Никто не вечен в мире, все уйдет, но вечно имя доброе живет.
Сагди.
_____
![291011-9](http://old.egemen.kz/2011img/291011-9.jpg)
Бар өнердің анасы әдебиет – өркениеттің лүп-лүп соққан жүрегі. Сол жүрекке шуақ пен қуат сыйлайтын жанкештілер – жазушылар. Ешкім жазушы болып қалыптаспайды, талант болып туады. Талант – Алла тағаладан келген аманат.
Аманаттың ауыр жүгін қабырғасы қайыспай көтерген қайсар талант қазақта мүлдем жоқ та емес, аса көп те емес. Солардың бірі – Тұрсынхан Әбдірахманова – Қазақстанның халық жазушысы, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Ел берген абыз ана, аңыз ана дейтін атағы тағы бар. Осынша атаққа жету, оны абыроймен алып жүру оңай ма? Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу қиын. Оған қоса Алла тағаладан келген аманат – талант болса сол киенің қасиетін жоғалтпай, қадіріне жету – елдің бәрінің маңдайына жазылмаған бақ. Тұрсынхан анамыз басына сондай бақ қонған бақытты қаламгер еді.
Бір қарағанда, армансыз адам сияқты болып көрінетін Тұрсынхан Әбдірахманованың сырт көзге алдырмаған сыры да, шырғалаңы көп өмірінің «жыры» да көп. Соның бір дәлелі тәрізді:
Нөсерді көргем,
Аязды, долы боранды.
Сан рет жаным
Дүлей дауылға оранды, – деп келетін жыр жолдарымен-ақ ақын өз өмірінің жеңіл болмағанын анық айтып тұрған жоқ па? Алла мен адамзат арасындағы алтын көпір – таланттың тағдыры тіптен қиын.
НЕ ДЕГЕН ТҮГЕСІЛМЕС ТӨЗІМ ЕДІҢ
Өткен ғасырдың жиырма бірінші жылының жаймашуақ күзінде кенші Әбдірахманның шаңырағын шаттыққа бөлеп, жас нәресте өмірге келді. Ол әйгілі ақын Тұрсынхан Әбдірахманова еді.
Сол Тұрсынхан буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып қатыгез тағдырдың талай тауқыметін тартты. Ауыр тұрмыс, дәрігерлік көмектің дәрменсіздігі отбасындағы он үш баланың онын о дүниеге алып кетті. Ата-анасынан алты жасында айырылған болашақ ақын ана сүтінің дәмі аузынан кетпей жатып Голощекиннің «Кіші октябрі» әкелген нәубетті де көрді. Сәби Тұрсынханның көз алдынан өткен суреттер де бірінен бірі өткен сұрықсыз.
1939 жылы Бөке кенішінде орталау мектепті бітірген Тұрсынхан жаяу-жалпы Аягөзге келіп училищеге түскенде тағы бір қиындыққа тап болады. 1940 жылы екінші курс басталғанда азық-түлік қымбаттайды. Сол аздай-ақ КСРО Министрлер Кеңесінің В.М.Молотов қол қойған қаулысы жарияланып, оқу ақылы болады да, 275 сом төлеуді талап етеді. Білім алуға құштар Тұрсынхан қажетті қаржы табылмаған соң көз жасын көл қылып, Бөкеге қайтып келеді.
Тұрсынхан бірде Семей облыстық «Екпінді» газетінен Семейде бастауыш мектеп мұғалімдерін әзірлейтін қысқа мерзімді курс ашылғанын оқиды да, айтсам аға-жеңгем алыс сапарға жібермей қоя ма деген оймен таң атпай жолға шығады. Жүргіншілерге ілесе Семейге жетіп, үш айлық курсты бітірген Тұрсынхан Абай ауданындағы Қызылтас орталау мектебіне физрук болып орналасады. Соғыс уақыты болғандықтан қаршадай қызға «Военное дело» деп аталатын соғыс ісі сабағын қоса жүргізу жүктеледі. 1943 жылы Тұрсынханға аудан орталығынан алыстағы колхоздарға барып митинг өткізу жүктелген екен. Желтоқсан айының қысқа, суық күнінде күтімсіз, арық атпен жолға шыққан қарғадай қызды аш қасқырлар қоршап, әупіріммен бір ажалдан аман қалады. Аңыз басында қанша қамшыласа да жүрмей қойған арық өгізге ыза болып жылаған, тірі қойды алдына салып өңгеріп, қырық шақырым қашықтықтан салт атпен әупірімдеп әкелген, жылы киімге зарыққан, тамақтан тарыққан тәрізді талай тауқіметті де бастан кешті Тұрсынхан... Соншама қиындыққа қалай төзгенсің, жан ана?! Сан сынақта майысса да сынбаған, қиналса да сыр бермеген неткен қайсарлық бұл?! Не деген түгесілмес төзім едің?
