Десе де, кепілдік беру туралы шартқа қол қою үшін құрылыс салушылардың барлығы сәйкес келген жоқ. Кейбір компаниялар қажетті құжаттарды тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмады. Енді біреулері құрылыс салушылардың кепілдік жарнаның жоғары мөлшерлемесін атап өтті. Дегенмен, бір жыл ішінде Кепілдік беру қоры екі қалада салынып жатқан үйлер бойынша екі кепілдік берді. Олар – Астана қаласындағы «Миллениум парк» тұрғын үй кешенінің бір секциясы мен Алматы қаласындағы «Легенда» тұрғын үй кешенінің бірінші кезегі. Осылайша қор кепілдігі осы тұрғын үйлерден үлес сатып алуға ниет білдірген азаматтарға қандай жағдай болмасын пәтерлерінің кілтін алуды қамтамасыз етеді.
Кеше Астана қаласында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жанынан құрылған Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры үлестік құрылыс бойынша консультативтік кеңес өткізді. Отырыс барысында қордың басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Жұматаева сөз сөйлеп, жер телімін алу бойынша тілшілердің сауалдарына жауап берді.
«Бүгін талқыланатын мәселенің бірі құрылысқа жер телімін алуға қатысты болады. Қазіргі кезде қордың кепілдігін алу үшін жер теліміне ие болу керек, яғни меншік иесі немесе ұзақ мерзімді жалға алу құқығы бойынша жері болуы қажет. Жер кодексі аясында қысқа мерзімді жалға алу құқығындағы жер учаскесін кепілге ұсынуға тыйым салынған», деп түсіндірді А.Жұматаева. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар жер телімдерін қысқа мерзімді жалға береді. «Осы тұрғыда бізге жерді пайдалану құқығы мерзімін ұзарту үшін жергілікті атқарушы органдарға жолығу керек. Бізде Астана мен Алматы әкімдіктерімен бекітілген тиісті меморандумдар бар. Атап айтқанда, жалға алу мерзімін арттыру бойынша құжаттарды қарастыру процесін жылдамдатуға жағдай жасамақпыз», деді ол.
Маманның айтуынша, басты мақсат – қор кепілдігін алу үшін өңірлерді барынша көптеп тарту. «Өздеріңіз білесіздер, қор кепілдігі үлескердің өзінің пәтеріне міндетті түрде қол жеткізуіне жағдай жасауға негізделген. Яғни, құрылыс салушының мүмкіндігі сарқылса, тұрғын үй құрылысы тұралап қалмайды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығын қор өз мойнына алады. Бүгінде өңірлерде бізге өтінім жасап жатқан бірнеше жобаларды қарастырып жатырмыз», деді қордың басқарма төрағасының орынбасары.
Қордың Техникалық мониторинг департаментінің директоры Жәнібек Маңқараев осы уақытқа дейін құрылыс компаниясы тұрғызған үйдің үлескерлер қолына тиюіне ғана кепілдік берілсе, енді заң негізінде тұрғын үйдің сапасы мен үлескерлер қаржысын тиімді пайдалануды қадағалау да қорға жүктеліп отырғанын айтты. «Бұл жерде біз шарт жасасқан уәкілетті орган құрылысты түрлі себептермен аяқтай алмаған жағдайда, республикалық бюджеттен түскен қаражатымыз арқылы нысанды тұрғызып, үлескерлерге тапсырамыз. Мұнда үлескер тарапынан бізге ешқандай ақша салудың керегі жоқ екенін, ал құрылыс компаниясы кепілдік мөлшерін ғана аударатынын айта кеткен жөн. Шығындар бос пәтерлерді, өзге де әмбебап нысандарды сату арқылы жабылады. Жыл аяғына дейін Астана мен Алматы қалаларында, Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында 5-6 тұрғын үй кешеніне кепілдік беру жоспарлануда», деді ол.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»