Арнайы жобаның авторы, танымал жапондық журналист – Окоши Кенсуке. Осы жылдың шілде айында Қазақстанға жапон телеарнасының түсірілім тобы келіп, еліміздің – Атырау, Қарағанды, Семей, Ақтау, Алматы және т.б облыстарына іссапармен барып қайтқан болатын.
Аталмыш жобада жапондық әріптестер мемлекетіміздің дамуы жайында, қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен көрсетті. Жапон журналистерінің айтуынша, бұл Қазақстан жайлы Жапон телевизиясы тарихындағы көрсетілген ең алғашқы да ауқымды бағдарлама.
Сондай-ақ жоба аясында, бағдарламаның тұтастай бір бөлігі «QAZAQSTAN» Республикалық телерадиокорпорациясының қызметіне арналған, әсіресе Ұлттық арнадағы өзгерістерді ерекше атап өткен. Жоба жетекшісі Окоши Кенсуке Астанаға өзі арнайы келіп, шығармашылық топпен бірқатар бағдарламалардың түсіріліміне қатысып, Басқарма төрағасы Ерлан Қариннен сұхбат алды. Жапондық әріптестерді телерадиокорпорацияның жұмыс барысы, телеарнадағы өзгерістер, бірегей форматта шыққан жаңа да, тың жобалар тәнті етті.
Айта кетейік, бұл бастама «NHK» және «QAZAQSTAN» телерадиокорпорациялары арасындағы ынтымақтастық орнатудағы ең алғашқы қадам болмақ.
Сонымен қатар, осы жылдың қазан айында телерадиокорпорацияның делегациясы Жапонияға іссапарға баруды жоспарлап отыр. Онда, Басқарма төрағасы Ерлан Қарин «NHK» телерадиокомпаниясының президенті Риочи Уедамен кездеседі.
Іссапар барысында жапондық әріптестермен қарым-қатынас орнатып, түсірілім алаңдарына барып, контент пен тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырады.
Анықтама: «NHK» Жапон телерадиотарату корпорациясы жапондық және әлемдік ақпараттық кеңістікте жетекші БАҚ-ның бірі боп саналады. Телерадиокорпорация құрамында 8 аймақтық орталық және ел ішінде хабар тарататын 54 станция бар.