Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Ұлттық жаңғырудың ұйытқысы

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ширек ғасыр бұрын егемен­дігін алған еліміз тарихи өлшеммен алып қарағанда қас-қағым сәтте таңдай қағарлық жетістіктерді ен­ші­легенін мақтанышпен айтуға тиіспіз. Экономикалық ахуал­ға ау­да­рылған әу бастағы назар қазір мем­ле­кеті­міз­дің боса­ға­сын берік етіп, кереге­сін кеңейт­ті, шаңыра­ғы­мыз­дың асты шат-ша­дыман күйде. 

Ұлттық жаңғырудың ұйытқысы

Ел іргесін нықта­ған­нан кейін та­ри­хы­мызды түгендедік. «Мәдени мұра» бағдарламасының, Қазақ ханды­ғының 550 жылдық мерейтойы­ның арқасында барымызды ба­ғамдап, жоғымызды таптық, болашағымызды ұлт танымына бағыттап, өшкенімізбен қауыштық. 

Ал енді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім мен рухани салаларға ден қою қажеттігін баса айтуда. Мұны Президенттің соңғы жылдардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларынан бірден аңғаруға болады. Рас, білім саласына бірнеше жылдан бері басымдық беріліп, ел қазынасынан бөлінетін қаражат та еселене түсуде. Мұны нәтижесіз деп айта алмаймыз. Өйткені түрлі саралау мен зерделеуден өткен реформалар келешек ұрпақтың қабілеттілігін арттыруды көздейді. 

Менің айтпағым, Рухани жаңғыру еді. Бұл құжаттың негізі ретінде латын әліпбиіне көшу сая­сатын айтуға болады. Аталған үдерістің қазақ халқына пайдалы тұстарын ғалымдарымыз бен мамандарымыз БАҚ беттерінде үнемі айтып, жазып келеді. Бұл, біріншіден, дамыған елдермен иық тіресіп, заман көшіне ілесу болса, екіншіден, ұлттық ғылымның қиындық пен кедергіге ұрынбай ілгерілей түсуіне серпін беретінін түсіндік.

Көп қолдаған латын әліпбиіне көшудің уақыт талабы екенін №74 мектеп-гимназиясы ұжы­мы да ұғынғанын жеткізгім ке­леді. Бұл сөзіме күні кеше ұйым­дастырған «Латын әліпбиіне көшу – ұлттық жаңғырудың ұйытқысы» атты ақпараттық-түсіндірме жұ­мы­сымыз куә. Ол алқалы отырыс­та ата-аналар мен оқушыларға латын әліпбиіне көшудің маңыз­дылығы туралы терең мағлұмат бер­дік. Қоғамдық дұрыс пікір қалып­тастыруға септестік.
Жиында Ш.Шаяхметов атын­дағы тілдерді дамытудың респуб­ликалық үйлестіру орталығының қызметкерлері қатысушыларға латын әліпбиінің Елбасына ұсы­нылған үлгісін таныстырды.

Біз ғалымдар мен IT мамандар латын әліпбиінің қоғам талқысына екі нұсқасын ұсынғанынан хабардармыз. Алайда, көпшіліктің таң­дауы отыз екі әріптен тұра­тын екінші нұсқаға түсуде. Маман­дардың айтуынша, бұл нұсқа­ның алғашқы нұсқадан ерекше­лігі төл дыбыстарымыз негізгі әліп­би қатарынан орын алыпты және дәйекше арқылы берілген. Қоғамның тоқсан пайызы қол­даған осы нұсқа біздің де ойымыздан шыққанын айту керек. Мектеп ұжымы ұйымдастырған жиынның ерекшелігі сол, онда зиялы қа­уым өкілдері, ұстаздар, қоғам қай­раткерлері ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді. Біз латын әліпбиіне көшу саясатын бір ауыздан қолдайтынымызды айтып, іргелі шара іс жүзіне асқанда оның кең тарауына күш салуға уағ­даластық.

 

 

Жеңіскүл НҮСІПЖАН, 
№74 мектеп-гимназияның директоры

Астана