Руханият • 27 Қазан, 2017

Астанада «Қазақстан корейлері» атты фотокөрме өтті

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық музей мен корей мәдениет орталығының ұйымдас­тыруымен ашылған «Қазақстан корейлері» атты фотокөрмеге Қа­зақстан және Корея Республикалары арасындағы дипло­ма­тиялық қарым-қатынасқа 25 жыл және де олардың қазақ жерімен байланыстарына 80 жыл толу тарихы арқау етілді. 

Астанада «Қазақстан корейлері» атты фотокөрме өтті

Шараның ашылу рәсіміне Корея Республикасының Қазақ­стандағы  елшілігінің хатшы­сы  Те Кен Ген қатысып, Корея пре­зиденті Мун Цзы Ин­нің құт­­тықтау хатын оқыды. Ұлт­тық музейдің директоры мін­детін атқарушы Леонид Ко­четов: «Мұнда елімізде тұрақ­таған корейлердің қазіргі тұр­мыс-тіршілігі жан-жақты баян­далады. Негізінен Астана, Ал­маты, Қызылорда, Үштөбе қала­ларындағы корейлердің сурет­тері топтастырылған Ұлттық му­зейдегі фотокөрме ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Алдағы уақытта екі ел ара­сын­дағы мәдени және музей сала­сындағы ынтымақтастық қарым-қаты­настар барынша жандана тү­се­тініне сенімдімін», – деп тілек білдірді.

Көрмеге қатысушы, Парла­мент Мәжілісінің депутаты Роман Ким:

– Биылғы жыл қазақстандық корейлер үшін айтулы жыл бол­ғалы тұр. Себебі қазақ жеріне корейлердің қоныстанғанына 80 жыл толады, сонымен қатар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына – 25 жыл. Осыдан 80 жыл бұрын тағдырдың айдауымен Қазақ­станға табандары тиген корейлер жергілікті халықтың қам­қор­лығының арқасында зұлмат жылдар зобалаңынан аман қалды. Аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз келген оларды қазақтар жатсынбай бауырына тартып, қолдарынан келгенше жақсылық жасады. Мұн­дағы барша корей қауымы қа­зақ халқының қолдауына риза­шылық сезімдерін білдіреді, – деді.

8 қарашаға дейін жалғасатын фо­токөрмеге кореялық фотосу­рет­ші Ким Джинсоктың 1937 жыл­­­ғы мәжбүрлеп көшіру сая­саты салдарынан Қазақстанға қо­ныс аударған корейлердің қазір­гі ұрпа­қ­тарының күнделікті өмір-тір­шілігін бейнелейтін дү­ниелер қойы­лып,  таныстырылды. 

Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан корейлердің тағдыры мен тарихынан фотодеректер жинау мақсатындағы бұл фотожобасын әзірлеуге корей мәдениет орталығының бастамасымен Ким Джинсок 2016 жылдан бастап кіріскен болатын. 

Қазақстандағы этникалық корейлердің портреттерінен бөлек, Ким Джинсоктың жұмыстарында бүгінгі Қазақстанның да жарқын қырлары қалтарыста қалмайды: қалалық пейзаждар, табиғи ланд­­­шафтар және қарапайым адамдардың өмірі шеберлікпен үйлестірілген. 

Ким Джинсок фотокөрмесі несімен ерекшеленеді, не үшін бұл жобаға оның суреттері аттай қаланып таңдалған, болмаса біз ол туралы не білеміз десек, бұл есім Корея Республикасына әйгілі фотожурналист ретінде мәлім. Әлем елдеріне саяхат жа­сай жүріп ол Кореядағы Чед­жу аралындағы «Олле», Испаниядағы Эль Камино де Сантьяго қажылық жолындағы, Непальдағы Гималай, Париждегі француз-швейцарлық Монблан бағытындағы жаяу жүргіншілер саяхатына қатысқан. Ол өзінің барлық сапарлары кезінде адам­дардың өмірлеріндегі ең көр­кем сәттерді өз объективіне сыйдырта алуымен әріптестері арасында аса құрметке ие. Оның дер кезінде дәлдікпен фотоаппарат нүктесін баса білуі арқылы дүниеге келген туындылары Ко­рея көрмелеріне қойылған. Фо­то­графтың өзі қа­рапайым адам­дармен арадағы тығыз қа­рым-қатынасты жоғары ба­ғалайды, адамдардың тек бастарынан кешкен хикаяларды тыңдап қана қоймайды, сонымен қатар тарихи сәттерді аппаратына басып үлгереді. Фотошебер кино өнері саласына да едәуір тер төгіпті, және көптеген университеттерде фотоөнер туралы тағылымды лекциялар оқыған. Қазіргі таңда ол Корея Республикасы Президенті «Чонхвадэ» әкімшілігінің фотографы. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»