26 Қазан, 2017

Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар күшейе ме?

385 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Жапония және Оңтүстік Корея әскерімен бірлесіп жүргізілген жаттығулар барысында Корей түбегінің үстімен екі америкалық стратегиялық бомбалаушы ұшақ ұшып өтті. Бұл туралы АҚШ-тың одақтасы Оңтүстік Корея мәлім етті. Жағдай онсыз да ушығып тұрғанда бұл АҚШ әскерилері тарапынан болған тым батыл әрекет еді. Егер сол бомбалағыштардың бірін КХДР атып түсірген болса, оқиғаның әрі қарай қалай шиеленісетінін бол­жаудың өзі қиын.

Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар күшейе ме?

 АҚШ-тың қазіргі президенті Д.Трампты Саддам Хусейнді бірден тәубесіне келтірген Дж. Буштай бола алмадың деп қыздыратындар да жоқ емес екені шетелдік баспасөздерде айтылып жүр. Саясатты меңгере бас­таса да пендешілік қызуқандылығы көрініп тұратын Америка президенті мұндай арандатуларға елігетін де сияқ­ты. Сондықтан да ол әлсіздік танытудан қашып, келісім үстеліне отыруға әзір­ге көніңкіремей жүр. 

Әрине, әскери тұрғыдан алғанда өзін батыл президент етіп көрсету үшін Дж. Бушқа жағдай тиімді болды. Ол Ирактың ядролық қаруы жоқ екендігі дәлелденгеннен соң, қару-жарағының сапасы әлдеқайда төмен екендігіне көз жеткізгеннен кейін барып «Даладағы дауыл» операциясын бастады.

Ал мына жерде... Солтүстік Кореяны бүктеп тастауға ондай мүмкіншілік болмай отыр. Оған алғашқы кедергі болып тұрған, әрине КХДР-дың ядролық қаруы. Оны бірден зарарсыздандырып, тұншықтырып тастаудың 100 пайыздық сенімі жоқ. Екінші алып «кедергі» – Қытай. Елінің іргесінде ядролық қару жарылса оның жеріне шектіретін залалы аз болмайды. Сондықтан Қытай тек қана келіссөздер үстелінің басында мәмілеге келуді ғана жақтауда. Ал АҚШ Қытайдың ұстанымын аттап кете алмайды, санасады. Трамптың қол-аяғын байлап отырған үшінші кедергі – Жапония мен Оңтүстік Корея. Екеуі де АҚШ-тың ұзақ жылдардан бергі сенімді одақтасы. Пхеньянға ең жақын орналасқан көршілері болғандықтан, олар ядролық оттың ортасында қалып, өз елдерінің қирағанын, адамдарының зардап шеккенін қаламайды. Сондықтан да АҚШ-тың экономикалық қысым­дарын қолдағанымен, әскери әрекетке баруына дипломатиялық әдістермен қарсылық білдіруде. 

Дональд Трамптың қолын байлап отырған тағы бір тарап – Ресей жағының ұстанған саясаты. АҚШ-пен онсыз да қырғи-қабақ болып отырған, ядролық арсеналы мол бұл елмен санаспау да мүмкін емес. Солтүстік Кореямен дәстүрлі түрде жақын қарым-қатынастағы Ресей АҚШ-тың бастамасымен жасалған БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің қыркүйектегі кезекті санкцияларын қолдады. Оған Ресейдің әдді де жоқ еді, өйткені қатарынан алтыншы рет жасалған ядролық сынақтар бүкіл әлемді толғандырып отырған мәселе. Қытай жағы да оны қолдады. Сондықтан Ресейдің мұндайда жалғыз қалуы – бүкіл әлемнің қарсылығын тудырар еді. 

Соңғы кездері Солтүстік Кореяның өзі Ресейді қолдауын арттырып келеді. Ол Ресейдің Қырымды қосып алғанын, онда болған референдумның нәтижесін қолдаған аз елдердің бірі еді. Енді өздерінде әлемнің жаңа атласын жасағанда Қырымды Ресейдің түсімен бояп, оны осы елдің аумағы деп таныпты. Бұл да Ресейді қолдаудың анық ишарасы. 

Дональд Трамп қанша тырысса да осындай «кедергілердің» себебі­мен Солтүстік Кореяға әскери шабуыл жасай алмайтынына көзі жеткен сияқты. Мамандар да оның бұл шабуылды ешқашан жасай алмасын айтады. Қысымның жалғыз жолы – экономикалық санкциялар. Ал Корей түбегінің маңындағы әскери ойындар мен әскери кемелердің көбеюі жағ­дайды онсыз да шиеленістіріп жіберетін сыңайлы. 

АҚШ президенті қарашаның 3-і мен 14-і аралығында Шығыс Азия елдеріне ресми сапармен барып, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Филиппин және Вьетнам елдерін Пхеньянға қар­сы экономикалық қысымды арттыру келі­сі­міне көндіруге тырыспақшы. Бұл туралы Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі ашық айтты. 

Трамп алдымен әрине, Қытайға бармақшы. Солтүстік Кореямен осы уақытқа дейін ең үлкен әріптес болып келген осы ел. 2016 жылдың қоры­тындысы бойынша, Пхеньян Қытай­ға жасаған экспортының арқасын­да 1,5 млрд доллар кіріс енгізген екен. Енді Трамп осынша табыстың көзін мүлде жауып тастауды көздеп отыр. Оның Қытайды бұл іске көндіруге дипло­матиялық құдіреті жете ме, жоқ па, оны осы сапар қорытындысы көрсетпек. Ал Қытай көнсе, басқа тараптардың АҚШ-тың ықпалынан шықпасы анық. 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»