АҚЫН ЕҢ, АҒЫЛ-ТЕГІЛ СЕЗІМ ЕҢ
Бұл оқиға 1943 жылдың жазында болып еді. Еліміз хакім Абайдың туғанына жүз жыл толуын атап өтуге дайындалып жатты. Осыған орай тойға әзірлік жұмыстарымен танысу үшін Абай ауданына Мұхтар Әуезов келді. Жанында Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмайлов, Қайым Мұхаметханов бар. Арада екі күн өткенде Жүсіпбек Елебеков бастаған әншілер де жетті. Алматыдан келген мәртебелі меймандарды қарсы алып, күтіп жүрген топтың ішінде сол кезде Абай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Әбдірахманова да бар еді. Аудан орталығындағы алғашқы концерттен соң берілген кешкі қонақасы кезінде Жүсіпбек сол жылы майдан шебінде болып, Рамазан Елебаевтың өзінен үйреніп қайтқан «Жас қазақ» әнін екі рет айтқанда Тұрсынхан қағып алып, үшінші рет қайталағанда әйгілі әншіге ілесе айтып шығады. Сол кездегі «Социалистік Қазақстан» бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 28 қазандағы санында жарияланған Мұхтар Әуезовтің Абай ауданына барған сапары жайлы «Ақынның ауылында» атты очеркінде: «Аудан жастарының ұйытқысы өзі әсем әнші Тұрсынхан қарындас...» деген жолдар бар.
Жаратқан ием Тұрсынханға жомарттықпен сыйлаған дарын, қабілеттің бірі – тас бұлақтың суындай сыңғырлаған табиғи таза дауыс.
Жаңғыртып жеті жаста жердің үстін,
Ән қостым дауысына ұшқан құстың, – деп жырлаған Тұрсынханның ғажайып әншілік талантын ең алғашқы болып таныған суреткер Мұхтар Әуезов еді. Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Рахия Қойшыбаева, т.б. әйгілі әншілермен өнер жарыстырып, өмір бойы ән салған, елу шақты әні радионың алтын қорына жазылған Тұрсынханның әншілік талантын Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков сынды саңлақтар да аса жоғары бағалады. Өз сөзімен айтсақ, «1954 жылдың күзінде конкурстан өтіп, өзінен 10-12 жас кіші балалармен қатар ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөлімінің студенті болып партаға отырған» Тұрсынхан Әбдірахманқызының ғылымдағы алғашқы қадамын қолдап, аспирантына «Ілияс Жансүгіровтің лирикасы» деген тақырыпты ұсынып, ғылыми жетекші болған тағы да Мұхтар Әуезов болатын. Сексеннен асқан шағында да әннің әрін, сөздің нәрін келтіріп, шабыттана шырқағанда тот баспаған талантқа талғампаз тыңдаушылардың да тәнті болғанын өз көзімізбен көрдік. Дауылпаз ақын Аманжолов жайлы «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» деген тақырыпта қорғаған докторлық диссертациясы жеке кітап болып жарық көргенде небір ғұламалардың: «Тұрсынхан нағыз ғалым» деген мадақ сөздерін де өз құлағымызбен естідік. Әнші болып танылып, ғалым болып мойындалған Тұрсынханның бүйрегі өнер алды – өлеңге көбірек бұрып тұрушы еді. Сөз патшасы – поэзия жайлы ақын:
Жететін құлағыңа күндік жерден,
Менсінбей ән төресін Алла берген.
Өнердің алды – қызыл тіл деп ұғып,
Сиқырлы сұлу сөздің соңына ергем, – деп жан сырын жайып салды.
Жыр жазса жүрегіңді «суыратын» Тұрсынхан Әбдірахманова ертеректе жазған «Арнау» атты өлеңінде:
Демеймін түнді қуған күндізіңмін,
Демеймін жалғыз жанған
жұлдызыңмын.
Болса егер елім биік, өзім биік,
Деп жүрген ортаңдағы бір қызыңмын, – депті. Ақын өмірде кішіпейіл, өлеңде өр, ақындықта асқақ еді. Адам жанының нәзік иірімдерін тап басып тамаша бейнелеу де Тұрсынхан талантына тән қасиет.
Ақынның азаматтық үні де айқын.
Сөйле, қалам!
Қауырсын қанат майыспа.
Ағыңнан жарыл,
Ақтарып шынды, сайыста!
Босат тізгінін,
Арғымақ ойды тежеме,
Арындап жетсін,
Мұң-нала айтар межеге.
Сөйле, қалам!
Ақ көңіл қазақ арманын.
Аңқылдап жүріп
От басып білсін қалғанын.
Сөйле, қалам!
Ауылдың жайын, халықтың
Қыспағындағы
Қиыны үшін нарықтық.
Сенгені сонау
Енді жерінен айрылса,
Ойыншық болар
Дегені бүгін тарықтым.–
деп сөз бастаған ақын:
Өз жерімде неге болам құрамдас,
Өз төріне ез ғана еркін шыға алмас,
Ертең киер құл қамыттан тартып бой
Намыс қуып өлгенің мың артық қой, – деп ескертеді.
Тұрсынхан адамның жан дүниесін жарқыратып ашатын лирик қана емес, оқиғасы қою, кейіпкерлер қатары мол поэмалар да жазған эпик ақын. Бұған ақынның «1932», «Елім-ай», «Елтұтқа» атты көлемді де көркем поэмалары айқын айғақ. Ол «Төребек ханым» атты аңызға құрылған үш актілі опера либреттасының да авторы. «Ешкіөлмес», «Бауырсақ исі» т.б. балладалары мен толымды ойлар толғаған «Дала қызы», «Бір үзім нан», «Мұң мен нала» т.б. толғаулары мен «Құла бие», «Назым нәркес», «Есіңде ме?» атты әңгімелері бір төбе.
Тұрсынхан Әбдірахманова қай жанрға қалам тартса да ақық тілмен жазатын, ақ жарма сезімі сел боп құйылатын ақберен ақын.
САН ОЙЛАР САНСЫРАТЫП КӨЗ ІЛМЕДІҢ
Ұлының ұлық сөзі қалам ұшына оралып тұр: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Рас қой. «Туған күні болатын, өлген күні болмайтын» қаламгердің бірі – Тұрсынхан Әбдірахманованың еңбексіз, ойсыз өткен бір күні болмағанына ақын жазған, ақынға жазылған хаттар да айқын айғақ бола алады. Хаттарда да тарих бар. Герценнің: «Письмо больше чем воспоминания» дейтіні содан болса керек.
Ақын архивіндегі аса қымбат қазынаның бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың хаты: «Құрметті Тұрсынхан Әбдірахманқызы! Сіздің мен туралы жазған поэмаңызды «Қазақ әдебиеті» бетінен оқыдым. Менің өмір жолыма үңіліп, зерттеп, өлеңмен өнерлеп айтқаныңызға көп рахметімді айтқым келеді.
Шынымды айтсам, мадақ пен теңеулерге қарсымын. Мен қазақтың бірімін. Тағдыр мен халқым қиын-қыстау кезеңде осындай жауапты істі маған тапсырды. Сол тапсырманы адал орындап, халықтың ойынан шықсам – арманым сол.
Әрине, бұл қызмет оңай емес. Күндіз күлдірмейді, түнде ұйықтатпайды. Барлық шешім маған келіп тіреледі. Бар ауырлық та, жалғыздық та, міне, осында.
Сондықтан түсінгендігіңіз үшін ризамын. Аман-сау болыңыз. Ұзақ ғұмыр, көп табыстар тілеймін. Н.Назарбаев, ІІ/ІІІ 2003ж.».
Елбасының айтары анық, бояуы қанық хаты ақын қаламына қанат бітіргені хақ. Әйтсе де, өмір күнде қуаныш сыйлай бермейді ғой. Перзент сүймеген, ері о дүниелік болған жалғызбасты адамның арманы аз, мұңы жоқ дей аласыз ба? Өз сөзімен айтсақ: «Бір үрім-бұтақтан бір өзі ғана қалған, жанашыр мұрагері жоқ адам... өмірінің артын қалай түйіндерін білмей бас қатырып жүрген» еді. Тұрсынхан «кем-кетікке қайырыла жүрер кісілік парасатын өз көзімен көріп, өз басынан өткерген» ақылман азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедке жазған хатында санасын сансыратқан сан ойларын айтып, інісінен ақыл сұрапты. Ал, Мұқаң Тұрсынханға жазған жауап хатында: «Қара орман халқыңыз, қаптаған оқырмандарыңыз, ізбасар інілеріңіз бен бауырмал туыстарыңыз бар сіз қалай жалғыз боласыз. Сондықтан жалғыздық туралы әңгімеге көп орала бермеңіз. Мұндай жанды жегідей жейтін ойдың творчествоға ғана емес, денсаулыққа да тигізетін әсері аз болмайды. Сондықтан жиі-жиі елге шығып, оқырмандар арасына барып, кездесулер өткізіп, серпіліп, сілкініп тұрғаныңыз жөн. Ардақты апа! Мәңгілік өмір ешкімнің маңдайына жазылмаған ғой. Ерте ме, кеш пе бәріміздің баратын жеріміз сол жақ емес пе? Тағдырдың жазуы болған күнде де артыңызда бір қауым ел, жанашыр бауырларыңыз аз емес қой. Жалғыз апамызды дұрыстап жөнелте алмайтындай бәріміз боркемік болып кетпеген шығармыз... Сондықтан бұл мәселеге алаңдағаныңызды қойыңыз» депті.
Осы хатты алысымен Тұрсынхан анамыздың бұлт басқан көңілі жаймашуақ жаздай жадырап Мұхтар Абырарұлына:
Ұшырып бұлтты басымнан,
Ысырып ойдың ауырын,
Жадыраттың жанымды,
Жаны ізгі жайсаң бауырым, – деп «Алғыс» деген атпен жеті шумақ жыр жазғанына да куә болғанбыз. Сөзіне ісі, ісіне сөзі сай ақиық азамат Мұхтар Тұрсынхан Әбдірахманова қайтыс болғанда да, кейін мен ақын анамыз жайлы «Сырлы әлем» атты деректі кітап шығарғанымда да барлық істің басы-қасында болып, моральдық та, қаржылай да көмек көрсетті.
ЖАНЫ ЖҰМБАҚ БІР ӘЛЕМ ӨЗІҢ ЕДІҢ
Адам жаны әлемнен де күрделі. Оның жан дүниесі шешуі қиын жұмбақ. Әлемнен де күрделі адам жанының құпиясын ашатын көп кілттің бірі – күнделік десек, жиырмасыншы ғасырдың 87-ші жылғы 21 желтоқсанымен таңбаланған күнделіктен: «Бүгін көптен үндемей жүрген Зұлфияға сыртында екі әдемі құсы бар открыткаға былай деп жазып, құттықтау жібердім.
Зұлфия!
Біз екеуміз мына екі құстай
Екі елдің екі қызы едік.
Жұп жазбай тату жүрген біз едік.
Мынау жаңа, 1988 жылда
Ғаббас ака екеуміз сізге
Зор денсаулық, мол бақыт,
Талмас қанат тіледік.
«Абай атындағы театрда (опера) Сапарғали Бегалиннің 100-ге толған күні аталып өтті. Бірде-бір бастық келген жоқ. Мұндайды кім көрген. Бастықтар әбден... Өзі жоқтың көзі жоқ, не қылсын» деп күйініпті 4.08.1995 жылы күнделігінде ақын ана.
16.05.2000 жылғы жазбада: «Тылсым үй. Тұнжыр күй. Еш нәрсе назар аудармайды. Тек көңіл тоқтағаны «Атамұрада» шығайын деп жатқан «Қазағым – қайда барсам танытқаным» деген кітабым осы жұманың аяғында тиражы берілетін болып басылып жатқан көрінеді».
27.09.2002жыл. «Соңғы күндері біршама көңілім тәуір. Құдай кезіктірген шығар, бір адамгершілігі мол азамат – Сәбит Досановтың ой қосуымен бірталай жұмыстар істедім...»
Тұрсынхан Әбдірахманованың күнделігі шерткен көп сырдың аз ғана бір бөлігі бұл. Ол кісімен аралас-құралас бола жүріп көңіліме бір түйгенім Тұрсынхан анам сырты нұрлы, іші сырлы өзгеше бір әлем еді. Мінезі де өзінің қиын тағдырындай өте күрделі болатын. Бірде тәтті, бірде қатты, бірде дана, бірде бала дегендей, жан дүниесін де бірден ұғу қиын еді. Не нәрсені де сыртыңнан сыбырламай бетке айтатын, қажетті жерінде басшыға да, қосшыға да қайқайып тұрып батыл айтатын батырлығы да бар еді. Ақындық деген – мінез ғой. Соның бәрі оның өлеңдерінде ғана емес, күнделік беттерінде де өріліп тұр. Өлең мен күнделікке сыймаған тұп-тұнық сезім мен тұңғиық ойлар қаншама десеңші!
Тұрсынхан Әбдірахманованың 80 жасқа толған мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Ақын анамызды Тұманбай Молдағалиев, Нұрғожа Оразов, Сәкен Иманасов, Серік Тұрғынбеков, Тұрсынай Оразбаева, Мыңбай Рәшев, Қанипа Бұғыбаева, Баян Бекетова, Маржан Ершуова, Марфуға Бектемірова, т.б. талантты ақындар асқақтата жырлады. Әйтсе де, сол жақсы жырлардың бәрі жиналып келіп, оның жаны жұмбақ әлемін жарқыратып аша алған жоқ. Ол мүмкін де емес еді. Өйткені, жаны жұмбақ бір әлем өзің едің, жан анам!
Сәбит ДОСАНОВ.