Қазақстан • 27 Қазан, 2017

Сенаторлар экспорт саясатының келешегін талқылады

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаевтың басшылығымен «Қазақстан Республикасындағы экспорт саясатының келешегі мен негізгі бағыттары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі. 


 


Сенаторлар экспорт саясатының келешегін талқылады

Дөңгелек үстел отырысына комитет мүшелері Михаил Бортник, Мұратбай Жолдасбаев, Әлімжан Құртаев, Манап Көбенов, Еділ Мамытбеков, Ерік Сұлтанов, салалық министрліктер мен мекмелердің басшылары, бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел отырысын аша келіп А. Бейсенбаев, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту және 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты бірте-бірте ұлғайту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленгенін атап өтті.

Комитет төрағасы сондай-ақ экономикаға түсетін экспорттық түсімнің кейіннен инвестицияда мультпликативтік әсері болатынын атап өтті. Экспорт капиталдың халықаралық қозғалысына, жаңғыртуды арттыруға, өндірісті ілгерілетуге, бәсекелестікті үдетуге, ғылыми-техникалық дамуды жеделдетуге жәрдемдесетін болады. Экономиканың көлік, қаржы, туризм, білім беру, медицина, ғарыштық қызмет және ғарыш аппараттарын сынақтан өткізу секілді секторлары бәсекелестікте артықшылықтарға ие және экспортты өрістетуде әлеуеті зор. Көлік қызметін көрсетудің де экспорттық әлеуеті мол.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сенаторлардың алдында «Қазақстан Республикасының 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық экспорттық стратегиясының» негізгі көрсеткіштері туралы баяндама жасады. Оның баяндамасында елімізде шикізаттық емес өнімдер мен қызмет көрсетулер экспорты көлемінің ұлғаюы 2022 жылға қарай 31,8 миллиард АҚШ долларын құрайтыны атап өтілді. Қазақстанның 10 жылдағы экспортының жалпы көлемінің 99 пайызынан астамын құрайтын тауар көрсеткіштерінің 667 түрінен «экспорттық қоржындағы» келешегі бар тауарлар мен қызмет көрсетулерді айқындау нәтижесінде қазіргі кездегі 76 және жаңа 40 тауар түрі белгіленді. Министрдің айтуынша, агроөнеркәсіп саласының экспорттық саясаты ауыл шаруашылығының өнімдерін әлеуетті нарықтарға нысаналы түрде жіберуді қолдау негізінде қалыптасатын болады.

Т. Сүлейменов сыртқы сауда кедергілерін жою мақсатында артықшылыққа ие сауда туралы келісім жасау туралы, сондай-ақ ветеринарлық және карантиндік (фитосанитарлық) талаптар бойынша екіжақты келіссөздер жүргізу көзделіп отырғаны жайында хабардар етті. Ашық түсті мұнай өнімдерін экспорттауды ынталандыру және қара түсті мұнай өнімдерін одан әрі өңдеу мақсатында экспорттық кеден баждарын түрлендіру туралы мәселені пысықтауға тура келеді.

Инвестиция және даму министрлігі 2017 жылы 10 сауда миссиясы жоспарланғанын, отандық тауар өндірушілердің шетелдердегі 40 салалық көрмелерге қатысқаны, 4 көрмеде суретті-безендіру сипатындағы ұлттық қабырға түрінде және 7 жарнамалық-таныстыру шаралары ұйымдастырылғанын хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен олардың өңделуі 2017 жылғы қаңтар-тамыз айларында 1 347,9 миллион АҚШ долларын құрағаны атап өтілді.

Қаржы министрлігі 2017 жылғы тамыз соңындағы жағдай бойынша шикізаттық емес тауарлардың экспорттық айналымдағы үлесі 31 пайызды құрағанын жеткізді.

Пікірлесуге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері де қатысты.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келіп, Сенат комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев айтылған өзекті мәселелер Ұлттық экспорт стратегиясында және еліміздің заңнамасында шешімдерін табуы тиіс екенін атап өтті. Шараға Парламент Сенаты депутаттарының, мемлекеттік органдардың, бизнес пен сарапшылар қауымдастықтары өкілдерінің белсенді қатысуы еліміздің сыртқы сауда қызметін дамытуға бағытталған оңтайлы ұсыныстарды әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.