Үстіміздегі жылғы есебінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 64-ші қадамды орындау үшін ғылым мен ғылыми-техникалық іс-әрекетті коммерцияландыру туралы заң қабылданғанын айтып, оның бүгінгі күні жеміс бере бастағанын жеткізді. Бұл заң бойынша ғылыми гранттар мен бағдарламалар енді мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму жөніндегі сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған.
«Біздің ғылымымыздың бүгінгі проблемасы – ғалымдарымыздың еңбегінің қолданбалы сипаты төмен және коммерциялануы жарытымсыз болып келгендігі еді. Енді жаңа заң бойынша ғалымдарымыз бір жоба ұсынғанда оны қосымша қаржыландыратын компания, кәсіпорын, бизнес немесе университет болуын талап етеміз. Сөйтіп біз бұл жобаның біреуге қажеттілігін білетін боламыз. Осы бағытта жүргізілген жұмыстарымыз нәтижесін бере бастады, оны ғылыми орта мен бизнес қолдады», деді министр өзінің сөзінде. Оның айтуына қарағанда, бүгінге дейін ұсынылған 70 грантты жобаның 67-сі қосымша қаржыландыру көздерін тапқан. Сонымен қатар министр бүгінгі таңда 525 жаңа жұмыс орнын ашатын 13,7 млрд теңгенің 75 гранттық жобасы іске асырылуда екенін айтты. Бүкіләлемдік банктің құны 110 млн АҚШ долларын құрап, технологияны коммерцияландыруды көздейтін «Өнікті инновацияларды ынталандыру» жобасы да қолға алынған. Осы қадамды іске асыру барысында 2020 жылдың қарсаңында барлық ғылыми жобалардың бизнес тарапынан қосымша қаржыландырылуы 15 пайызға жетпек.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдер стандарттарына сәйкес адам капиталының сапасын арттыруды қамтыған 76-шы қадамды да аталған министрлік іске асыруда. 2017 жылы Қазақстан осы ұйымның Білім беру саясаты жөніндегі комитетінің толыққанды мүшесі болды. Ұйымның талабына сәйкес 2020 жылға дейінгі мерзімде барлық мектептерге «0+11 сынып» қағидатымен 12 жылдық білім беру енгізіледі. 2018-2019 жылдары 3-11 сыныптарға жаңа оқу бағдарламасы әзірленеді.
Ал «Біртектілік пен бірлік» деп аталған реформаны іске асыруға алты қадам арналған. Бұл реформада Қазақстан халқы Ассамблеясына жауапты жұмыстар жүктелген. Осы ұйымның қолдауымен қазір қазақстандық біртектілікті нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы айтқанда, осы реформа, ең алдымен, жаңа қоғамдық қатынастар, қоғамның және мемлекеттің жаңа функциялары мен жаңа институттарын қалыптастыруды көздейді. Ол Жарлықтармен бекітілген «Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамыту», «Қазақстан халқы Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту» және «Мәдени саясат» тұжырымдамаларының негізінде іске асырылуда. Қазір Ассамблея азаматтық үкіметтің жаңа қоғамдық қызметі ретінде жұмыс істей бастады.
Қазақстандықтардың біртектілігін нығайту және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы «Үлкен ел – үлкен отбасы» мегажобасын да әзірлеп, іске асыруда. Ол Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын және «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер», «Алтай інжулері», «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту», «Каспий қақпасы» өңірлік мәдени-туристік кластерлерін құруды жүзеге асырумен байланыстырылады.
Соңғы реформа «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталып, оны іске асыратын 10 қадам «Ашық Үкіметтің» мөлдірлігін, мемлекеттік органдардың есеп берушілігін, қоғамдық бақылауды күшейту және азаматтық араласулардың кеңеюіне қол жеткізуді және жетілдіруді қамтиды. Осы реформаны іске асыру барысында қазір елімізде мемлекеттік қызмет көрсетілулердің сапасы жақсарып, мерзімі қысқарып, сондай-ақ барлық процестердің ашықтығы артып келеді. «Ашық Үкіметтің» «Ашық деректер», «Ашық бюджеттер» және «Ашық диалог» сияқты төрт компоненті іске қосылды.
Ұлт жоспары осылай, барлық салалар бойынша ұтымдылықпен іске асырылып, тиімді нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»