Медицина • 26 Қазан, 2017

Шигео КАТСУ: Білім институттары қоғамдағы жылдам өзгерістерге икемделуі керек

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы ЭКСПО қалашығының Конгресс-Холл сарайында «Білім берудің жарқын болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация» тақырыбында IX халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр.

Шигео КАТСУ: Білім институттары қоғамдағы жылдам өзгерістерге икемделуі керек

«Назарбаев университеті» ДББҰ президенті Шигео Катсу талдау мен саралау қабілеті зор және жеке тұлға ретінде коммуникативті, зияткерлік дағдыларға ие адам қалыптастыру үшін білім құндылықтарының басымдыққа ие екенін жеткізді.

– Бұл білім алушылар мен отбасы тарапынан өзіндік бір тәртіпке бағдарлануды, барлық мәселені жұмыла қарастыруды талап етеді. Біз осы құндылықтар ары қарай дамуы үшін балаларға айрықша серпін беруіміз керек. Осыған орай түрлі технологиялық-инновациялық әдістемелер арқылы балаларды шынайы өмірге дайындауымыз, олардың өркендеуін қамтамасыз ету үшін этикалық, рухани тәрбие жағына да зер салу керек. Оқушылардың сана-сезіміне ғана ықпал етіп қоймай, жүректеріне жол таба білу керек, – деді ол.

Университет басшысының айтуынша, білім алушы жас қоғамдағы өз орнын тауып, Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосуы үшін барша саланы қамтыған инновацияны меңгеруі тиіс. Өйткені түрлі саладағы қызмет ақылды машиналар, озық құрал-жабдықтар сияқты жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияны талап етеді. Қазіргі зерттеулер адамзатқа тиесілі жұмыстың жартысын жақын болашақта жасанды интеллект жүйесі орындайтынын болжайды. Ш.Катсу келешекте цифрландыру үдерісі экономикадағы жаңа серпіліске алып келетінін, оның жаңа мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндерге толы болатынын атап айтты. Сондай-ақ қазіргі алдын ала болжана бермес ауқымды өзгерістердің адамзат өміріне ықпал ететіндігін, оның шешімін табуда білім құндылықтары мен инновацияның маңызы зор екенін жеткізді. «Білім беру институттары қоғамдағы жылдам өзгерістерге ден қоя білуі тиіс. Түлектерге арнайы сұраныс болуы үшін орта білім оқу орындарының түлектеріне дейін өзгеріске икемді болуы керек» деді Ш.Катсу.

Конференция жұмысы есімдері әлемге таныс сингапурлық Он Сен Тан, америкалық Паси Салберг, франциялық Юри Белфали, канадалық Гордон Ньюфелд сияқты белді спикерлердің дәрістерімен басталып, әртүрлі форматтағы презентациялар мен панелдік пікірталастарға, постер-сессияларға, дөңгелек үстелдерге жалғасты. Сондай-ақ білім беру ресурстарының көрмесі ұсынылды. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасына Парламент депутаттарының қатысуымен арнайы бөлім ұйымдастырылды.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»