Аймақтар • 27 Қазан, 2017

Семейдегі радиологиялық орталыққа сапасыз жабдық орнатылған

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сонымен Семей полигонынан зардап шеккен тұрғындар үшін пайдалануға беріледі деген Ядролық медицина орталық мәселесі әлі күнге дейін нақты шешілмей жатыр. 

Семейдегі радиологиялық орталыққа сапасыз жабдық орнатылған

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің Семейге келген сапарында бұл мә­селе тағы да көтерілді. Мұндағы ра­диациялық сұйықтықты сақ­тайтын, елдің барлығын шулатып отырған жаб­дық-қорап Шымкенттің бір кәсіп­орнында жасалған екен. Ал жоба бойынша мердігерлер бұл құрал-жабдықты Германиядан әкелеміз деп ұйғарса керек. Халық үшін аса маңызды нысанның әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отырғандығын облыс әкімі тағы бір мәрте түсіндірді. 

– Сот ісі қараған сайын жаңадан фактілер анықталу үстінде, − деді облыс әкімі Даниал Ахметов, − мәселен, Шымкентте дайындалған сапасыз жабдық іске жарамсыз. Әу баста мұны Германиядан әке­­леді деп сендірген. Әрине, мен түсінемін, халық шаршады. Осы­мен он рет комиссия қара­ды. Бірақ тағы бір нақты комиссия құру керек деп ойлаймын. Менің тапсырмам бойынша, осы күрделі проблеманы шешудің бірнеше жолы қарастырылып отыр. Радиациялық қалдықтарды жинап, сақтайтын жабдықты ауыстыру керек. Өйткені сапасыз, сондықтан сенімсіз жаб­дық. Мұның қауіпсіздігі радиоло­гия­лық орталықта істейтін медицина қыз­меткерлері мен нау­қас­тардың денсаулығы үшін аса маңызды. 

Даниал Ахметовтың айтуынша, осы жабдықты қойған мердігер компанияның бұл қызмет түріне әу баста ешбір заңды құқығы болмағандығы анықталғандығы жөнінде сот шешімі өз күшіне еніпті. 

– Мердігерлер мұнда ойына келген дүниесін жасаған. Оларды ешкім қадағаламаған. Тіпті бас мердігердің де, жабдықты орнатқан қосалқы мер­дігердің де жұмысын ешкім қара­маған. Лицензиялары бар ма, жоқ па, оны тексерген ешкім жоқ. Ақыры мі­не, қалай тексе­ресе де, мәселе қайта-қай­та ба­сына келіп тіреледі. Әйтсе де, біз бұл нысанды пайдалануға береміз. Адам­дар осында емделетін болады, – деді Даниал Ахметов.

Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист

СЕМЕЙ