Қазақстан • 26 Қазан, 2017

Абыл оркестрін аспап жайы алаңдатады

641 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жеті қайқы» мен «белгілі бес жүйріктің елі» атанған Маңғыстаудың ән-күйін халық назарына ұсынып, қазақтың төл мәдениетін шетелдерге танытуда зор еңбек сіңіріп жүрген өнер ұжымдары аз емес. Солардың бірі – Абыл атындағы ұлт-аспаптар оркестрі. 

Абыл оркестрін аспап жайы алаңдатады

Күйші Мұрат Өскінбаев атын­дағы Маңғыстау облыстық филармония жанынан 1995 жылы құрылған оркестр жиырма жылдан енді асатын өз тарихында кәсіби тұрғыдан жан-жақты жетіліп, репертуарын молайта түсті. Өзіндік ізденіс көкжиегін кеңейтуді қазақ өнері мен мәдениетін жастарға насихаттау және оны өзге елдерге таныту бағытымен бірге алып келеді.  Украина, Ресей, Әзербайжанда өнер көрсеткен ұжым ел ішіндегі айтулы шаралардан, байқаулардан тыс қал­майды және жүлдесіз де емес. 

Бүгінде репертуарлық қоржы­ны 800-ден астам шығармамен толыққан оркестр құрамында есі­мі елге танымал Қазақстанның Еңбек сі­ңір­ген қайраткерлері Сер­жан Шә­кірат, Роза Айдарбаева, Қазақ­станның Мәдениет қайрат­керлері Нұрияш Оспанова, Жола­ман Көшкінов, Қазақстанның Мә­де­ниет саласының үздіктері Асқар, Асанәлі Көшеровтер, Ақ­ма­рал Ерімбетова, «Құрмет» ор­денінің иегері Тамара Асар жә­не бас­қа да танымал  күйшілер мен саңлақ өнер­паздар қызмет етеді.

Жиырма жыл ішінде құрамы 60 адамға артқан ауқымды өнер ұжымының басты мәселесі аспаптар үнінің біркелкі болмауында болып отыр. Ал ол оркестр орын­дауындағы шығармалардың дыбыстық селкеулігіне әкеліп соқ­ты­рып, өнерпаздардың шығар­машылық шеберлігіне, тұлғалық имидж­­­деріне нұқсан келтіреді екен. 

– Оны болдырмау үшін аспаптар бір шебердің қолынан шығуы және  домбыра – тенор, бас-домбыра, контрабас-домбыра, флей­та, гобой, қобыз-прима, баян, шертер, виолончель, домбыра прима аспаптары бірдей ма­териалдан жасалуы тиіс. Осы мәселенің себебінен және оркестр құра­мының артуына байланысты, оркестрді жаңа музыкалық аспаптармен қамту қажеттігі туындап отыр, – дейді Маңғыстау облыстық филармониясының қызметкері, әнші Күләш Досмұхамбетова.

«Ұста пышаққа, етікші бізге жары­майды» дегендей, ұлт өнерін насихаттап жүрген өнер ұжы­мының қалауы да өнерге, аспапқа қатысты болып шықты. Демек өнер өз деңгейінде өрістеуі үшін аспапқа қатысты кем-кетіктің болмауы қажет-ақ.

 

 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы