Фото: fca.kz
Станимир Стойлов «Астанаға» 2014 жылдың 21 маусымында бас бапкер болып тағайындалды. Бүгінге дейінгі уақытта команда үш дүркін ел чемпионы атанып, бір-бір мәрте Қазақстан кубогы мен Қазақстан Суперкубогына ие болды. Бұдан бөлек, егемендік алғалы бері тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Одан кейінгі жылдары Еуропа лигасының тұрақты қатысушысы болып келеді.
Ерекше атап өтерлік жайт, бірер күн бұрын «Астана» «Оқжетпеске» қарсы ойында 4:0 есебімен басым түскен болатын. Бұл Стойловтың «Астанадағы» 100-жеңісі ретінде тіркелді. Атап өтер болсақ, Премьер-лигада 77 кездесуді, ел Кубогында 8 ойынды және 14 еурокубоктық матчты жеңіспен аяқтады.
Ал Станимир Стойловқа дейін «Астана» биік белестерден көріне алмады. Ішкі біріншілікте: 2009 жылы – 2-орын, 2010 және 2011 жылдары – 4-орын, 2012 жылы – 5-орын, 2013 жылы – 2-орын. Ел кубогында ғана екі мәрте (2010, 2012) жеңіске жетті, ал еурокубоктық ойындарда айтарлықтай көзге түсе алмады.
Команда 2015 жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткенінің арқасында 16 млн еуродан астам қаржы тапты. Келер жылында деңгейі төмендеу Еуропа лигасына қатысқандықтан төрт млн еуроға жуық қаражатқа ие болды. Ал биылғы еурокубоктық ойындарда қазірдің өзінде 6 млн 660 мың еуроға қол жеткізді. Алда әлі үш ойын бар. Жеңіске жетіп жатқан жағдайда, әр ойында 320 мың еуродан, ал тең түскенде 120 мың еуродан алмақ.
17 ойын бойы жеңілмей келеді
«Астана» бүгінде өз алаңында ешкімге есе жібермейтін командаға айналды. «Астана-Арена» стадионында 17 матч бойы ешкімнен жеңілмей келеді. Нақтырақ тоқталайық.
2015 жыл. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі:
«Астана» 3:1 «Марибор»
«Астана» 4:3 ХИК
«Астана» 1:0 АПОЕЛ
Чемпиондар лигасы. Топтық кезең:
«Астана» 2:2 «Галатасарай»
«Астана» 2:2 «Бенфика»
«Астана» 0:0 «Атлетико»
2016 жыл. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі:
«Астана» 2:1 «Жальгирис»
«Астана» 1:1 «Сельтик»
«Астана» 2:0 БАТЭ
2016 жыл. Еуропа лигасы. Топтық кезең:
«Астана» 0:0 «Янг Бойз»
«Астана» 1:1 «Олимпиакос»
«Астана» 2:1 АПОЭЛ
2017 жыл. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі:
«Астана» 1:1 «Спартак» (Юрмала)
«Астана» 3:1 «Легия»
«Астана» 4:3 «Сельтик»
2017 жыл. Еуропа лигасы. Топтық кезең:
«Астана» 1:1 «Славия»
«Астана» 4:0 «Маккаби»
Команда соңғы рет өз алаңында 2014 жылы Испанияның «Вильярреалына» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде 0:3 есебімен есе жіберген болатын. Енді жерлестерімізді «Астана-Аренада» дәл осы «Вильярреалға» қарсы ойын күтіп тұр.
Ал енді осы тұста соңғы жылдары Чемпиондар лигасының финалына жиі шығып жүрген «Атлетико» мен «Астананың» трансферлік құнын есептеп көрейік. Transfermarkt мәліметі бойынша испаниялық футболшылардың жалпы сомасы 2015 жылы 338 млн еуроға бағаланған. Ал «Астана» ойыншыларының жалпы бағасы сол жылы 15,2 млн еуроны құраған.
