Қазақстан • 26 Қазан, 2017

«Хат қоржын»

705 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

...сұрау салады

Игі істі неге қолдамаймыз?

Былтыр Байғанин ауданы жерлеріндегі қараусыз қалған ұңғыларды ашқан біреулер мұнай аламыз деп жүріп, құбырларды жарып алғаны туралы жазғанмын. Комиссия құрылып, апаттың салдарын жойдық деп есеп бергенмен, ұңғыдан аққан мұнаймен ластанған 8 мың шаршы метр жер сол күйі жатыр еді. Ауылдың белсенді тұрғындары дабыл көтеріп, шу шығарып ол туралы бүкіл құзырлы органдарға ашық хат жазды. Бірақ олардан көреміз, шешеміз деген жауаптан басқа еш көмек болмады. Біраз бұрын экологиялық альянс құрылып, соның Астанадағы бас қосу жиылысына барған Жанболат  Жұбанов есімді азамат осы мәселені сол жерде тағы көтереді. Жақында Жанболатқа Алматыдан бір кәсіпкер хабарласып, лас жерді тегін залалсыздандырып беремін дегенді айтыпты. Бірақ оның бұл игі ісін қолдар облыстан адам табылмай отырғанын естігенде, не дерімді білмедім. Біреу келіп, экологияңды жақсартып береміз дейді. Оған бір тиын ақша сұрамайды. Өз қаржысына жасамақшы. Онда неге ол кәсіпкерді қуана қарсы алмаймыз? Неге теріс қараймыз? 

 

Бақыт ЖАНШАЕВА
 Ақтөбе облысы

 

 

...ризашылық білдіреді

Театр тарландарына құрметім зор

Бұл күндері ширек ғасырлық тойын өткерген Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында еңбек еткен театр тарландарының еңбегін құрметтей отырып, солардан орны бөлек екі азаматқа тоқтала кетсем деймін.

Алғашқысы – жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевың «Әміре» драмасын қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязов. Ол 1986 жылы студент кезінде-ақ Шымкент облыстық драма театрында Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» спектаклін қойып көрермен алғысын алды. 2002 жылы Ж.Мольердің «Скапеннің айласы» спектакліндегі «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымын иеленсе, Халықаралық театрлар фестивалінде «Үздік режиссер» белгісін жеңіп алды. Яғни Н. Жұманиязовтың бұдан басқа да марапаттары баршылық. Еңбегі бағаланып оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы да берілді. 

Келесі – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов. Ол кино және театр режиссері, кинодраматург. Оның «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты фильмін ерекше атап өткім келеді. Бұл туындысы Германияда өткен кинофестивальде бас жүлде, Италияда күміс иеленсе, Португалияда арнайы жүлдеге ие болды. Ал «Қазадан кейінгі жаза» фильмі арқылы ерекше қолтаңбасы бар шынайы суреткер екенін дәлелдеді. 

Еңбегімен құрметке бөленген осы қос азаматтың жеткен жетіс­тіктеріне ризашылығымды білдіре отырып, алдағы уақыттарда олардан «Әп, бәрекелді!» дегізер тың туындылар күтеміз.

 

Сағат БАҚЫРШЫҚОВА,
зейнеткер ұстаз
Астана

 

 

...әсерімен бөліседі

Діндегі алауыздық

Осындай тақырыпта Маңғыстау ауданына қарасты Жыңғылды ауылындағы «Ұлан» балабақшасында Маңғыстау ауданы әкімдігі жанындағы діни ақпараттық түсіндіру тобының жиыны өткізілген болатын. Жиынға аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы А.Қонарбаев, исламтанушы теолог Е.Айнақұлов, Маңғыстау облыстық дін істер басқармасының дін талдау орталығының аудандағы өкілі А.Басбеков және балабақша ұжымының мүшелері қатынасты. 

Бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналған дін проблемасы барша әлемді алаңдатып отыр. Ислам дінінің өзі көптеген топқа бөлініп отыр. Салафизм, құраншылар, зікіршілер деп сан саққа бөлініп келеді. Діндегі алауыздық дегеніміз бұл қазіргі таңда түрлі секталар мен ұйымдардың немесе  жалған ұстаздардың шамадан тыс көбеюінен пайда болатын дүниелерді айтуға болады. 

Жиында балабақша қызметкерлері ауданнан келген дін саласының өкілдеріне өздерін мазалаған сауалдарын қойып, әсіресе ауыл тұрғындары тарапынан хиджаб турасында, намаз оқудың пайдасы сияқты сауалдарына нақты жауаптарын алды.   


Алдаш ШОҢАЙ
Маңғыстау облысы

 

 

...батасын береді

Кәсіпкерлерге ел разы

Кәсіпкерлер қажетті мамандарды жұмысқа тарту үшін Қарағандыдағы колледжге оқу құралдарын сатып әперіп, алдыңғы қатарлы техникалар зертханасын жабдықтаған болатын. Шағын және орта бизнесте байланыс саласының мамандары жетіспейді. Кәсіпкерлер индустриялық-технологиялық колледжді өз қам­қорлықтарына алып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. Колледжде құрамына бірнеше кәсіпкер кіретін қамқоршылық кеңес құрылып, келісімшарт аясында оқу процесінде студенттерді қажетті барлық құралдармен жабдықтауда. Өңірлік кәсіпкерлер колледждің зертханасын 4 миллион теңгелік жабдықтармен қамтамасыз етті. Оқу орнында «Электр байланысы сызықтық құрылғыларын және сымды хабар таратуды эксплуатациялау» мамандығы бойынша дуалды оқытуды енгізу іс-шарасын жүзеге асыру мақсатында төрт фирмамен төрттарапты келісімшарт жасалды. Қазір студенттер оқуға арналған барлық қажетті құралдармен жабдықталды. Бұл көмек олардың оқуға деген ынтасын арттырды.

 

Ирина КИСИЛЕВА
Қарағанды облысы

 

 

...алғыс айтады

Ағайындарға ризамыз!

Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Рысқұлдың қабірі Талас топырағында ма?» атты журналист Хамит Есаманның мақаласын оқып, Рысқұлдың қабіріне көп жылдан бері қамқорлық жасап келе жатқан Талас ауданы жұртшылығын, оның ішінде Ойық ауыл округі тұрғындарының иманды, өнегелі істерін атап өткен мақала авторына алғысымызды білдіреміз.

Т.Рысқұловтың 100 жылдығына орай 1995 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы жұртшылығы, аудан  және Ойық ауыл әкімінің  басшылығымен Рысқұл қабіріне темір шарбақ орнатылып, аты-жөні жазылып, құлыптас қойылған.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы жұртшылығы 2015 жылы Рыскұлдың қабір басындағы құлыптасты жаңғырту мақсатында, бұдан 20 жыл бұрын қойылған қабірден құлыптасы алынып, оны Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы мұражайға киелі белгітас ретінде сақтауға қойылды. Түлкібас ауданында жасалған мәрмәр тас бетіне Рысқұл бейнесі бедерлендіріліп орнатылды, қабір кең көлемдегі темір шарбақпен қоршалып, айналасы абаттандырылды. 

 

Өміртай ҚАЛЫҚҰЛОВ,
сот жүйесінің ардагері
Оңтүстік Қазақстан облысы, 
Түлкібас ауданы