Іс-шараға Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері қатысты.
Алқалы жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов ең алдымен гендер сөзіне тереңірек мән беру керектігін алға тартты. Ол гендер сөзі әйел затына ғана қатысты емес екенін, онда отбасы мәселесі де қаралатынын айтты. Сонымен қатар қоғамда кеңінен насихатталмағандықтан гендерлік бюджеттендіру ұғымын көпшілік түсіне бермейтінін, алдағы уақытта осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы қажеттігін сөз етті.
Бұдан бөлек Серік Сейдуманов аталған қағидаға қатысты құжаттардың бәрі мемлекеттік органдарға қолжетімді болуын қарастыруды ұсынды.
Бүгінде әлемнің 100 елінде гендерлік бюджеттендіру мәселесіне қатысты түрлі бастамалар қолдау тауып келеді. Ал Канада, Австралия, Швеция, Франция, Норвегия, Испания секілді мемлекеттерде негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.
– Бұл жаңадан көтеріліп отырған мәселе. Өзімнің ойымша бұл елімізде керек қағида. Біз оған дайынбыз. Осы бастаманың арқасында қаржының қай жаққа қандай көлемде бөлініп жатқанын біліп отыруға болады. Енді осы тұста бір мәселені алып қарайық, қазір мектеп мұғалімдерінің басым бөлігі әйел адамдар екені жасырын емес. Ал ер-азаматтардың бұл салада азайып кетуіне жалақы мәселесі себеп болып отыр. Болашақ жастардың қолында. Ал оқушыларға жоғары деңгейде білім беру үшін ер адамдардың орны зор, – деді Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Самиева.
Ал Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» бағдарламасының маманы Гүлнәр Смайылова гендерлік бюджеттендіруге қысқаша түсінік беріп өтті. Оның айтуынша, ол ер мен әйел адамның, қыз бен ұл балалардың мүдделерін, олардың қажеттіліктерін бірізділікпен әрі әділетті түрде есепке алатын бюджет болып есептеледі.
Қазақстан Республикасының бюджетінде гендерлік мақсаттағы іс-шараларға қаражаттың қарастырылатынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ гендерлік бюджеттендіруді енгізу ісі таяуда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының» негізгі міндеттерінің біріне айналды.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»