Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Григорий Марченконы қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Г.Марченко Мемлекет басшысын елдің қаржы саласындағы, атап айтқанда, валюта нарығының ағымдағы жағдайы туралы хабардар етті.
– Соңғы бірнеше күнде теңге нығаюда. Сыртқы орта Қазақстан үшін қолайлы қалпын сақтауда. Мұнай, астық, металл бағасы жоғары деңгейде. Біз егер бұл жағдай одан әрі жалғасатын болса, онда жалпы аталған оң үрдіс сақталады деп күтіп отырмыз. Сонымен қатар, мен Мемлекет басшысына банк нарығындағы жағдай туралы баяндадым. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап оң үрдіс байқалуда. Банктер тарапынан экономиканың нақты секторына несие бөлу арта бастады. Тұрғындардың депозиттері мен салымдарының өсімі тұрақты жалғасын табуда, осы ретте депозитті доллардан гөрі теңгемен салу жалғасын табуда. Жалпы алғанда, макроэкономикалық жағдай, банк секторы мен валюта нарығындағы жағдайлар жақсы қалыпта қалып отыр, – деді Г.Марченко журналистерге арналған брифинг барысында.