Бауыржан Жолшиев
Жоғарыда айтылғандар Станимир Стойловтың көз көрген, ел білетін жетістіктері. Бұл айсбергтің су бетіндегі бөлігі деп айтуға болады. Ал енді оның көріне бермейтін жақтарынан көпшілік бейхабар. Болгар маманының ең жақсы қасиеттерінің бірі – үздік ойыншыларын ешқашан байлап ұстамайды. Жұлдыз ауруына ұшырап, кетемін деген шәкіртіне «қала ғой!» демейді, «жолың болсын!» айтып шығарып салады.
Біз осы тұста бірер жыл бұрын «Астана» сапында өнер көрсеткен Бауыржан Жолшиевті алайық. Таланты ешкімнен кем емес еді. Отандасымызға сырттан бірнеше ұсыныс жасалғанын білеміз. Басқа ортада өзін сынағысы келді ме, әлде жоғары жалақы талап етті ме «Астананы» тастап кете барған. Алайда, Еуропаға барып та өз орнын таппай, қайта келген. Ал «Астана» бұл кезде оның орнына футболшы алып қойған болатын.
Егер Станимир Стойловтың орнында өзге біреу болса, негізгі ойыншысын «келісімшартың бар» деп жібермей қояр ма еді?! Алайда, ол мұндай қадамға бармады. Осы тұста бірнәрсені ескеру керек, командада бапкердің абыройы ойыншыдан төмен болса, ол ұжымның биікке көтерілуі қиындау. Бапкер ылғи да шәкірттерін өзіне бағындыра білуі қажет. Ал тәртіпке мойынсұнбаған ойыншыны командада ұстаудың еш қажеті жоқ. Станимир Стойлов міне, дәл осы қағиданы жақсы ұстанғаны байқалады.
«Оның не ойлап жүргенін ешкім білмейді. Әзірге ол бізде ойнағысы келетінін айтқан жоқ. Мен мұндай адамның артынан жүгіріп, жалынбаймын. Кез келген ойыншы үшін «Астанада» өнер көрсету үлкен жетістік болып есептеледі», – деген еді 2016 жылы Қазақстан Суперкубогының алдында.
Ал Бауыржан Жолшиевтің жағдайы не болды? Осы маусымның басында «Ақтөбемен» бірге оқу-жаттығу жиынына аттанғаны хабарланып еді. Алайда ол жерде де жоғары жалақы сұрап, басшылықпен ортақ ымыраға келе алмағаны белгілі болды. Бапкерге бағынбай, жұлдыз ауруына шалдыққан Жолшиевтің кәсіби футболда алаңға шықпағанына екінші жыл өтті...
Неманья Максимович
Станимир Стойловтың білікті бапкер екеніне көптеген дәлел бар. Болгар маманының кезекті бір қырын ашпас бұрын «Астананың» экс-ойыншысы Неманья Максимович туралы қысқаша айтып өтейік.
Сербиялық жартылай қорғаушының «Астанада» бағы ашылды десек артық айтқандық емес. Елордада жүріп ол үлкен жетістіктерге жетті. Ең бастысы еурокубоктық ойындарға алғаш рет қатысып, тәжірибе жинады. Бұдан бөлек «Golden boy», яғни 21 жасқа дейінгі әлемнің ең үздік ойыншысына берілетін сыйлыққа үміткер болды. «Астана» сапындағы өнерінің арқасында Сербия құрамасынан шақырту алды. 2015 жылы 21 жасқа дейінгі жастар арасында Еуропа чемпионы атанды. Transfermarkt нұсқасы бойынша Қазақстан премьер-лигасындағы трансферлік құны ең қымбат ойыншы болды. Қысқасы «Астанаға» тарыдай болып кіріп, таудай болып шықты. Оған Португалияның «Бенфика», «Спортинг», Англияның «Уэст Хэм», тіпті «Манчестер Юнайтед», Испанияның «Валенсия» командалары қызығушылық танытты.
Неманьяның өзі ел чемпионаты аяқталғаннан кейін «Астанамен» келісімшартын ұзартпайтынын мәлімдеді. Бұл уақытта Еуропада қысқы трансфер уақыты басталған еді. Ал оның келісімі 2017 жылдың жазына дейін жарамды болатын. Сербиялық ойыншы «Валенсиямен» ауызша келісімге келген. Алғашында оның трансферлік құны 300 мың еуроны құрайды деген ақпарат тараған еді. Алайда, «Астана» мен «Валенсия» ортақ ымыраға келе алмады. Нәтижесінде Максимович тек жарты жылдан кейін Испанияға аттанды.
Енді осы тұста айта кетерлік бір жайт, Станимир Стойлов оның көмегіне мүлдем жүгінбеді, яғни бірде бір ойынға шығармады. Елордалықтар ішкі біріншіліктің алғашқы турында Шымкенттің «Ордабасы» ұжымынан 0:3 есебімен ұтылды. Қазақстан Кубогының 1/8 финалында «Жетісудан» 1:2 есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Міне, дәл осы ойындарда Максимовичтің жоқтығы білінген еді. Алайда, бас бапкер өзге жігіттерге көбірек мүмкіндік беруді жөн көрді. Алғашқы кездесуден бастап-ақ ойыншылардың бір-бірімен түсінісіп, үйлесімді ойын көрсетуін мақсат етті. Басында қиын болғанмен, түбіндегі жетістікті ойлады.
Бұл да болгар маманының біліктілігі, көрегендігі деп айтуға болады. Себебі, өзге бапкер болса, командадағы бірізділікті бұзбай, нәтижеге кері әсерін тигізбес үшін Максимовичті соңына дейін пайдаланар ма еді?!
Командаға тәртіп орнатты
Команда қанша жерден талантты ойыншыларға толы болса да, тәртіп, бапкерге бағынушылық болмаса үлкен жетістіктерге жетуі екіталай. Станимир Стойловтың осы тұста тынымсыз еңбектенгені байқалады. Ол жұлдыз ауруына шалдыққан ойыншысын не қосалқы құрамға отырғызып қояды, не өзге командаға жалға береді.
Мына жайларды байыптап көрейік. Соңғы жылдары «Астана» біраз ойыншысын жалға берді. Мысалы, биылдың өзінде Қостанайдың «Тобылына» Дидар Жалмұқан, Алексей Щеткин, Аздрен Ллуллаку, «Ақтөбеге» Абай Жүнісов, Қарағандының «Шахтеріне» Геворг Наджарян кетті. «Астана» бес бірдей ойыншысын жалға берді. Сондай-ақ, биыл дәл осы «Тобылға» жалға берілген Сергей Малый, Асхат Тағыберген, Джордже Деспотович кері қайтарылды.
Енді осы жерде «Астана» мен «Тобылдың» жағдайын ойланып көрелік. Елордада футболшылар үшін жағдайдың бәрі жасалғаны анық. Күн суық кезде «Астана-Арена» стадионының шатыры жабылып, қолайлы температурада жаттығуына, матч өткізуіне мүмкіндік береді. Еурокубоктық ойындарға тұрақты түрде қатысады. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында өнер көрсету кез келген қазақстандық ойыншы үшін арман деп айтуға болады. Ал әзірге елімізде «Астана» ғана аталған екі турнирге тұрақты қатысып жүр. Енді осы тұста «Тобылды» алып көрелік. Бұл командадағы футболшыларға жасалған жағдай «Астанамен» салыстыруға келер ме екен?! Міне, осындай шақта жұлдызы ұстаған ойыншы тәубесіне түсіп, «Астанаға» оралуға тырысады.
Әрине, бұл болжам ғана.
Серікжан Мужиков
Әрбір білікті бапкер жаңа командаға келгенде футболшылардың талантын ашуға тырысады. Оның көрегендігі, кәсібилігі де осында. Мәселен, әлемге танымал Юрген Клопп бірнеше жыл бұрын Дортмундтың «Боруссиясына» жетекшілік еткенде көпшілік біле бермейтін Марко Ройсты «Боруссия Менхенгладбахтан», Роберт Левандовскиді Польшаның «Лех» командасынан сатып алған. Осылайша Дортмуд командасында Марко Ройс, Роберт Левандовски және Марио Гетце үштігін құрды. Кейінірек бұл үштіктің қандай жетістіктерге жеткені көпшілікке белгілі. Олардың дарынын ашып, танымал еткен дәл осы Юрген Клопп болатын.
Станимир Стойлов та мұндай тәжірибеден кенде емес. Қол астындағы көптеген ойыншы өзін жақсы қырынан көрсетті, таланттары ашылды. Солардың арасынан Стойловтың төл шәкірті – Серікжан Мужиковты ерекше атап өткен жөн. Болгар маманы оның еңбекқорлығын, талантын «Жетісуда» жүрген кезінде-ақ байқаса керек. Қол астына шақырып алды. Бапкердің баптауы мен өзінің еңбекқорлығы сай келіп, нәтижесінде негізгі құрамнан өз орнын алды, басты ойыншыға айналды. 2014 жылдан бүгінге дейін «Астана» сапында 100 ойынға қатысты.
«Атлетикомен» ойнап, «Қайратты» ойда ұстады
«Астананың» әрбір ойынын назарда ұстайтын жанкүйер Мадридтегі «Атлетикоға» қарсы ойынды ұмытпауы керек. Бұл Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі матч болатын. Станимир Стойлов бұл кездесуге негізгі құрамдағы Бауыржан Жолшиев, Рохер Каньяс, Таңат Нөсербаев, Марин Аничич, Неманья Максимович, Дмитрий Шомко секілді негізгі ойыншыларын алмай кеткен болатын. Себеп біреу. «Астананы» небәрі төрт күннен кейін ішкі біріншілікте «Қайратпен» кездесу күтіп тұрған. Мадридтегі ойыннан кейін бұл кездесуге шаршаңқы күйде шығатыны белгілі. Сондықтан басты ойыншыларына демалыс берді. Ал бұл шақта «Астана» мен «Қайрат» арасында чемпиондыққа талас қызып тұрды. Әрбір ұпай маңызды, қателесуге болмайды.
Елорда командасының Мадридке қосалқы құраммен аттанатыны белгілі болғаннан кейін Стойловты сынға алғандар көп болды. Ал болгар маманының сол кездегі жауабы қысқа әрі нақты еді: «Ендігі ішкі біріншілікте ұпай жоғалтуымызға болмайды. Премьер-лиганың ойындары аяқталғаннан кейін бар ойымызды Чемпиондар лигасына бөлеміз. Шындыққа тура қарайық, негізгі құраммен барғанның өзінде «Атлетиконы» өз алаңында ұтуымыз екіталай. Мадридтіктер тобымыздағы фаворит команда болып есептеледі», – деді.
Алматыдағы маңызды кездесуде Таңат Нөсербаевтың жалғыз голының арқасында елордалықтар жеңіске жетті. 2015 жыл қалай аяқталғаны бәрімізге белгілі. Ішкі біріншілікте «Астана» «Қайраттан» жеті ұпайға қалып келе жатқанмен, соңында чемпион атанды. Ал Чемпиондар лигасындағы дебюттік маусымында топтық кезеңді төрт ұпаймен төртінші орында аяқтады.
Алматыдағы жеңіс үшін Мадридтегі кездесуді құрбандыққа шалды. Бұл да Стойловтың көрегендігі деп айтуға болады. Осы чемпиондықтың арқасында келер жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысты. Сол жылы Чемпиондар лигасына болмаса да Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. «Астанадай» жас команда үшін Еуропа лигасына қатысу үлкен жетістік еді.
Александр Бородюк – Станимир Стойлов
Бұл тұста қос маманның нәтижелерін салыстырмаймыз, себебі, екеуінің арасы жер мен көктей. Қайта олардың әр матчтан кейінгі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатын салыстырып көрейік.
