Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Қаржы нарығындағы қарқын

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев еліміздің қаржы нарығындағы ахуалға қатысты баспасөз мәслихатын өткізді.   

Қаржы нарығындағы қарқын

«Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша, инфляция 2017 жылғы қыркүйекте 0,3 пайыз, ағымдағы жылдың басынан бері  – 4,2 пайыз, ал өткен жылғы қаңтар-қыркүйекте 5,6 пайыз болды. Жылдық инфляция 7,1 пайыз деңгейде қалыптасты және Ұлттық банктің 2017 жылға арналған 6-8 пайыз нысаналы дәлізі шегінде тұр. Инфляцияның құрылымында көбінесе азық-түлікке жатпайтын құрауыш – жылдық көрсеткіште 8,2 пайызға қымбаттады, азық-түлік тауарлары және ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсуі, тиісінше, 7,8 пайыз және 5,2 пайыз болды.

2017 жылғы қыркүйекте халық арасында жүргізілген са­уалдама нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда өзгерген жоқ және 6,5 пайыз болды. 2017 жылғы 1-жартыжылдықтың қорытындылары бойынша ағымдағы шоттың тапшылығы өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2,9 млрд АҚШ долларына (ІЖӨ-ге 4,3 пайыз) дейін, яғни 25,8 пайызға төмендеді. 2017 жылғы 2-тоқсанда 1,5 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі тапшылық  2016 жылғы 2-тоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 45,7 пайызға төмен болып  қалыптасты.

Қыркүйекте халық нетто негізде 264,5 млрд теңге балама сомаға  қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Шығыстардың негізгі көлемі 71 пайыз неме­се 188 млрд теңге қолма-қол АҚШ долларын сатып алуға, Ресей рубліне 21 пайыз (56 млрд теңге), еуроға шамамен 8 пайыз (20 млрд теңге) жіберілді. Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шы­ғыс­тар 25,6 пайызға қысқарды», деді Д.Ақышев.

Қорыта келгенде, ол қыркүйекте байқалған қолма-қол АҚШ долларын сатып алу көлемінің барынша төмендеуі жаппай демалыстар кезе­ңінің аяқталуымен, сондай-ақ халықтың деваль­вациялық күтулерінің тұрақталуымен түсін­дірілетінін атап өтті.   

Жиын барысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов Астанада борышкерлерге көмек көрсетілгендігін тілге тиек етті.
«Иә, 2017 жылдың 11 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма берген болатын. Тапсырманың мағынасы – ипотекалық кредиттерді қаржыландыру бағдарламасын кеңейту орындылығы туралы ұсыныс. Ұлттық банк бұл сұрақты Үкіметпен бірлесіп, осы тапсырма аясында жұмыс жүргізуде.

Айта кететін жағдай, бүкіл республика бойынша 140 млрд теңгеге қарыздар қайта қаржыландырылды, 22 мыңнан астам ипотекалық борышкерлердің жалғыз баспанасы сақталып қалды. Егер де Астана туралы айтатын болсақ, 16 млрд теңгеге ипотекалық кредит қайта қаржыландырылды. Осы жылдың аяғына дейін Ұлттық банк Үкіметпен бірігіп, Елбасының тапсырмасын қалай шешу керектігі туралы ұсыныс дайындап жатыр», деді Алпысбай Ахметов.

 

 

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»