Қостанайлық оқу ордасының ректоры Еркін Әбілдің айтуынша, облыс ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қойылған 105 жобаның 10-ын іріктеп алыпты. Айталық, «Қостанай су» қалалық коммуналдық кәсіпорны ауыз суды тазарту технологиясы бағытындағы екі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жалпы көлемі 50 млн текше метрді құрайтын ағынды суларды экологиялық талаптарға сай тазартуға мүмкіндік береді. Демек, тұрғындар да әбден сүзгіден өткен сапалы ауыз суды тұтынады деген сөз.
Қостанай университеті таңдап алған жобалардың ішінде күн көзінен қуат алатын көшені жарықтандыру технологиясы да бар. Қазірдің өзінде Лисаков қаласының көшелеріне күннен қуат алатын осындай 20 жарықшам орнатылыпты.
Сондай-ақ тың жобалардың ішінен Германиямен бірлесе жүзеге асырылатын жылу беру жүйесі технологиясын да атап өтуге болады. Жылу қазандығына орнатылатын мұндай қондырғы арқылы қала ай сайын 3,5 млн теңге үнемдей алады екен.
Ал Каспий университетінің ректоры ЭКСПО көрмесі барысында цифрландыру, оқу процесін оңтайландыру, білім ордасын смарт университет деңгейіне жеткізу бағытындағы жобаларды құп көргендерін жеткізді. Оның айтуынша, жаһандық көрме оқытушылар мен студенттердің заманауи жобаларға деген қызығушылығын арттырып, зерттеу жұмыстарына тың серпін берген. Бүгінде университет баламалы энергия көздерін пайдалануға ден қоя бастапты. Қазірдің өзінде оқу ордасында қолданылатын жаңғырмалы энергия көздері 1 пайызды құрайды, енді үш жылда оның көлемін 10 пайызға жеткізу көзделуде. Сондай-ақ білім ордасы смарт-университет деңгейіне екі жылдың ішінде қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
Ал Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті тәжірибеге енгізу үшін көрмедегі 105 жобаны іріктеп алыпты. «Халықаралық көрменің арқасында шетелдік әріптестермен тікелей пікір алысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Бүгінде Ресей, Польша, Австрия, Германия елдерінің ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасау жөнінде келісімге келдік», дейді ректор Б.Жәутіков. Университет таңдаған жобалардың қатарында энергияны үнемдейтін жылу қондырғылары, «ақылды» жылу жүйелері, күннен қуат алатын модульдер, көгілдір көмір, тағы басқалар бар.
Университет ректорларының айтуынша, енді ғана қолданысқа енгізіле бастаған жаңа технологиялардың экономикалық тиімділігі туралы айту әлі ерте. Алғашқы жобалардың пайдасын ел биылғы жылдың соңынан бастап көретін болады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»