Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Қамкөңіл қарияларды бір қуантты

266 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Глубокое ауданы аумағында орналасқан Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету ор­та­лығы 120-ға жуық қарияға қызмет көрсетеді. Өңіріміздегі іргелі өндіріс орындарының бірі «Қазцинк» компаниясы жақында осы мекемедегі мүмкіндігі шек­теулі жандарға ерекше сый жасап, автоматтандырылған көтеру құрылғысын тарту етті. 

Қамкөңіл қарияларды бір қуантты

Орталық қызметкерлері бұған дейін өздігінен жүріп-тұра алмайтын, қол арбаға таңылған ардагерлерді жоғары қабаттарға өз күштерімен көтеріп шығарып жүріпті. Енді жаңа құрылғының көмегімен қоларбада отырған қарияларды жоғарғы-төменгі қабаттарға емін-еркін көтеріп-түсіруге болады.

«Мына құрылғы өте қолай­лы екен. Бұдан былай бізге қарай­ласатын әлеуметтік қызмет­кер­лерді бұрынғыдай көп әуреге түсірмейтін шығармыз. Жаңа құрылғы осы мекемедегі қоларбамен жүріп-тұратын қатарластарымызға үлкен көмек болады деп ойлаймын. Игі іске ұйытқы болған жандарға ерекше алғысымызды айтамыз», дейді Қарттар үйі тұрғындарының бірі, өзі де қоларба көмегіне жү­гінетін қария Александр Серебряков.

«Қазцинк» компаниясының Өскемендегі кәсіподақ ұйы­мы­ның төрағасы Николай Потапенко жуықта осында іс-шара өткізгенде ардагерлер тарапынан жаңа құрылғының қажеттігі жөнінде өтініш түс­кенін айтады. «Біздің компания ардагерлерді ешуақытта назардан тыс қалдырған емес. Әрдайым қолдап, қоштап, демеп отырады. Жалпы, аға буын өкілдеріне қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді», дейді ол.

 

 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН