Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Маңызды мәселелер талқыланды

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның жыл сайынғы Экономика және қоршаған орта өлшемі бойынша міндеттерді орындау жиналысы өтті. Іс-шараның сессиялары барысында үкімет, жеке сектор, азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қоршаған орта тәуекелдерін азайту, су мәселелерінде үздік тәжірибелердің орындалуын қадағалау, қоршаған орта мәселелеріне қатысты қоғамның білімін арттыру, энергетика тиімділігі мен жаңғырмалы энергетика, қоршаған орта саласында сыбайлас жемқорлықпен күрес және жақсы басқару және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын талқылады.  

 

Маңызды мәселелер талқыланды

ЕҚЫҰ-ның төрағасы Аустрия та­рапы аталған іс-шара жаңаша ой­лауға және қоршаған орта сала­сын­дағы мәселелерді бірлесе шешуге үлес қосатынын айтып, «жасыл» эко­но­мика мәселелеріне аса мән бере­ті­нін мәлімдеді. Осы орайда ЕҚЫҰ Экономика және экология коми­т­е­тіндегі Қазақстанның төр­аға­лы­ғын ерек­ше атап өтті және Ұйымның Эко­но­­ми­калық және экологиялық фору­мы­­­ның (ЭЭФ) екінші дайындық жина­лы­сы биыл маусымда Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандан­ды­рыл­ған көрмесі шеңберінде ұйымдас­ты­ры­­луының маңыздылығына назар аударды. 

ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы, Қазақстан Респуб­ликасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақ­ты өкілі Қайрат Сарыбай Қазақ­стан­ның қоршаған орта саласында «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Үшінші жаңғыру» және «Жасыл көпір» халықаралық бағдарламалары шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды. Сондай-ақ ЭКСПО инфрақұрылымы негізінде Астанада құрылатын «Бола­шақтың энергиясы» жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының жұмысына ЕҚЫҰ үлес қоса алатынын атап өтті.

Шараға Қазақстан экологиялық ұйымдарының төрайымы Айгүл Соловьева мен «Халықаралық аралды құтқару қоры» су ресурстары департаментінің жетекшісі Әмірхан Кеншімов қатысып, жиналыс барысында көтерілген өзекті мәселелер бойынша ойларымен бөлісті.

Атап айтқанда, Ә.Кеншімов су мәселелеріне арналған сессия барысында халықаралық ұйымдармен, оның ішінде ЕҚЫҰ-мен бірлесе Арал теңізін құтқару шеңберінде жүзеге асырылған жобалар туралы хабардар етті және Қазақстанда су шаруашылығы мамандарын даярлау туралы мағлұмат ұсынды.

А.Соловьева энергетика тиім­ділігі мен жаңғырмалы энергетика тақырыбына арналған сессияда спикер ретінде Қазақстан үкіметі мен қоғамдық бірлестіктердің аталған саладағы жұмысы туралы толымды ақпарат берді.

Италияның ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Алессандро Азони қорытынды сессияда өз елінің 2018 жылы ұйымға төрағалығы барысында Германияның 2016 жылғы және Аустрияның үстіміз­дегі жылғы төрағалықтарының екінші өлшемдегі басымдықтарын жалғас­тыра­тынын және ЭЭФ-тің бірінші дайын­дық жиналысын цифрлы пішімге көшіру, екінші дайындық жиналысын адам капиталын дамыту мен жыл сайынғы Прага форумын жақсы басқару және жауапты басшылық тақырыбына арнайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Италия төрағалығы барысында биз­нес-конференция жоспарланғанын атап өтті.

Айта кетейік, алдағы 7-8 желтоқ­санда Венада өтетін ЕҚЫҰ Министрлер кеңесінің нәтижесі ретінде ЕҚЫҰ Аустрия төрағалығы комитеттегі Қазақ­стан төрағалығымен бірлесе экономика және қоршаған орта бойынша шешім жобаларын қабылдауды жоспарлауда.

 

«Егемен-ақпарат»