Аймақтар • 25 Қазан, 2017

Қостанайда әлеуметтік қызметкерлердің «Аялы алақан» форумы өтті

362 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Форум елімізде қазан айының екінші жексенбісіне белгіленген Мүгедектер күні мен  осы айдың соңғы жексенбісінде аталып өтетін  Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылды.

Қостанайда әлеуметтік қызметкерлердің «Аялы алақан» форумы өтті

Қазір облыста 27 676 мүгедек жандар тұрады.  Оның ішінде 2594 балалар. Облыста 2003 жылдан бастап, қала мен ауылдарда мүгедек жандардың жүріп-тұруына қоғамдық орындарда қолайлылық жасау ісі басталған болатын. Онда әлеуметтік және  көлік инфрақұрылымдары жасалып, мүгедектер кедергісіз жүре алатын болды. Ондай орындар қазір барлық нысандардың 80 пайызын құрайды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова мүгедектерге арналған әлеуметтік такси Қостанай, Арқалық, Рудный         қалаларында қызмет көрсететінін айтты. Бұл қызметті жыл сайын 600 мүгедек пайдаланады. «Инватакси»  мүгедек жандардың көптеген проблемаларын өздері шешуіне мүмкіндік жасап отыр. Сондықтан қызметтің бұл түрін тек дамыта беру керек деп ойлаймыз, - деді Гүлнар Әбенова.

Форумда жақсы жетістіктермен қатар, өзекті, шешімін күткен мәселелер де айтылды. «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі көптеген мүгедек жандардың өмірге бейімделуіне көмек береді. Оның   басшыларының өздері де арбада отырады. Соған қарамай олар жалға алып отырған ғимарат үшін осы уақытқа дейін ақыны өздері төлеп келеді. Форумға қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов дәл қазір  ғимарат салып беруге мүмкіндік болмаса да, алдағы уақытта мұның жағдайын қарастыратынын айтты.

Форумда өңір басшысы әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Үздік қызметкерлерді марапаттады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

 ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар