Менің психолог ретіндегі жұмыс өтілім де осы мерзіммен шамалас. Шынын айтқанда, ең алғаш рет осы жұмысқа келгенімде қатты қобалжыдым. Істі неден бастауым керек деген сұрақтар маза бермеді.
Уақыт өте келе психология әлеміне біртіндеп ене бастадым. Мамандықтың жаманы жоқ. Алайда, оның қай-қайсысына да бейімділік пен икемділік қажет екені белгілі. Психолог мамандығы – күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнер мен зор шеберлікті қажет ететін іс деген екен Жүсіпбек Аймауытов. Алаш зиялысының осы сөзін өзіме бағыт темірқазық етіп алдым деуге болады. Сөйтіп, психология әлеміне апарар соқпаққа түстім де, алға қарай батыл түрде адымдай бастадым.
Осы жолмен жүре отырып, көзімнің анық жеткені – жеке тұлғаның өмірге құштарлығының артуы, болашағына сеніммен қарап, нақты шешімдер қабылдауы мектеп қабырғасынан бастап қаланады екен. Яғни өзіндік «мені» бар, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді де білікті азамат болуының іргетасы мектептен қалыптасады. Мектеп психологтары үшін жұмыс істейтін арнайы дайын әдістеме және оқулықтар мен жоспарлар әлі күнге дейін жасақталмай келеді. Сөз жоқ, мұндай жағдайда көбірек ізденіп, керекті материалдарды өзге тілден аударып, қолдануға тура келеді. Тіпті кейбір бағдарламаларды өзің құрастырасың. Сол себепті біздің жұмысымыз ұдайы ізденіс пен шығармашылық бабымызда болуды қажет етеді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «өз күші мен мүмкіндігіне сенген адам ғана мақсатына жете алады», деген сөзінде терең мән-мағына бар деп ойлаймын. Сол секілді психолог ең алдымен өз күші мен біліміне сене отырып, әрбір оқушының жан-дүниесіне үңіле білуі қажет. Жабырқаған көңілдеріне сенімділік ұялатып, қуаныш сыйлауы тиіс. Сонымен бірге оларды қорқыныштан арылтып, күдіктен сейілтетін, шешімін таппаған сан алуан сауалдарына жауап тауып бере алатын маман болуы керек.
Сырт қарағанда еш уайымсыз, қайғысыз балалықтың бақытты шағының қызығын көріп жүрген жасөспірімдердің алдына келіп, олардың ішкі сарайларын ашып, мазалап жүрген мәселелеріне ортақтасып отырамын. Оларға дұрыс ақыл-кеңес беріп, жөн сілтеуді өзімнің күнделікті дағдыма айналдыра білдім. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме халқымыз. Осы орайда оларға жылы сөздер айтып, көңілін көтеруге, сөйтіп оқушыларымның көңілін алаңдатқан ойлардан жеңілденуіне көмектесуге тырысамын. Мұндай кезде өзімнің де үстімнен ауыр жүк түскендей әсерде боламын.
Психолог болу өзгелердің ешкімге айта алмайтын ішкі сырын, жанын жегідей жеген мәселелерін ішінде сақтап жүретін үлкен жүректі талап ететін мамандық. Сондықтан мектептегі әрбір тұлға, әрбір оқушы менің оқымаған кітабым деп санаймын. Оның әр парағын ашқан сайын өзіме қажеттіні табамын. Оған таңырқаймын, тамсанамын, қызығамын, қынжыламын. Алайда, бұл кітаптан көңілге түйгенімді өзге біреуге жеткізуге менің ешқандай моральдық құқым жоқ.
Қазіргі қоғамымызда қолдары қағаз жазудан босамай жүрген әріптестеріміздің өздеріне деген сенімділігін, өз жұмыстарына деген көзқарасы мен сүйіспеншілігін арттырып, олардың талабына қанат бітіріп, жүйкеге түскен жүктен арылтып, құлшынысы мен шабыттануына көмек берудің өзі бір мәртебе. Бұл мерейлі іс те мектеп психологының қызмет ету шеңберінен тыс тұра алмайды.
Экономикалық және эмоциялық дағдарыс адамдардың көңіл-күйіне де әсер етпей қоймайды, отбасын асырау, оларды материалдық жағынан қамтамасыз ету әрі балаларын оқыту сияқты мәселелермен бас қатырып жүрген ата-аналар жұмыстан шаршап келіп, балаларына көп көңіл бөле алмайды. Бұл дағдарыс балаларға да әсер етпей қоймайды. Сондықтан мектеп психологтары оқушылармен жұмыс істеу тәсілдерін одан әрі жетілдіре түсуі керек деп есептеймін.
Нағыз психолог болу үшін өзгенің өміріне өз өмірің ретінде терең бойлай қарап, олардың жан-дүниесіне үңіле білу керек дегім келеді. Қорытындылай келе айтарым, психолог – үнемі ізденуді талап ететін, адам жанына араша бола алатын айырықша мамандық. Мұны мен осы қызметте тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан тәжірибемнен айқын түйсіндім.
Клара ҚОНАЕВА,
Тоқсансай орта мектебінің психологы
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы