Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Атақты композитор ардақталды

939 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аманкелді ауданында қазақ­тың ән өнеріндегі айтулы тұлға, композитор Бақытжан Байқа­да­мовтың туғанына 100 жыл толуы­на орай ән-күймен астарланған мәдени-көпшілік шара өтті. Екі күнге созылған мерекені «Айгөлек» атты балалар ән бай­қауы бастады.

Атақты композитор ардақталды

Аудандық мәдениет үйінде ине шаншар орын болмады. Бақытжан әніне сусаған тың­дау­шылардың арасында жастық шағын «Су тасушы қыз», «Алма ағаштар жайнайды» әндерінсіз еске ала алмайтын аға буын өкілдері де, ком­позитордың классикаға айнал­ған шығармаларын тамсанумен тыңдайтын бүгінгі замандастар да отырды. Балапан қанат әншілер Бақытжан атасының әндерінен өнер көгіне күміс теңге шашты.

Байқауға Бақытжан Байқадамовтың шәкірті болу бақытын иеленген қазіргі қазақ музыка өнерінің майталмандары атанған композиторлар Балнұр Қыдырбек, Жоламан Тұрсынбаев, Қалибек Дербсалдин, Қайыржан Мақановтар қатысты. Әкесінің туған жеріндегі кешке қыздары Балдырған, Айкүн, Әлия Байқадамовалар және немерелері шақырылды. Айтпақшы, зерт­теуші-ғалым Балдырған Байқада­мова «Айгөлек» балалар ән бай­қауы­на қазылық етті. Жүлделі орын алған Ерназ Қабдыхамитов, Тұрыс­­бек Нұрболат, Ақмырза Аяу­лым, Жапар Айсұлу, Жұмағали Ай­наз, Ақниет Азаматқызы секілді балалардың өнеріне ризашылығын білдірді. Құнарлы топырақтың құр бол­майтынына, халқымызға әлі талай марғасқаны береріне сенім білдірді. 

Мұнан кейін «Бақытжан Бай­қа­дамов әлемі: композитор тағ­­ды­­рының тағылымы» атты ғы­лыми-практикалық конференция мазмұнды өтті. Онда Балнұр Қыдырбек, Қайыржан Мақанов, Ха­­митбек Мұсабаев, Еркін Қожах­метов, Жұпар Таткенова, Құлтан Орманбек, Балдырған Байқадамова сынды зерттеушілер композитор өмірінің белгісіз жақтарын, қал­дыр­ған музыкалық мұрасының қа­зақ мәдениетіндегі алатын орнын бағамдады. Олар­дың қайсысы да Бақытжан Бай­қадамовтың қазақ ән өнерін ерекше деңгейге көтер­гендігін, жаңа леп әкелгендігін, қазақ музы­­ка­­сында хор жанрын қалып­­тас­тырып, сол арқылы халқы­мыз­дың ән мұрасын сыртқа паш етке­нін айтты. Композитордың шы­ғармаларынан тұратын кон­церт­­те Елубай Өмір­зақов атын­дағы облыстық филармония му­зы­канттарының сүйе­мелдеуімен аудан өнерпаздары ән­нен шашу шашты. Белгілі әнші Ғазиза Жұме­кенова композитордың әнде­рін нақы­шы­на келтіре орын­дағанда қоңыр күз­де «алма ағаштары жай­на­ған­дай», ән құдіреті салтанат құр­ды. Сонымен қатар композитор кеші­нің құрметіне күйші Анар Мұз­даханова, композитор-ән­ші Қали­бек Дербсалдин, тағы бас­қалар өз шығармаларын орындады. 

– Бір айта кететін жайт, қа­зақ музыкасындағы ешкімге ұқса­майтын ірі тұлға Бақытжан Байқа­дамов туралы туған жері Қостанай облысында оған арналған тұңғыш ша­раның куәсі болдым. Бірақ өнер жұлдызы, классик компози­тор дүйім жұртқа ортақ. Оның шы­ғар­малары туралы мұндай шаралар елі­міздің қай шалғайында өтсе де, тек рухани азық сыйлары анық, – дейді Қалибек Дербсалдин. 

Ал «Тойтөбе» алаңында өткен топ бәй­ге той қызығын қыздыра түсті.

 

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы, 
Аманкелді ауданы