Қазақстан • 25 Қазан, 2017

Түлектерімен мерейленетін мектеп

837 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізді әлемдік өркениет төріне шығаратын бірден-бір дара жол – білім жүйесі. 

Түлектерімен мерейленетін мектеп

Алматыдағы Алатаудың етегінде орналасқан білім ордасы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының құрылып, Қазақстанның әр түкпірінен жиналатын оқушыларға жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқанына биыл 60 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде білім ордасы қазақ деген ұлтымыздың қаймағын дайындап шығаратын қасиетті қара шаңыраққа айналды. Мен өмірімнің 57 жылын мектеп оқу­шыларына арнадым. Мектебім қуа­нышым, бақытым, мақтанышым болды. Осы мектепте 40 жыл бойы тарих, адам жә­не қоғам пәндерінен сабақ бердім.

Бұл мектеп алғаш­қы­да Ы.Алтынсарин атын­да­ғы педагогикалық ғылы­ми зерт­­­­теу институтының тә­жі­­рибе жүргізетін мектебі бол­ған­дықтан, мұғалімдеріміз ғылыми жұмыстарға белсене аралас­ты. Жаңа оқу құрал­дары, әдістемелік құрал­дар сабақ­тарда тәжірибеден өткізіл­ді.­ Республикалық семинарға келген мұға­лімдер үшін ашық сабақтар өткізіп, са­бақ­тың ғы­лыми-тәрбиелік мәнін оқу­шы­­лар­дың санасына жеткізудің әдіс-тәсілдерін көрсеттік. Кейде те­ле­­­арналардан сабақ беруді дағдыға айналдырдық, оқу диафильмдерін жасадық. 

Республикалық олимпиадаға, тест сұрақ­тарына күні-түні оқу­­­шылармен бірге дайын­дал­­дық, оқушылардың жетіс­тігіне бірге қуандық. Данышпан Абай­дың әрбір ұлағатты сөзін басшы­лыққа ала отырып, әр баланы өзіне өзі есеп беруге, өзінің қатесін өзі жөндеуге тәрбиеледік. Оқушылар мектептен тек білім ғана емес, үлкен тәрбие алды, төсек-орындарын дұрыс жинауға, жи­нақы, таза жүруге, өздігімен ізденуге, ең­бекке үйренді.

 Балалардың шығармашылық қабілет­терін дамыту үшін жеке шығармашылық кештерін, есеп­терін өткізуге мүмкіндік жа­са­дық. Қазіргі жаңартылған оқу­ бағ­дарламасында алған бі­­лім­ді өмірге жарату, пай­да­­лану деген қағида бұл мектепте ер­те кезден басталды. Республикалық олим­пиада, ғылыми жобалар, басқа да кон­курстарға қатысатын оқушылар үшін түс­тен кейін қалып, үнемі терең білім беруді мақсат еттік. Тәрбиешілермен ты­ғыз байланыста, оқушылардың жеке қабілеттерін ескере отырып, олар­дың шығармашылығына даңғыл жол ашуға тырыстық, тұлға ретінде қалыптасуына күш салдық. Өмірде қандай қиындықтар болса, соны жеңуге үйреттік. Сондай-ақ есімі елге белгілі тұлғалармен, жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлдік. Өйткені осындай кездесулердің оқушы­ларға берер әсері, тағылымы мол болатын. 

Ертеректе өткен осындай бір кездесуде Халық қаһарманы, марқұм Әзір­байжан Мәмбетов «Сіздердің мек­тептеріңіз зиялы қауымның шоғырын да­йын­дап жатқанына көзім жетті», деген еді. Расында да солай. 

Дүниежүзі қазақтары қа­уым­­дастығы төр­аға­сының бірінші орынбасары бол­ған қайрат­кер Талғат Мамашев, Пре­зи­дент­тің баспасөз хатшысы Айдос Үкі­бай, Қазақстанның еңбек сіңір­ген өнер қай­раткері Кеңес Дүйсекеев, ҰҚК генерал-лейтенанты Әділ Шаяхметов, Қор­ғаныс министрлігі Бас шта­бының бастығы болған марқұм Мәлік Сапаров, педагогика ғы­лымдарының докторы, профессор, академик Қайрат Адамбеков, ТМД Үйлестіру кеңе­сінің қазақ­стандық өкілі, генерал-майор Елемес Жаңа­бергенов, Парламент Мә­жілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ бас­қар­ма төрағасы әрі Халық­ара­­лық Түркі ака­де­мия­сы­ның­­ президенті Дар­хан Қы­дыр­­әлі, Президент Әкім­ші­лі­гі Ішкі саясат бөлімі мең­ге­­ру­шісінің орынбасары Нұр­лан Оқаұлы, Жапонияның Сен­дай қаласындағы Тохоку универ­ситетінің профессоры Нұрбосын Жанпейісов, Орталық Азия аймақтық кеңесі және бі­лім беру ор­талығының директоры­ Айна Ер­мекбаева, жазушы Бекен Нұрахметов, айтыскер ақындар Серік Қалиев, Дәу­леткерей Кәпұлы, ақын Танакөз Ілия­со­ва осы мектептің түлектері.

