Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Мүгедек балаларға кім көмектеседі?

822 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде Семейдегі қоғамдық ұйымдар дабыл қағуда. Себебі аутизм диагнозы қойылған балалар тілдері дұрыс шықпағандықтан, құлақтары шала-шарпы еститіндіктен үйде отырып қалуға мәжбүр. Психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия (ПМПК) мүшелері оларды оқытып-үйрету мүмкін емес деген қорытынды шығарып қойған. Сондықтан да қоғамдық ұйым өкілдері қалалық білім бөлімі мен ПМПК мүшелерін жиналысқа шақырып, арнайы оқытуға лайық балалардың мектептер мен балабақшалардағы түзету-тәрбиелеу топтарына баруларына мүмкіндік жасауларын, рұқсат етуін сұрады. 

Мүгедек балаларға кім көмектеседі?

– Тіпті осындай арнайы топ­­­­тардағы орындардың өзі ба­лаларға толық жетпей отыр, – де­ді «Отбасы орталығы» қо­ғам­дық қорының төрайымы Жан­­на Жибраева. –Биылғы қыр­кү­йектің басында біздің орта­лыққа аутизм және тағы басқа да ойлау қабілетінде ақауы бар балалардың бір топ ата-аналары өтініш жасады. Олар­дың айтуынша, көмек сұрап ше­неуніктердің табалдырығын тоздырса керек. Айтқандарының реті бар. Се­мейде сыныптардың жа­нынан ашылған түзету-үйрету топ­та­­рындағы орын аз, жетпейді. Оған барлық мүгедек бала бара ал­­майды. Және қала бойынша­ тек үш жалпы білім беретін мек­тепте ғана осындай топтар бар. Аналарының сөзінше, арнайы ма­ман болмағандықтан, балаларды үйлерінде хат таныту қиын.

Тіпті дамуында кішкене ға­на ақауы бар бала үйде отырып қал­ған соң, оның өмір сүруге де­ген­ құлшынысы жойылып, ауруы одан сайын асқынып ке­те­ді екен. Мамандармен, пси­хо­­нев­рологиялық диспансер­ дәрі­герлерімен кеңесе ке­ле түсін­генім, ПМПК-ның бала­лардың пси­хикалық дамуына анық­­тама бе­ретін кейбір хаттамалары мен шарттары сонау Кеңес кезінен қалғандықтан, әлдеқайда ескіріп кеткен. Сондықтан да қазіргі заман талабына сай, психологиялық, педагогикалық, медициналық стандарттар бекуі керек. 

«Отбасы орталығы» қоғамдық қоры қыркүйек айының басында қалалық білім бөлімі мен ПМПК мүшелерін шақырып, осы проб­леманы шешу үшін жиналыс өткізеді. Содан бері екі айдың жүзі болса да бұл мәселе шешімін тап­­паған. Айтылған дүние сол күйі қалғанына алаңдаған қо­ғамдық ұйым енді қаладағы қо­ғамдық кеңестің назарына осыны тағы бір мәрте ұсынып, ПМПК мүшелерін, дәрігерлерді екінші рет шақырып, ақылдасты. 

– Семейдегі үш мемлекеттік балабақшада көз, құлақ, тіл дамуында кемістігі бар балалар үшін түзету топтары бар, – деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Ғалия Нұрғалиева.Үш жалпы бі­лім беретін мектепте осындай топ бар. Бұдан өзге барлық мем­лекеттік балабақшалар мен 28 мек­тепте инклюзивті топ­ бар, әр мектепке бір мүге­дек бала ғана қабылданған. Жа­қын аралықта Семейде жаңа ба­ла­бақша ашылады деп күтіп отырмыз.

Мұнда да қосымша түзету топтары іске қосылады. Қа­зір бұл балабақшада жөндеу жұмыстарына орай несие алу, сондай-ақ түзету-үйлестіру топтарына құрал-жабдықтар алу жұмыстары жүріп жатыр. Семейде же­кеменшіктегі ақылы түзету-тәр­биелеу орталығы бар.­ Онда да ал­дағы уақытта мем­лекеттік тапсырыс арқылы қо­сымша топтар ашы­луы мүмкін.

Жиналысқа қатысып отырған бір ата-ананың айтуынша, ақылы орта­лықтар мен балабақшадағы қызмет түрі өте қымбат. Айына кей­де 40 мың теңге төлеу керек­ екен. Ал ПМПК-дан түзету топ­тарына жолдама алу тіпті мүм­кін емес, кезекке тұрғандар са­ны жетерлік. Десе де, мүгедек ба­­ла­ларға балабақшаға баруға жол­­да­ма тез береді, бірақ денсау­лық­тары жоқ балалар ондай жерлерге бара бермейді. Оларға арнайы мамандар керек.

Мәселен, де­фектолог, психолог, логопед және педагог болуы керек. 

– ПМПК мамандары әр балаға жеке нұсқау бекітіп береді, түзе­ту орталықтарында соған орай бағдарлама әр балаға жеке жасалады. Біз ПМПК талаптарынан шыға алмаймыз, – деген Ғалия Нұрғалиеваның пікіріне Жанна Жибраева «осындай қа­тып қалған догма шарттардан құ­тыл­ған жөн» деген ұсынысын айт­ты.

– Балалардың дамуына мүм­кіндік берейік, – деді Жанна Жиб­раева. – Оларды дамымаған екен деп одан сайын тұқырта береміз бе, олар математика мен әріпті танып, өздерінің құжат­тарын өздері қарай алатындай жағдайлары болу керек қой. Өзі әлсіз туған баланы ПМПК хаттамасына тіркеп қоямыз, анау болмайды, мынау болмайды деп. ПМПК мамандары ондай хаттамаларын баламен небәрі екі-үш минут сөйлесіп қана бере салады, өмірбақи жанында зерттеп отырмайды. Ал олардың қасында өмірбойы отыратын аналары «қоғам бізге неге қатал?» деп ашы­­нады. 

Қала әкімдігі жанындағы қо­ғам­дық кеңестің мүшесі Нико­лай Исаевтың айтуынша, кез кел­ген бала тез өсіп кетеді. Мүге­дек балалар жағдай жасалуын­ ұзақ тосып отыра алмайды. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері білім бөлімі мен ПМПК-ға үйде отырып қалған балаларға көмек беру үшін жағдайды тездетіп жасауды тағы да бір мәрте сұрады. 

 

 

Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист

СЕМЕЙ

Суретті түсірген автор