Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Қазақстан қабылдаған шаралар одақ елдерінің мүддесін көздейді

498 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Еревандағы ЕҮАК-тің кезекті отырысында Бақытжан Сағынтаев Қыр­ғызстанмен шекарадағы бақылауды күшейту шараларына түсініктеме берді. Б.Сағынтаев Қытайдан ЕАЭО мемлекеттеріне тауарлар импортының сер­піні Қырғызстаннан басқа, барлық елдер­­де оның төмендеуін білдіретінін, бұл өз кезегінде Қырғыз Республикасы тарапы­нан кедендік әкімшіліктендірудің жеткі­лік­сіз деңгейін көрсететінін атап өтті. Осы­ған байланыс­ты Қазақстан шекарасын­дағы бақылауды күшейту тек қана жүк тасы­малдаушылар тарапынан заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталған, деді Премьер-Министр. 

 

Қазақстан қабылдаған шаралар одақ елдерінің мүддесін көздейді

Қазақстанның Үкімет басшы­сының Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында атап өткеніндей, бұл шаралар тек контрабандалық тауарлардан келетін зиянның көлемін  азайтуға бағытталып отыр. 

Расында да біздің ел бұл тарапта  зор зиян шегіп келеді. Мұны  Еуразиялық эко­номикалық ко­мис­­сияның мәліметтері де растайды.  Мысалы, ЕАЭО елдерінің им­порты 2016 жылы 201,1 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл ретте им­порттың басым бөлігі ҚХР-ға (22,7%) тиесілі. 2017 жылдың 7 айы­ның қорытындысы да осы көр­сеткішке ұқсас. 2014-2016 жылдар бойынша Қытай Халық Респуб­ликасынан ЕАЭО елдеріне тауарды импорттау динамикасы Қырғызстанды қоспағанда барлық елдерде төмендеген.

Бұл көрсеткіш Қазақстанда екі есеге азайған. 2014-2016 жылдар бойынша кедендік баж салығынан түскен түсім динамикасы Қырғызстан мен Армениядан басқа Қазақстанда 18,2%; Ресейде 5,1%; Беларусьте 1,4% төмендегенін көр­сеткен. Со­нымен қатар, аталған көр­сеткіш Ар­мения бойынша түсім 2,2 есеге, Қыр­ғызстан бойынша 6,2 есеге өскен. Ал 2015-2017 жылдар ара­лы­ғында ҚХР мен Қырғызстан арасын­дағы өзара сауда-саттық қарым-қатынасқа қатысты аталған мәліметтерді салыстырғанда Қы­тай экспорты – Қырғызстан импорты бағыты бойынша осы елдердің ке­ден­дік статистика мәліметтерінде елеулі айырмашылықтың бары анықталған. 

Тарата айтар болсақ, 2016 жыл­ғы мәліметтерге қарағанда, Қытай­дан Қырғызстанға жөнелтілген экспорттың көлемі 5,6 млрд долларға тең болған. Ал Қырғыз Республикасы қытайлық импорттың көлемін 1,5 млрд доллар деп көрсеткен. Яғни, көрсеткіштер арасында 4 млрд доллардан астам айырмашылық бар. Мұндай айырмашылық 2015 жылғы, сондай-ақ, биылғы соңғы 8 айдағы көрсеткіштерге де тән. Бұл өз кезегінде арадағы мәселенің туындауына өзіндік әсерін тигізуде.

Жалпы, көлеңкелі импортқа, контрабандалық тауарларға қарсы шаралар қолдану аса маңызды. Бұл ел экономикасына тікелей әсер ететін жайттар. Сондықтан, көршілес мемле­кеттермен тиісті ақпарат алмасу және де инфрақұрылымды дамыту жұ­мыстары өзіндік мәнге ие. Осы орай­да елімізде 1 қазаннан бас­тап жаңа «АСТАНА-1» ақпараттық плат­фор­­масының «Транзит» кіші жүйесі тә­жі­рибе жүзінде пайдалануға қосыл­ға­нын, бұл жүйе кедендік дек­ларацияларды электронды түрде табыс етуге, сондай-ақ тиімді кедендік ба­қы­лау­ды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

Негізінен, Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан шекарасындағы кейбір құқық бұзушылықтарды реттеу жұмыс­тарына саяси сипаттама беріп, бұра тарту орынсыз. Мұндай реттеу жұ­мыстары айналып келгенде екі елдің бейбіт қатынасын қамтамасыз етуге септігін тигізетін болады. 

 

Тағы бір айта кететін жайт, соңғы кездері шетелдік тасымалдаушы­лардың ел аумағында көлік заңна­масын бұзу фактілері көбейіп кеткен. Сол себептен еліміз осы салада бақылауды күшейтіп отыр. Бұл шара отандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғау үшін қолға алынуда. Бұған біз түсіністікпен қарауы­мыз керек. Өйткені тексеру барысы көрсетіп бергендей, Қазақ­стан-Қырғызстан шекарасын басып өтетін әрбір 6-7-ші автокөлік құра­лының жүргізушілері еліміздің көлік заңнамасын ескермейтіндігі дәлел­денген. Мәселен, заң бұзушылардың көпші­лігінде тасы­мал­данатын тауарлар құжат­тарының жоқтығы (сер­ти­­фикат, дек­ларация және т.б.) анық­талған. 

Инвестициялар және даму минис­тр­лігінің деректеріне қарағанда, Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша трактор (тягач) мен жартылай тіркеме (полу-прицеп) құрамындағы автопойыздың рұқсат етілген массасы 40 тоннадан аспауы тиіс. Ал шын мәнісінде, Қырғыз Республикасының көлік тасымалдаушылары шамадан тыс жүктемеге орын беріп, жолдарымызға үлкен залал келтiріп, олардың өткізу қабілетін азайтады. Мысалы, биылғы жылдың 13 қазанында қыр­ғыз­стандық тасымалдаушыға тиесілі көлік құралын тексеру кезінде, жүктің рұқсат етілген нормадан 5 тоннаға артық болғаны анықталған. Есепті кезеңде тек қана шамадан тыс жүктеме үшін жиналған айыппұл көлемінің өзі шамамен 5 миллион теңгені құраған.

Сәл шегіне сөйлесек, бұған дейін елор­дада Қазақстан мен Қырғыз­стан премьер-министрлері екі ел арасын­дағы сауда-саттыққа қатысты сұрақ­тарды талқылаған-ды. Нәтижесінде, Қазақстан мен Қырғызстан пре­мьер-министрлерінің бірінші орын­ба­сарларының басшылығымен жұмыс тобы құрылып, оларға жол картасын әзірлеу тапсырмасы жүктелген еді. Бұл құжат техникалық, ветери­нарлық, фитосанитарлық, көліктік бақылау, кедендік және салықтық әкімшілікті бақылау бойынша мәселелерді қамтиды.

Осы кездесуден кейін Б.Сағын­таев арнайы мәлімдеме жасаған-ды. Ол сол кезде екіжақты экономикалық қатынастардың өзекті мәселелері тал­қыланғанын, бұл екі елдің шекара, көлік, фитосанитарлық және ве­те­ринарлық бақылау салалары­на қатысты екенін айта келіп, ЕАЭО мен ДСҰ ережелері мен норма­ларына сәйкес, кеден және салық әкімшіліктендіруіне қатысты проб­лемалық жағдаяттар қарастырыл­ғанын атап көрсеткен. Үкімет басшысы сол жолғы мәлімдемесінде де қырғыз импорттаушыларының Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өткізетін тауарларының көлемін жалған мәлімдейтіні анық­талып жатқанын атап өткен болатын. 

Сон­дықтан, туындап отырған түйт­кілді мә­селелердің оңтайлы ше­ші­луіне қатысты Қазақстан тара­пы­ның қа­был­даған шаралары бірін­ші кезекте еліміздің және ЕАЭО мем­­ле­кет­терінің мүддесін қорғауға ба­ғыт­талғандықтан өз деңгейінде жү­зеге асырылуы тиіс деп ойлаймыз.

 

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»