Қазақстан • 27 Қазан, 2017

Назарбаев Университетінде қазақ тілі мен түркітану мәселесі талқыланды

764 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Назарбаев Университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі қазақ тілі және түркітану департаментінің ұйымдастыруымен «Қазақ тілі мен түркітанудың өзекті мәселелері: ХХІ ғасырдағы рухани жаңғыру» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады.  

Назарбаев Университетінде қазақ тілі мен түркітану мәселесі талқыланды

Үш күнге жоспарланған жиын­ның алға қойған мақсаты жай­лы көпшілікке таныстырған бас­қосу модераторы, танымал ғалым, университеттің қазақ тілі және түркітану кафедрасының мең­герушісі Юлай Шамилоғлы, аталмыш шараны тарихтың жаңа парағы ашылған күн деп атап өтті. Ғалымның олай айтуына себеп: халықаралық деңгейде беделі үлкен аталмыш университет қабырғасында бұған дейін қазақ тілі мен түркітану мәселесі тал­қы­ланбаған екен. Екіншіден, бұл бас­қосудың тағы бір тарихи маңызы – қазақ тілі мамандары мен оқытушылардың халықаралық қауым­дастығын құрып, оның жарғы­сын бекіту мәселесі де конфе­ренцияның күн тәртібіне қойылып отыр. 

Сонымен басқосудың мақса­тына тоқталсақ, жиынға шақы­рыл­ған қонақтар мен тіл білімі­нің ғалымдары өзара пікір алма­сып, тәжірибе жинақтаумен қатар, қазіргі рухани жаңғыру бары­сында ұлттық сананың өзегі санал­ған қазақ тілін дамытудың бағыт­тарын айқындап, оны оқытудың ака­демиялық әрі кәсіби негіздерін ойластырып, сондай-ақ үздік инно­вациялық технологияларды қол­дану арқылы түркітануды жетіл­діру мәселелерін қарастырмақ. 

Жоғарыдағыдай талқыға түс­кен маңызды тақырыптар мен өзекті пікір алмасулардың шынайы жанашыры ретінде танымал Түр­кі академиясы халықаралық ұйы­мы да аталмыш шарадан тыс қал­мады. Жиынға қатысушыларға аталған мекеме атынан жолданған құт­тықтау хат оқылды. Онда: «Бү­гінде президенттік «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының аясын­да әр алуан зор жұмыстар атқа­рылып жатыр. Осы бағыттағы көп міндеттердің бірі – елімізде кеңес­тік кезеңнен бері бай дәстүрге ие бо­лып келген түркология ғылы­мын қайта жаңғырту, оның да­муына жаңа серпін беру болып табылады.

Қазіргі заманғы түр­ко­логия өз дамуының жаңа саты­сына көтеріліп, өресі кеңейіп, алтайтану саласымен ұшта­сып, екінші жағынан қазақ тілта­нумен де етене жақындығы күн сайын айқындалуда. Түркі ака­демиясы халықаралық ұйымы мен Назарбаев Университетінің алдына қойған мақсаты ортақ. Ол – біздің еліміздің ғылымына үлес қосып, жаңа дәуірдің талабына сай жас ұрпақтың тарих сахнасына шығуына ұйытқы болу» делінген. 

Сонымен қатар конфе­рен­цияның рухани-қоғамдық маңызы жайлы пікір білдірген Назарбаев Университетінің проректоры Адесида Илесанми мырза, тілдің ұлт үшін маңызы зор екеніне тоқ­тала отырып, бұл жолғы талқы­лаудың өзектілігі – ұлттың рухани жаңғыруына қатысты дегенді баса айтты.

«Сондай-ақ тіл дегеніміз – адамның жаны, демек адамның жаны тілі арқылы байланысады һәм белгілі бір топтың ішіндегі қарым-қатынасты күшейтеді. Сол себепті де, біз қазақ тілі мен түріктану кафедрасын ашып, қазақ тілін жаңғыртудың қажеттілігін қолға алып отырмыз», деді проректор мырза. Әрі қазіргі таңдағы қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі де дұрыс қадам екенін атап өтті.

Конференцияның алғашқы күні Польша еліндегі Адам Миц­ке­вич университетінің профес­соры Хенрик Яновский, Герма­ния­дағы Йоханнес Гутенбург универ­ситетінің ғалымы Юлиан Рентьшс, Назарбаев Университетінің про­фессоры Андрей Фильченко, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері, фи­лология ғылымдарының докто­ры Айгүл Ісімақова, ҰҒА кор­рес­пондент-мүшесі Шерубай Құрман­байұлы бастатқан шетелдік және отандық ғалымдар баяндамалар жасаса, басқосудың келесі күні толықтай түркология тақырыбына арналды. 

Бұл ретте түркітанушы ғалымдар тарапынан «ХХІ ғасырдағы түркітану мәсе­лелері», «Түркітану және антро­пология», «Түркі тілдеріндегі космо­го­ниялық фразеологизмдер» қатарлы тақырыптар талқыға түсті.

 

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»