«Астана» Израильдің «Маккаби» командасына қарсы кездесуінен кейін Станимир Стойлов баспасөз конференциясында салқынқандылығымен журналистерді тәнті еткен. Израильдіктерді 4:0 есебімен жеңсе де матчтан кейін ойыншыларына бірден алдағы кездесуді ойлау керектігін еске салды. Бұл туралы ол ойыннан кейінгі журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Ал матчқа дейінгі сөзінде: «Астана» өзін еуропалық командаларға қарсы ойында фаворит ретінде сезіне алмайды. Өз мүмкіндігімізді шектен тыс асырмалауға болмайды. Біз соңғы үш жылда Еуропада өнер көрсетіп жүрген болсақ та, өзімізді «Реалдың» деңгейіне қоя алмаймыз», – деген болатын. Осылайша ол командадан бүкіл психологиялық жүкті алып тастады. Себебі, кез келген матчта фаворит болып ойнау өте қиын. Жанкүйерлеріңе жеңісті уәде етіп, бірақ орындай алмасаң... Міне, бұл да Стойловтың кәсібилігі мен көрегендігінің арқасы.
Енді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюкті алайық. Румынияға қарсы кездесуде жеңілмейтінін айтқан. Алайда румындардан 1:3 есебімен ұтылды. Матчтан кейінгі тілшілерге мынадай сұхбат берді:
«Жігіттер барын салды. Алайда, шәкірттерімнің жекелеген қателіктері болып жатқаны жасырын емес. Біз осы жағын реттеуіміз керек. Қателіктердің салдарынан гол да жіберіп алдық», – деді.
Міне, осы тұста екі бапкердің сөзі мен ісі қаншалықты сай келетінін аңғаруға болады. Станимир Стойлов ылғи да арық сөйлеп, семіз шығуға тырысады.
«Астанамен» келісімшарты аяқталады
Станимир Стойлов пен «Астананың» келісімшарты осы жылдың соңында аяқталады. Болгар маманы ендігі қазақстандық клубпен жаңа шартқа қол қоя ма? Бұл әзірге белгісіз. Осыған дейін оған Түркияның «Трабзонспор» командасынан, сондай-ақ Қытайдың бірнеше командасынан ұсыныс түскені хабарланған.
Қытайдың соңғы жылдары аяқдоп спортына қаншалықты көңіл бөліп жүргені бәрімізге белгілі. Ал Анадолы жерінде еурокубоктық ойындарға жиі қатысып тұруға мүмкіндік бар. Оның үстіне «Трабзонспор» командасы жаңа ойыншылар үшін қаржысын аямайды.
Стойлов «Маккабимен» ойынның алдында жаңа келісімшарт туралы кейінірек ойланатынын жеткізген болатын. Клуб басшылығы ендігі тұста көп ойланбай болгар маманына тиімді келісімшарт ұсынғаны жөн.
Қорытынды
Кез келген команданың нәтижесі тікелей бас бапкерге байланысты. Тіпті, Еуропада атой салып жүрген «Барселона» мен «Реал» да білікті бапкерге тәуелді. Оған мысал ретінде Херардо Мартиноның тұсындағы «Барселонаны» алайық. Үздік ойыншыларға толы команда сол маусымда бүкіл жүлдеден қағылды. Сондай-ақ, Клаудио Раньеридің кезіндегі «Лестерді» алайық. Аутсайдер команданың ағылшын премьер-лигасындағы чемпиондығы әлі күнге дейін көпшілікті таң қалдырып келеді.
Әрине, қаржы мәселесі де белгілі бір деңгейде рөл атқарады. Бірақ футболда ақшаның да маңызды еместігін «Лестер» 2015/2016 маусымында дәлелдеп берді. Өз кезегінде «Астана» да Еуропа командалары секілді миллиондаған қаржы бөлмегенмен, алпауыт ұжымдарға қарсы лайықты өнер көрсетіп келеді.
Станимир Стойлов еліміз егемендік алған кезден бергі ең үздік бапкер десек артық айтқандық болмас еді. Оған жоғарыдағы «Астананың» жетістіктері мен бапкердің командаға сіңірген еңбегі дәлел.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»