Аймақтар • 27 Қазан, 2017

Шар су қоймасы қалпына келтіріледі

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жарма ауданы аумағындағы Шар су қоймасын күрделі жөндеуден өткізуге 1 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлінеді. 

Шар су қоймасы қалпына келтіріледі

Су қоймасы іске қосылса, 6 мың гектар суармалы жер пайда болады. Өскемендегі ақпараттық орталықта өткен брифингте аудан әкімі Нұрлан Сыдықов осылай деп мәлім етті. Аудан басшысының айтуынша, өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар өркен жайған Жарма ауданы 10 айдың көрсеткіші бойынша облыстағы 19 қала мен аудан ішінде 1 орынды иеленіпті. «Бақыршық кен байыту комбинаты» биыл аудан бюджетіне 50 миллиард теңге инвестиция салыпты. «Кен орны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауданға көмек қолын созып келеді. Былтыр Әуезов кентіндегі «Аққу» балабақшасын 240 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне берді.

Осы ретте айта кетер жақсы жаңалығымыз, кәсіпорын жақында осы кенттегі 1973 жылдан бері жөндеу көрмеген мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 300 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу жөнінде шешім қабылдады. Бұл білім ордасында қазір 475 бала оқиды. Бақыршық іске кіріскеннен бері ауылдағы бала саны да көбейіп келеді. Бұрын Бақыршық аталған кентке 1967 жылы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі берілгенімен, елді мекенде қаламгер атына бірде-бір көше беріліп, ескерткіш қойылмаған екен. Биыл осы олқылықтың орны толтырып, кенттің бір көшесіне дара тұлғаның атын беріп, еңселі ескерткішін орнаттық», - дейді аудан әкімі. Н.Сыдықов Бөке кенішінің жұмысы да қайта жанданып, көшіп кеткен ауыл тұрғындары қайта оралып, бұрынғы аудан орталығы – Шар қаласына да ерекше көңіл бөлініп, шағын шаһарды абаттандыруға қомақты қаржы бөлінгенін атап өтті. Мүгедек балалар мен халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа ғимаратқа көшіріліп, қала орталығында һәкім Абайға кеуде мүсін қойылғанын тілге тиек етті.

«Биыл Шарда 5 жарым шақырым жол асфалтталды. Бұл – қала тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Келесі жылы Шар шағын қалаларды дамыту бағдарламасына енгізіледі, осы ретте тек көшелерге қатысты 17 жоба әзірледік. Аталған жобаларымыз осы бағдарламаға енер болса, қалада асфалтталмаған көше қалмайды. Сонымен қатар Шарда спорт кешенін салу үшін сметалық-жобалық құжаттарды әзірлеп, сараптамадан өткізіп қойдық», - дейді Н.Сыдықов.  

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы

Суретті түсірген автор