Медицина • 27 Қазан, 2017

Сотқа сенімхатты электронды түрде жолдауға болады

1050 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Енді сенімхатты ресімдеу үшін тараптардың өз өкіліне өкілеттік беру үшін нотариусқа баруының қажеті жоқ. Интернет желісіне қолжетімділік пен электронды-цифрлы қолтаңбасы болса жеткілікті.   

 

Сотқа сенімхатты электронды түрде жолдауға болады

Сенімхат қалыптастыру үшін «Сот кабинетінде» авторизациядан өткеннен кейін «Электронды сенімхат» бөліміне өту қажет. «Сенімхат» ашылған бетте «Қосу» батырмасын басып, сенімхат нысанын, соның ішінде өкілдің деректерін тол­тыру керек. ЖСН арқылы өкілдің жеке дерек­терін жеке тұлғалардың мемлекеттік базасынан автоматты түрде толтыруға болады.

«Электронды сенімхат» қызметі Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес, әзірленген, атап айтқанда бiр адамның (сенiм бiлдiрушiнiң) өз атынан өкiлдiк ету үшiн екiншi адамға (сенiм бiлдiрген) берген жазбаша уәкiлдiгi сенiмхат деп танылады.

Ал Азаматтық процестік кодексінің (АПК) 61-бабының 1-бөліміне сәйкес, сенімхатты сенім білдірушінің электронды-цифрлы қолтаңбасымен куәландырылған электронды құжат нысанында рәсімдеу көзделген. 

Сенім білдірушіге электронды сенімхат жасау кезінде «Электронды сенімхат» бөлігінде іске қатысушы тұлғалардың АПК-нің 46-бабының 1-бөлігінде және 60-бабының 1-2-бөліктерінде көзделген негізгі құқықтарын тізбе түрінде көрсету мүмкіндігі ұсынылған, бұл сенім білдірушіге нақты азаматтық іске қатысу үшін сенім білдірілген тұлғаға ұсынылатын құқықтар шеңберін дәл анықтауға мүмкіндік береді.

АПК-нің 58-бабының негізінде сенім білдіруші сенім білдірген өкілге бірінші сатыдағы сотта, апелляциялық сатыдағы сотта, кассациялық сатыдағы сотта мүддесін білдіру, талап арыз, шағымдар, өтініштер мен арыздар беру және қол қою, талап қоюдан толық немесе ішінара бас тарту, талапты тану, талап қою талаптарының мәнін ұлғайту, талап қою мәнін немесе негізін өзгерту, азаматтық іс материалдарымен танысу, олардан үзінді көшірмелер жасау және көшірмелерін алу, қарсылық білдіру, өтінішті, соның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдау туралы, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша, қосымша дәлелдемелерді талап ету туралы мәлімдеу, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған жазбаша ескертпелер беру, сот шешіміне, ұйғарымына және  қаулысына шағымдану, бітімгершілік келісім жасау және басқа да құқығын сеніп тапсыруға құқылы. 

Электронды сенімхатты бірнеше сенімді өкілге беру көзделген, өйткені бір іс бойынша қатысатын сенімді өкілдер саны заңнамамен шектелмеген. Электронды сенімхатты тоқтату Азаматтық кодекстің 170-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Ол электронды түрде қаралатын бір істің шегінде беріледі, сенімхаттың қолданылу мерзімі сот актісінің заңды күшіне енген және құжаттарды орындауға беру уақытымен шектелген. Осылайша, «Электронды сенімхат» бөлімінде жоғарыда көрсетілген негіздерді немесе сенім білдіруші берген электронды сенімхат мерзімі аяқталғанға дейін күшін жоюды санамалай отырып, міндетті тәртіппен «Сенімхат қолданылуын тоқтату» деген кіші бөлім көзделген.

«Сот кабинеті» сервисі іске қосылған сәттен бастап, пайдаланушылар оның мүмкіндіктерін жоғары бағалады: халық сервисті кеңінен қолданады және адвокаттар мен өкілдердің тиімді жұмысына жәрдемдеседі, азаматтардың құқықтық мәдениетін жетілдіруге, азаматтардың өз конституциялық құқықтарын қорғауына ықпал етеді. Бүгінгі таңда «Сот кабинеті» сервисіне 182 670 пайдаланушы тіркелген.

«Егемен-ақпарат»