Бұл ті­зім­ді еліміздің бұқаралық ақ­парат құрал­дарында қызмет етіп жүрген журналистер шо­ғырымен жалғастыруға болады. Құқық қорғау, экономика және бизнес саласында табысты жұмыс істеп жүргендері қаншама. Бәрін бір мақалаға енгізу мүмкін емес. Сондықтан мен осындай азаматтарды тәрбиелеген мектепті басқарған басшылар жөнінде де бір-екі ауыз айтқым келіп отыр. 


Директор – мектептің миы,­ ұжымның ақылшысы, туын­даған проблеманы дер кезінде шешетін, ұжымды ұйыстыра ала­тын қабілетті ұйымдастырушы. Бі­лімі ұшан-теңіз, мәдениеті жағынан қа­ра­мағындағылардан биік тұратын, қыз­меткерлердің іскерлігін танитын, тіпті мектеп оқушыларының қабілетін, мінез-құлқын, олардың ата-анасын, тұрмысын жетік біле­тін директор – мектептің бақы­ты. Осындай директорлар­ біздің мек­тепте жұмыс істе­ді, мектептің абыройын­ асырды. Солардың қатарында Қапан Қа­дыржановты, Се­раж Әмірхановты, Тұрсын Мешіт­баевты, Мақсұт Оразайды ай­рық­ша атап айтуға болады. Кейінгі Жанас Салпынов, Мұх­тар Ибраимов, қазіргі директоры Роза Сексенова да мектеп-ин­тернаттың жанын жақсы тү­сінген, оның отымен кіріп, кү­лімен шығуға әзір, қабілетті ұйымдастырушы, білікті бас­шылардың қатарынан деп біле­мін. 

Сан түлекті өмір өлкесіне сам­ғат­қан алтын ұямызда көп­теген білімді де тә­жіри­белі мұға­лімдер, ұлағатты ұстаз­дар еңбек етті. Солардың да бірнешеуін атап кетейін. Қазақстанның ең­­бек сіңірген қызметкері, ке­зін­де сабақ берудің 17 әдісін рес­­пуб­лика мұғалімдеріне үй­рет­кен, қазақ тілі пәнінің мектептегі «пірі» болған шебер ұстаз Аршагүл Пралиева, КСРО халық ағарту ісінің үз­дігі Нағима Бекмағамбетова, «Ленин» орденінің иегері Ве­нера Қуанышбаева, Білім беру ісі­­нің үздік қызметкері, суретші Сапа Ысқақов, математиканы шемішкедей шақтыратын Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Сара Жақсымбетова, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жа­зушы, журналист әрі ұстаз Үмбетбай Уайдин, білім беру ісінің үздігі Ләззат Аупбаева сынды майталмандар оқушы­ларға білім ғана емес, өмірлік тәлім-тәжірибелерін де үйрет­ті. Мысалы, Ү.Уайдин са­бақ­­ берген кездегі мек­теп түлек­терінің кө­бі журналистика фа­культетіне түсіп, бүгінде елі­міздің маңдайалды ақпарат құ­ралдарында қызмет атқарып жүр. Ал ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зи­диумының «Құрмет грамотасымен» марапатталған му­зыка пәнінің мұғалімі Ға­лия Мұсаеваның тәлімін ал­ған Тоқтар Серік, Ақбота Ке­рімбекова, Тамара Асар, Бейбіт Қор­ған сынды оқушылар бү­гінгі қазақ эстрадасының шоғырын толықтырды. 

Ардагер ұстаздардың тә­лім-тәрбие­сін көрген қазіргі мұ­ғалімдердің нәти­желелері де көңіл қуантарлық. Соңғы бес жылда республикалық ғы­лыми жобалар жарысынан қо­рытынды есепте мектебіміз «Үздік команда» атағын иеленсе, республикалық пәндік олим­пиадалардан «Ең үздік олим­пиадалық мектеп» ата­ғын бес жыл қата­рынан же­ңіп алды. Республикалық Абай-Шәкәрім, Махамбет, Мұқағали, Ілияс оқуларының «Ғұмырдария» рес­пуб­­ликалық байқауларының жүлделі орын­дары да осы мектептің дарынды оқушыларының үлесінде десек, артық айтпағанымыз. 

Мектебіміздің осындай үз­дік нәтиже­лер­ге қол жеткізіп, бі­лім биігінен көрінуін біздер, ар­дагер-ұстаздар әрдайым мақ­тан етеміз. Алдағы кезеңде де қазақтың өне­гелі ұл-қыздарын тәрбиелеп, елімізге аян­бай қыз­мет қылатын нағыз ұлт­жанды аза­маттарды үлкен өмірге қанат қақтыра бе­руіне тілектеспіз және солай болатынына сенеміз. 

 

 

Орынша

ҚАРАБАЛИНА-ҚАЗЫБАЕВА, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері