Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Ұлағатты ұстаздар ордасы

476 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Тараз мемлекеттік педа­гогикалық институтына 50 жыл толды. Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитеті мен ҚазКСР Жоғары және арнайы орта білім беру министрлігінің бұйрығымен құрылған оқу орны жарты ғасыр­дан бері талай түлекті тәрбиелеп, ғы­лым мен білім жолында сам­ғатты. 

Ұлағатты ұстаздар ордасы

Әуелі Октябрьдің 50 жыл­дығы атындағы Жамбыл педа­го­гикалық институты болып құрыл­ған оқу орны сол жылдардан бері білім беру ісінің түрлі сатыларынан өтті. Студенттерінің оқу үдерісін, тұрмыс-тіршілігі мен бос уақытын тиімді пайдалану жағдайында инфрақұрылымы дамыған жоғары оқу орны бүгінде елімізге танымал ғылым мен білім ордасы. Институтты әр жылдары Мұхтарбай Өтелбаев, Уәлихан Бишімбаев, Әбді­манап Бектұрғанов, Махмет­ғали Сарыбеков сияқты танымал ғалымдар мен білікті ұстаздар бас­қарып, оқу ордасының дамуы­на, қалыптасуына ықпал етті.

Тараз мемлекеттік педагоги­ка­лық институтының жарты ға­сыр­лық мерейтойы Әулиеата төрін­де кеңінен аталып өтті. Ай­ту­­л­ы шараға елімізге белгілі тұл­­ға­лар мен көрнекті ғалымдар қатыс­ты. Әуелі институт жанынан ашыл­ған «Баласағұн» музейінің ашылу салтанаты болды. Аталған му­зей­­дің лентасын физика-матема­ти­ка ғылымдарының докторы, про­фессор Мұхтарбай Өтелбаев пен Қазақстанның Еңбек Ері Ая­гүл Миразова салтанатты түрде қи­ған соң, келген қонақтар музей ішіндегі жәдігерлермен та­нысты. Музей кіреберісінде жас­тар үшін тағылым ретінде Жүсіп Баласағұнның өмірбаяны және даналық сөздері жазылған. Со­ны­мен қатар институт тарихы­нан сыр шертетін суреттер мен оқу ордасының тарихына қа­тыс­ты құжаттар да музейдің құн­ды қазыналарының бірінен сана­лады.

Институт рек­торы Дария Қожамжарова құр­метті қо­­нақ­­тарды музей ғимара­ты­мен та­­ныстыру барысында атал­ған орын­­ның болашақ ғалым­дар үшін жа­­сақ­­талғанын айтып өтті. Бұ­дан кейін келген қонақ­тар инс­ти­­тут ішіндегі Қазақ­стан Рес­пу­б­­ли­касы Тұңғыш Пре­зи­денті атын­­д­ағы мәжіліс залын ара­лап көр­ді. Сондай-ақ Қазақ­стан Рес­пуб­­­ли­­касы Мемле­кеттік сый­лы­­ғы­­ның иегері, абайта­ну­шы ға­­­лым Мекемтас Мырзах­мет­ұлы­­­ның, Ұлттық ғылым акаде­мия­­сы­­н­ың президенті Мұрат Жұ­ры­нов­тың, математик Мұхтар­бай Өтел­баевтың және өзге де танымал азаматтардың қатысуымен институт ауласынан Ректорлар аллея­сы ашылып, «Болашаққа хат» кап­суласын мемориалды тақ­тай­шаның астына бекіту рәсімі өткізілді. 

Бұдан кейін «Баласағұн» орта­­лық концерт залында «Зама­науи білім беру тен­ден­­ция­­лары: бола­шаққа көз­қарас» тақы­ры­бын­да халық­ара­­лық ғылы­ми конгресс ұйым­дас­ты­рылды. Халық­аралық ғылыми конгреске Білім және ғылым министрі Ерлан Саға­диев қатысып, институт ұжы­мын жарты ғасырлық мерей­тойы­­мен құттықтады. Сон­дай-ақ Жам­был облысының әкі­мі Кәрім Көкі­рек­баев Тараз шаһа­рын­дағы айтулы жоғары оқу орны­ның жетістіктеріне тоқталды. Соны­мен қатар шетелдерден кел­ген профессорлар да баяндама жасап, өзара тәжірибе алмасу жағ­дайын­да пікір бөлісті. Конгресс соңын­да институт түлектерінің «Ұрпақтар сабақтастығы» атты слеті және жұлдызды түлектердің қатысуымен гала-концерт өтті. 
 

 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы