Еліміз осы жылдың қаңтарынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жауапты миссиясына кірісті. Бүгінде ондағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр және қазақстандық тарап Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне қойылған мәселелердің барлығына белсенді түрде қатысуда. Таратып айтар болсақ, еліміздің Кеңестегі жұмысы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қауіпсіз және әділ әлем құру үшін жаһандық серіктестікті нығайтудағы Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси Үндеуін ашық пікірталаста таныстырудан бастады. Елбасымыздың саяси Үндеуі Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері арасында үлкен қызығушылық туғызды, жақсы пікірлер айтылды. Нәтижесінде бұл құжат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясының ресми мәртебесіне ие болды.
Мемлекет басшысының Үндеуінде жеті басымдық көрсетілген. Олар – ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу; жаһандық соғыс қаупін жою және жер-жерлердегі қақтығыстарды реттеу; Орталық Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құру; халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимыл; Африка құрлығында ұлттық татуласу мен бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігер жұмсау, қауіпсіздік пен тұрақты даму арасында ажырамас байланысты қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ-ның бүкіл жүйесін ХХІ ғасырдың қауіптері мен сын-қатерлеріне бейімдеу.
Қазіргі кезде Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің алаңын ядролық қарусыздану мен оны таратпау жөніндегі ұстанымын ілгерілету үшін барынша пайдаланып келеді. Мысалы, еліміз КХДР жөніндегі комитет пен Иран жөніндегі комитеттің жұмыстарына белсене қатысуда. Себебі, Солтүстік Кореяның ядролық-зымырандық бағдарламасы бүгінде бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін ең басты сын-қатерлердің бірі болып отыр. Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бірнеше рет мәлімдеме жасады. Елбасымыз өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде атап көрсеткендей, соңғы жылдары әлемде күш қолдану мен тұрақсыздықтың өрши түсуі байқалуда. Әскери іс-қимылдардың салдарынан босқынға ұшырағандар саны артып, ол 60 миллион адамнан асқан. Осыған орай Қазақстан Ауғанстан мен Сириядағы, Иран мен Таяу Шығыс және басқа да «отты нүктелердегі» саяси ахуалды реттеу мәселесіне үлес қоса бермек.
Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік қызметіне кіріскелі бері ашық пікірталастарды қоса алғанда, Кеңестің 130-дан астам ресми отырыстарына, 70-ке жуық ресми емес консультацияларға қатысты. Сонымен қатар қазақстандық дипломаттар Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында Колумбияда, Гаитиде, Орталық Африканың Чад көлі ауданында сапарда болды. Вашингтонда АҚШ президентімен, мемлекеттік хатшысымен және бірқатар конгресс мүшелерімен кездесті. Бұлардан бөлек, Қазақстан делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 20-дан асатын қарарын, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының жеті мәлімдемесін, тағы басқа да құжаттарды қабылдауға ерекше үлес қосқанын атап өткеніміз жөн. Осындай ауқымды іс-шаралардың қатарына қазақстандық дипломаттар мен бірқатар лауазым иелерінің ашық пікірталастарға қатысып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты өткір мәселелерді көтеруін де қосуға болады.
Алты жылдан астам уақыттан бері атыс-шабыс, жарылыстардан әбден мезі болған Сирия халқының жағдайы өте ауыр. Кезінде ондағы соғысты тоқтатуға халықаралық ұйымдар мен ірі мемлекеттер әрекеттенген де еді. Одан нақты нәтиже шыға қоймағаны және рас. Кейін бұған Қазақстан тарапы араласып, Сирия дағдарысын реттеу жолдарын қарастыруға бағытталған кездесулерді елордамыз – Астана қаласында өткізуді ұсынды. Бүгінге дейін әлемдік қоғамдастыққа «Астана процесі» деген атаумен белгілі Сирия дағдарысына байланысты алты кездесу өтті. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Бұл мәселеде Елбасымыздың беделі, сондай-ақ Қазақстанның бітімгершілік әлеуеті ерекше рөл атқарды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде тұрған мәселелердің 70 пайызға жуығы Африкадағы қақтығыстарды реттеуге арналған. Осы ретте Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы кезіндегі жетістік факторлардың бірі Африка құрлығы тарапынан алған қолдау болып табылады. Өйткені Африка елдері қазақстандық дипломатияның Африка мүйісі, сондай-ақ бүкіл құрлықта ұлттық татуласу және бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігерге барынша үлес қосатынына сенім білдірді. Еліміздің Сомали/Эритерия жөніндегі комитетіне төрағалығы нәтижелі болады және сенімнен шығады деген ойдамыз. Бұған Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған алғашқы жарты жыл ішінде Африка тақырыбы бойынша 80-нен астам отырыстар мен консультациялар өткізуі дәлел болмақ. Қазақстандық делегация сол отырыстардың барлығына белсенді түрде қатысты және қатыса бермек.
Ал Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2018 жылғы қаңтар айындағы ротациялық төрағалығы еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігінің шарықтау шегі болады. Төрағалық мерзімі бір ай, мемлекеттер оның жұмысына ағылшын тілі әліпбиі тәртібімен кезектесіп басшылық жасайды. Біздің еліміз төрағалығының түйінді мәселесі – Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша БҰҰ-ның құжатын қабылдауға байланысты. Оған дейін Кеңес мүшелері мен Қазақстан үшін қызығушылық тудыратын мәселелерді келісу және пысықтау жөніндегі жұмыстар жүргізіледі. Төрағалықтан кейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру шаралары қолға алынады. Сонымен қатар Елбасымыздың қатысуымен бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі ашық пікірталас өткізу де жоспарланып отыр.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік еліміздің әлемдік ауқымдағы рөлін арттырады, халықаралық келіссөздерде жаһандық процестердің тұрақты және жауапты қатысушысы ретіндегі позициясын нығайтады. Сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, терроризм мен экстремизмге қарсы күресті жандандыруға күш салады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»