Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Бас хатшы болып қайта сайланды

565 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің 19-шы шақырылымындағы 1-ші пленум өтіп, онда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ҚКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып қайта сайланды. Сонымен қатар ол Әскери кеңестің төрағасы, Қытай халық-азаттық армиясының қолбасшысы болып сайланды. 

Бас хатшы болып қайта сайланды

Пленум барысында Қытай Коммунистік партиясы Орта­лық комитетінің Саяси бюросы да елеулі өзгерістерге ұшы­­­ра­­ды: бұрынғы құрамнан Си Цзинь­­­пиннен басқа ҚХР мем­л­е­­кет­тік премьері Ли Кэцян қал­ды. Жаңа Саяси бюро­ның құра­мы­на 25 адам енді. Олар­дың біреуі ғана әйел. Сон­дай-ақ ҚКП Орталық комите­тінің жаңа құрамына 202 адам сайланды.

Еске салсақ, Қытай Комму­нис­тік партиясының XIX съезі өз жұмысын 18 қазан күні бас­таған болатын. Бұл алқалы жиын­ға арнайы шақырылған қонақ­тарды қоса есептегенде 2,3 мың делегат қатысты. Съезд барысында төралқада ел­дің қазіргі басшыларымен бірге бұрынғы ҚКП Орталық коми­тетінің бас хатшылары мен ҚХР мемлекеттік кеңесінің пре­мьерлері Цзян Цзэминь, Чжу Жунцзи, Ху Цзиньтао, Вэнь Цзябао және Ли Пэн қатар отырды.

Съездің делегаттары Қытай Коммунистік партиясының жарғы­сына енгізілген өзгеріс­терді бекітті. Оның ішіндегі ма­ңыздысының бірі деп пар­тияның басты құжатының мәтініне Си Цзиньпин есімінің жазылғанын айтуға болады. Бұл дегеніңіз, ҚХР-дің қазір­гі төрағасын атақты Мао Цзэ­дун және Дэн Сяопинмен қатар қойған тарихи оқиға. Тағы бір атап өтетін жайт, Си Цзиньпиннен бұрын партия құжатына көзі тірісінде есімі жазылған бір ғана басшы болды, ол – Мао Цзэдун.

Басты жиында Қытайдың социализм идеясынан бас тарт­пайтындығы айтылды. Қытай басшысы Си Цзиньпин съезде жасаған баяндамасын­да экономиканың негізгі тірегі ішкі сұранысты ынталандыру және жаңа технологиялар екен­дігін атап айтты. Съезде алд­а­ғы аз ғана жыл ішінде елде кедей­шілікті жойып, 2035 жылға қа­рай «орта дәулетті қоғам» құру жоспары жария етілді. 

Сонымен қатар Си Цзинь­пин Қытай 2035 жылға қарай АҚШ-ты әлемдік эконо­ми­кадағы бірінші орнынан ысыруы әбден мүмкін дегенді емеу­рін­мен білдірді. «Қытай эко­номикасы әлемдегі озық елдер арасындағы көшбас­шылық по­зициясына ие бола отырып, орташа жоғары өсу екпінін сақ­тап қала алды. 54 трлн юань­­нан 80 трлн юаньға дейін өс­кен ІЖӨ көрсеткіші бойын­ша Қытай әлемде екінші орынға нық табан тіреді», деп мәлімдеді Қытай басшысы. Сондай-ақ ол Қы­тайдың әлемдік эконо­ми­ка­­ның өсуіне қосқан үлесі 30 па­йыздан асқанын да атап өтті.

Съезде жасаған баяндама­сында ҚХР мемлекеттік пре­мьері Ли Кэцян туризм мәсе­­лесіне баса маңыз берді. Ақы­лы демалыс түрін енгізуді қазір­ден бастап, осыған байланысты ішкі туризм және көлік инфрақұрылымына инвестиция құю жоспарланғанын тілге тиек етті. «Біз келе жатқан жап­пай туризм дәуірін қарсы алуға дайын болуымыз керек», деді премьер. 

Қытайдың жаңа онжыл­дық­қа арналған экономикалық өсу жоспарында орталық жә­не батыс провинцияларды көтеру жос­пары да ерекше на­­зар аудара­ды. Сонымен қатар Қытай Ком­­мунистік пар­­­тия­­сы ал­дағы уақыт­та қала­лар мен село­­лар­­дағы тіркеу­ді рәсім­деу­ге қо­йыл­­ған шектеу­лерді жұм­­­сарт­пақ. Ескі тұрғын үй қо­рын­­дағы 6 млн пәтерді қайта жаңар­ту да жос­­пар­да бар екені айтылды. 

Қытай КП-ның XIX съезінде партия­ның бес жылдағы жұ­мы­­сының қорытындысы қара­­лып, Қытайдағы және бас­қа да елдердегі қоғамдық-эко­но­­­ми­ка­лық және саяси ахуал тал­қы­ланды. Сондай-ақ елдің жа­қын жылдардағы стратегиялық даму жолы нақтыланды.
Жалпы, Қытай КП-ның XIX съезі әлем елдерінің зор қызығушылығын тудырды. Аспанасты елінің алқалы жиынынан әлемнің 134 елінен келген 1818 журналисімен бірге қытайлық мыңнан астам журналист ақпарат таратты.

 

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Зейнетақыны алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Экономика • 31 Желтоқсан, 2025