Қазақстан • 25 Қазан, 2017

Мұғалім бағаны: Әлемдік тәжірибелердің тиімді тұстары көп

1000 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына қолайлы жағдайлар жасау, сабақты нақты тәжірибелермен ұштастыру арқылы алған білімін бекіту, сондай-ақ мұғалімдердің білімін ұдайы жетілдіру, жаңа оқу-әдістемелермен қарулануын қамтамасыз ету оқу ісінде аса маңызды.

Мұғалім бағаны: Әлемдік тәжірибелердің тиімді тұстары көп

Бұл орайда, мектеп директорлары бі­лім беру саласындағы өз­ге­рістерді ццтабысты жүзеге асы­ру­­дағы негізгі буын болып та­­былатындықтан, мұғалім­дер­дің жұмысының тиімділігі көп жағдайда мектеп басшысына байланысты екендігі белгілі. Сонымен қатар басшы-көшбасшы мектептің дамуын басқарумен қатар, бақылауы тиіс. Мектепті бақылай отырып басқару – сенімсіздікті шек­­теп, тұрақтылықты нығай­тып, алауыздықты азайтып, бо­лашақты болжауға мүмкіндік бе­ретін жүйе құру деген сөз. Осы орайда біздің мектеп-ин­тер­наттың «Шың» атты педаго­гикалық қоғамдастығына, мұға­лімдер мен оқушыларға өзгеріс енгізу үдерістерін ойдағыдай атқарып шығуына басшы ре­тінде жағдай жасауға барынша ұмтылып жатқан жайымыз бар.

Ауызбірлігі жарасқан ұжым­­да республикамыздың түк­­пір-түк­пірінен білім іздеп кел­­ген ауыл балаларына жан-жақты білім мен тәрбие беруді басты мақсат етіп қойған ұстаз­дар қа­уымы еңбек етуде. Жаңар­тылған бағдарламамен оқып, жеке тұлғаға бағытталған сабақ­тар өткізіп жатқан мұғалімдер ұжымның 70 пайызын құрайды. 

Жаңа сабақтардан әлемдік тә­жі­рибенің тиімді тұстары көп­ екендігіне көз жеткізе бас­тадық. Атап айтсақ, сындар­лы оқыту теориясын мектеп тә­жі­рибесіне енгізудің бастамасы ретінде құрылған «Шың» желілік қоғамдастығын құру, тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлау, яғни орта мер­­зімді, қысқа мерзімді жос­пар­­лардың жасалуы, коучинг, тә­лімгерлік, Lesson Study үде­рі­сі, іс-әрекетті зерттеу,  ке­рі байланыс, бағалаудың жаңа формалары, мониторинг жасау сияқты жұмыстардың жа­ңа формалары нәтижесінде мұға­лімдер 7 модульді ықпал­дастыру арқы­лы орта мерзімді жоспарлау­ды үйреніп, қысқа мерзімді жос­парлауды сабақ­та қолдана ала­тын болды.

Са­бақ жоспары SMART тео­рия­сы бойынша шы­найы жа­салуда. Деңгейлік курстан өт­кен мұғалімдер бұл жос­пар­лардың тиімді жақтарын әріп­­тестеріне таныстырып, сол жерде топтық жұмыс жасайды. Бұл – жаңа сабақ жос­парын жасауда мұғалімдерге көп көмек әрі педагогикалық ұжым­дағы бірлескен жұмыс оң нәтижесін беруде. Соңында мұғалімдермен кері байланыс жасалады. Онда олар бұл әдіске өз көзқарастары мен ұсы­ныстарын білдіреді.

Оған қоса оқу үдерісін жетілдіру мақ­са­тында мұғалімдерге арналған коучинг сабақтары өткізіліп жатыр. Осы теориялық білімді тәжірибеде ұштастырып, ынта­лы топ мүшелері сабақтарын өт­­кізуде. Мұндай дәрістерге қа­­ты­сатын мұғалімдер кө­бейді. Себебі бұрын сабақ тал­дағанда тек мұғалімнің кем­шілігі ға­­на ай­тылатын. Яғни ын­тымақ­тас­тық істер нәтижесін бе­ре­тіндей мүмкіндік туды. Мә­се­лені бірге шешу арқылы әріп­­тестердің арасында кәсіби ын­­тымақтастықтың орныға бастағандығы байқалады. Ал оқушыларға келсек, олардың са­баққа деген көзқарастары, сындарлы ойлау дағдылары, оқу үлгерімі оң нәтижесін беріп жүр. Кері байланыстың өзі олар­ға өз ойларын ашық айтуға мүм­кіндік береді. Өлшемдерді бағалау арқылы өзара бағалау­ды, өзін-өзі бағалауды үйренді. 

Ал Lesson Study – тәжі­ри­белі мұғалімдермен қатар, жас мамандардың да кәсіби же­тілуіне көмектесетін әдістің бірі. Бұл методика да оң нәти­жесін бе­руде. Зерттелген сабақ­ты дәс­­түрлі жоспарланған сабақ­пен салыстыру нәтижесінде дәс­­түрлі сабақ барысында ес­ке­рілмеген жағдайларды аңға­рып, сабақ мұғалім тарапынан то­лықтырылып, түзетіліп, оқу­шының білімді сабақ барысында өздігінен алуға деген пайдасына шешіледі. Топ мүшелерімен са­бақты бірлесіп жоспарлау, талдау, жекелеген оқушыларды бақылау-бағалау арқылы оқы­ту бойын­ша бірлескен пі­кір қалып­таса­тындықтан, мұ­ғалімдер мен оқушылар тарапынан зерттеу са­бақтарына қызығушылық туып отыр.

Сондай-ақ елжанды болашақ азаматтарды тәрбиелеу жолында еңбек етіп келе жатқан біздің педагогикалық ұжым ішінде «Ы.Алтынсарин» ме­далінің ие­гер­лері, білім беру ісі­нің үз­­­дік­тері, білім беру ісінің құр­метті қызметкерлері, бірнеше оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік құралдардың авторлары, жаңа заманға сай көшбасшы мұғалімдер мен білім магистрлары, PhD докторлары бар. Мұғалімдердің мұн­дай мықты құрамының кө­мегімен жас мамандарға тә­лімгерлік жүргізу үдерісі жол­ға қойылған.

Оқушылардың са­бақ­қа деген қызығушылығы мен бел­сенділігін арттырудың қыры мен сырын жете мең­гер­ген ұстаз­дарымыз жыл са­­йын рес­пуб­ликалық дең­гей­­дегі курстар­да, ғылыми-прак­­­тикалық кон­­­ференция, семинарларда­ көптеген ашық сабақтар өт­кізіп, озат педагогтармен тәжі­рибе алмасып отырады. Мысалы, республикалық «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ пен біздің мектептің ұстаздары рес­публикамыздың түпкір-түп­кірінен келген курс тың­даушыларына ашық сабақтар, коучинг, тағы басқа қажетті тәрбиелік іс-шаралар өткізеді. Әдістемелік кітаптар шығарып, таратамыз.

Өнер мен білімнің ордасы болған Алматыдағы біздің мек­тепке әр аймақтан терең білім іздеп келген балаларға бар­лық мүмкіндіктер қарас­тырылған. Жазушылар ода­ғымен байланыстың нәти­же­сінде мектептің ақын оқу­шы­ларының балғын жыр­ларын, шы­ғармашылық жұмыс­та­рын жинақтап, бірнеше жыр жи­нақтарын шығардық.

Тәр­биеші ұстаздардың бір­лесе атқарған жұмыстары да ба­ла­ларымыздың ел мақта­ныш­тарынан үлгі алып, бола­шақ­тарын жан-жақты бағдар­лауларына ықпал етуде. Мы­салы, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының келі­ні, жазушы, этнограф Зейнеп Ахме­това, Қазақстанның халық әр­тісі, белгілі актер, режиссер Досхан Жолжақсынов, Олим­­пиада чемпионы Ерма­хан­ Ибраимовтармен өткен маз­мұнды кездесулер оқушы­лардың жадында ұзақ уақыт сақ­та­лары сөзсіз.

Мектебіміз қазақ тілі мен әде­­биетін тереңдете оқыта­тын­дықтан, жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журнали­стика факультетімен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінің және Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гоги­калық университетінің фило­логия факультеттерімен, Орта­лық Азия университеті филология институтымен­ шы­ғар­­­машылық байланысымыз бұ­рыннан жолға қойыл­ған. Соның нәтижесінде мұға­лім­деріміз өз саласы бойынша түрлі тақы­рыпта кәсіби білімдерін толық­тырып, білік­тіліктерін арт­ты­руда. 

Оқушыларымыз ғылыми жобалар жазуда жетекшілерімен бірлесе отырып ғалымдардан ке­ңес алады. Және тіл мен әде­биет бағытында ұйымдасты­рылған түрлі жарыстар мен жо­баларға қатысып, үлкен же­тіс­­тіктерге жетіп жүр.  Осы бас­­тамаларды жалғастыра отырып, педагогикалық қоғамдас­тық жұмысын жандандыру үшін биыл Алматы қаласы білім басқармасымен, «Білім-ин­новация» лицейлерімен қоян-қол­тық жұмыс істеп отырмыз.

 

 

Роза СЕКСЕНОВА,
Абай атындағы Республикалық 
мамандандырылған дарынды балаларға

арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете

оқытатын орта мектеп-интернат директоры

АЛМАТЫ