Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Жаңғыру жолындағы жобалар

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанды үшінші жаңғырту жөнінде міндет қоя отырып, «Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер әрі ұлтқа берілген мүмкіндік», деген болатын. Жолдауда айтылған бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы бүгінде елімізде бастау алып, аталған бастама өңірлерде де жалғасын таба бастады. 

Жаңғыру жолындағы жобалар

Әулиеата өңірінде бүгінде цифр­­лы технологияны қолдану арқы­­лы жаңа индустрияларды өркен­­детуге көңіл бөлініп келеді. Көне Тараз шаһарын Жолдауда айтыл­ған міндет­тер арқылы одан әрі дамыту және өңірде цифрлы технология­ны енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл өз кезегінде экономиканың жедел дамуына да оң серпін беретіні анық. Сонымен қатар нәтижелі істер­дің бірі – болашақта қала көше­лерінде электрлі автобустар да жүре бастайтын болады. Бұл бір жағынан, экономиканың дамуына қолайлы жағдай туғызатын болса, екінші жағынан, экологиялық тұрғыда да тиімді болмақ. 

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары­мен барып, Сучжоу қала­сында орналасқан «Higer Quazar» өндірістік кешенінде болып, осы кешеннің жұмысымен та­ны­с­қан болатын. Әкім аталған компа­нияның атқарушы директоры Хуан Шун Кин және «Higer Quazar» өндірістік кешенінің өкілдерімен кездесіп, «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында экологиялық тұрғыдан зиян келтірмейтін қоғамдық көлік­тің тиімділігін талқылаған еді. Сондай-ақ мұнда қалааралық және қалаішілік қоғамдық көліктерді сатып алу, «Quazar» атты электрлі автобустар құрастыратын зауыт құрылысын Тараз қаласында бас­тау жайы да қаралды.

Бола­шақта бұл бастама өңір әлеуетін арттыруға да үлкен үлес қоспақ. Еске сала кетсек, қос тарап жылына 300 электр­лі автобус шығаратын зауыт­­тың құрылысын «Тараз» ин­дус­т­рия­лық паркі аумағында салу туралы меморандумға қол қойған бола­тын. Жобаның құны 3 миллиард теңгені құрайды. Тараптар ара­сын­дағы ынтымақтастықтың мақ­саты инвестициялық жобаны іске асыру болып табылады. Айта кетерлігі, биылғы жылдың ба­сын­да Алматы қаласында «Higer Quazar» экологиялық таза электрлі автобус­тар шығаратын зауыт пайдалануға берілген болатын. Аталған компания екі түрлі электрлі авто­бустарды құрастырады. Ал биыл Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халық­аралық маман­дан­­ды­рылған көр­месі кезінде «Higer Quazar» қазақ­­стан­дық электробус алғаш рет қала көше­лерімен жүрген болатын. 

Бүгінгі таңда Тараз қаласында экологиялық таза қоғамдық көлікті іске қосу, сондай-ақ қазақ­стандық қондырғылардың электро­мо­биль­деріне арналған аккумул­яторлық батареялар өндірісін ашу жоспарланып отыр. «Бұл бастама біз үшін экологиялық та, экономикалық та жағынан тиімді. Жаңа үлгідегі автобустар ауаны ластамайды және дыбысы да қатты шықпайды. Мұның тағы бір тиімділігі – батарея арқылы жү­ретін автобустардың жеті-ақ минут­та қуатын толықтыруға болады екен.

Бұл алдағы уақыттарда үлкен бір игілікті іс болайын деп тұр», дейді Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет.
Жолдауда жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және олар­ды өндіріске тезірек енгізу бо­лып саналатындығы айтылған еді. Болашақта Тараз көшелерінде электр­лі автобустар жүріп, жолау­шылар тасымалын одан әрі дамы­туға септігін тигізсе, бұл да жаһан­дық бәсекеге қабілеттіліктің бір көрінісі болмақ. Ал жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік өз кезегінде мем­лекеттің де, ұлттың да алға қой­ған мақсатын айқындайды. 

 

 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы