Аймақтар • 25 Қазан, 2017

Петропавлда 1660 пәтерлі 15 үй салынады

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласында қолданысқа берілген 126 және 75 пәтерлі үйлерді аралап, баспана иелерімен тілдесті. Пәтер иелері мемлекеттік қолдаудың арқасында кең әрі жылы үйге ие болғандарын үлкен қуанышпен жеткізді.

Петропавлда 1660 пәтерлі 15 үй салынады

Өңірде  мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2016 жылы 619 пәтерлі 7 үй іске қосылды. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  50 мың шаршы метр , биыл 83 мың шаршы метр баспана тұрғызылды.

Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі  арқылы биыл  4 үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін 222 пәтерлі 3 ипотекалық үй және 400 пәтерге шақталған жалгерлік-коммуналдық 4 үй бой көтереді      

«Биыл  11 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Сөйтіп  1003 отбасы жайлы пәтерлерге ие болады. Оның 400-ін әлеуметтік қорғалмаған топтар, оның ішінде көп балалы аналар, мүгедектер алатын болады»,- деді Құмар Іргебайұлы.

Сөз арасында 2012 жылдан бері Петропавлда бар болғаны мың пәтер берілсе, тек биылдың өзінде осыншама баспана халық игілігіне тапсырылды.

Келесі жылы 15 үй салынып, 1660 отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғын үйлер негізінен  Береке, Жас Өркен шағын аудандарында және Жуков көшесі бойында тұрғызылады.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы.