сұраныстың бар екенін айтты.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалы драма театры жаңа маусымын 26 қазан күні М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашады. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. «Абай» трагедиясында Абайдың ағалық жастағы рөлін Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдаса, жас Абайды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов ойнайды. «Биылғы жылдың жоспарында қызықты, тартымды спектакльдер мол болмақ. Көрермендеріміз Шәмші бейнесімен қауышатын болады. Оралхан Бөкейдің шығармаларын сахнаға шығаруды жоспарлап отырмыз. Республикалық фестивальдарға, шетелдерде өтетін әлемдік деңгейдегі өнер бәйгелеріне қатысу да жоспарымызда бар», деді театр директоры А.Сексенбаев. Ол өткен жылдың біршама жетістіктерімен де таныстырып өтті. Оның ішінде театр әртістерінің түрлі атақ-марапаттарды иеленуі, театр спектакльдерінің фестивальдарда мамандар тарапынан жоғары бағалануы әңгіме арқауына айналды.
Жиын барысында М.Горький атындағы орыс драма театры 117-ші театр маусымын бүгін, яғни 25 қазан күні А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» премьералық қойылымымен ашатыны белгілі болды. Сондай-ақ театрдың жаңа маусымы елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына арналмақ. Осы уақытта ұжым Ф.Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар», А.Экзюперидің «Кішкентай ханзада» туындыларының жаңа қойылымын сахналауды жоспарлап отыр.
Ал Жастар театрының құрылғанына биыл он жыл болады. Сондай-ақ оның көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай 70 жасқа келді. Осыған орай 25 қазан мен 1 қараша күндері аралығында «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты Жастар театрының үздік музыкалық қойылымдар фестивалі өтпек. Театр басшысы фестиваль аясында актер шеберлігі, сахна қозғалысы, сахна тілі және вокал бағыты бойынша актерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған шеберлік сабақтар өтетінін мәлімдеді.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»