Аймақтар • 26 Қазан, 2017

Суға батқан әйелді құтқарғаны үшін марапатталды

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құтқарушы күніне арналған салтанатты шарада «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургия кешенінің бас механигі Вячеслав Защитин суға батқан адамды құтқарғаны үшін медальмен марапатталды. Бұл туралы «Казцинк» ЖШС-нің жұртшылықпен байланыс басқармасы хабарлады.

Суға батқан әйелді құтқарғаны үшін марапатталды

Вячеслав Защитин 24 маусым күні отбасымен Ново-Шульба су қоймасының жағасында демалып жатқан болатын. Кенет айдында толқын көтеріліп, үстінде екі әйел мен алты жасар бала қалқып жүрген матрасты аударып тастайды. Бала бірден батып кетеді. Вячеслав жүгіріп жеткен кезде суда екі-ақ адам қалған еді. Защитин бірден көмекке ұмтылды: әуелі батып бара жатқандардың бірін жағаға алып шықты да іле үш жүз метрдей жерде батып бара жатқан екінші адамға қарай жүзді. Вячеслав оны да ажал аузынан құтқарып қалды. Келесі күні Защитин батып кеткен баланың мүрдесін іздесті.

– Бала кезімде жеті жыл жүзумен айналыстым, - дейді ержүрек азамат. – Өз мүмкіндігімді білдім. Суда күшімді ұзағырақ сақтау үшін жағалауда көп жүгірдім. Бәрін ақылмен істеу керек, құтқаруды да.

Біраз уақыт өткеннен кейін ШҚО төтенше жағдайлар департаменті Вячеслав Защитинді суға батқан адамды құтқарғаны үшін медальмен марапаттау туралы бұйрық шығарды. Ол марапат Құтқарушы күніне орай металлургтер сарайында өткен шарада салтанатты түрде тапсырылды.

- Тегі де тегін қойылмаған азамат әрекетсіз қалар ма еді? – деп ойлайды кәсіби құтқарушылыр. – Өз өмірін қатерге тігіп, адамды ажалдан арашалап қалды, бұл – нағыз ерлік.

Вячеслав марапатқа ризашылығын білдірді, бірақ оны керемет ерлік деп санамайтынын айтты. Бір есте қаларлығы – ол басынан өткен бұл жайтты ұжымында да тіс жарып ешкімге айтқан жоқ, оның жасаған ерлігін таныстарынан белгілі болды.

Вячеслав Защитин ерен ерлігі үшін ШҚО ТЖД-нің марапатынан басқа «Казцинк» компаниясының, сондай-ақ ұйым кәсіподағының сыйлықақысына ие болды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН