(ERG) Еуразиялық топтың құрамына кіретін «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы – «Ақсу ферроқорытпа зауыт» алып кәсіпорындар қатарында. Өндіріс орнында 7 мыңдай адам еңбек етеді. Жылына 1,2 миллион тонна ферроқорытпа өндіретін зауыт біздің елімізде ғана емес, әлемдік металлургия нарығындағы ірі кәсіпорындардың бірі саналады.
Жуырда зауыттың №4 балқыту цехында күрделі жөндеуден өткен №47 пеш пайдалануға берілді. Алып электр пешінің күрделі жөндеуі зауыттың инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асты. Зауыт директоры Сергей Прокопьевтің айтуынша, ескі пешті жөндеу жұмысы қыркүйек айында басталыпты. Пеште жоғары көміртекті феррохром өндіріледі. Механикалық, гидравликалық және энергетикалық техникалық қажеттіліктері автоматтандыру жүйесіне ауыстырылып, металлургия саласындағы озық құрал-жабдықтар орнатылды. Қауіпсіз әрі экологиялық жағынан таза. Заманауи технология, жаңа пештің қосылуы зауыттық өнімділігін, арттырады. Пештің жылдық өнімділігі – 27 мың тонна жоғары көміртекті феррохром. Заман талаптарына сай жабдықтауға, жаңартуға салынған инвестиция көлемі – 1,4 млрд теңге.
– Қазіргі күні жүргізіліп жатқан негізгі және қосалқы жаңғырту жұмыстары-кәсіпорынның тұрақты дамуының басты факторы. Зауыттың барлық өндірістік нысандары еңбекті қорғау, қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау саласында заманауи талаптарды есепке ала отыра жобаланып, жетілдіріліп отырады. Біздің компанияда әлем нарығына шығуға мүмкіндік беретін ферроқорытпа өндірудің тәжірибесі қолға алынуда. Әрбір күрделі жөндеу – жаңа пеш іске қосылды деген сөз,– дейді зауыт директоры Сергей Прокопьев.
Жөндеуден өткен пештердің іске қосылуы – өнімділікті арттыруға, жұмыс сапасын жақсартуға, жұмыс орындарының ашылуына үлес қосады. Қай өндірісте болсын бұл аса маңызды. Автоматтандыру, электродтардың қуаттын тиімді пайдалану және олардың ток режімін тұрақтандыру арқылы энергия үнемдейді. Балқытушылардың еңбек қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.
– Зауыттың өз мамандары жасаған пештердің күрделі жөндеу жұмыстары-біздің елімізде әлемдік деңгейде ферроқорытпа өндірісін өндіруді жүзеге асырудың тағы бір көрінісі. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын зауыт мамандары жасады. Бұл біз үшін мақтаныш. Кәсіпорынның «Ұқыпты өндіріс» бағдарламасының жүзеге асырылуына үлес қосқан металлургтерге ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді зауыт директоры Сергей Прокопьев.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы
Суреттерді түсірген
Ирина СЫЧИНА