Аймақтар • 27 Қазан, 2017

«Хрусталь пирамида» беделді халықаралық сыйлығын иеленді

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазцинк» компаниясы «Хрусталь пирамида» беделді халықаралық сыйлығының екі үлкен марапатын жеңіп алды. Қызметкерлерді оқыту және кемелдеу басқармасы «Жыл корпоративтік оқытуы-2017» аталымында екінші орынға ие болса, «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев «Жыл HR-басшысы-2017» аталымында гран-при сыйлығын иеленді. Бұл туралы «Қазцинк» ЖШС-нің жұртшылықпен байланыс басқармасы хабарлады.

«Хрусталь пирамида» беделді халықаралық сыйлығын иеленді

Ресей мен ТМД елдері HR-директорларының XVIII халықаралық саммиті Мәскеуде өтті. Бұл іс-шараға 400-ден астам қызметкерлерді басқару басшылары, адам капиталын дамыту жөніндегі сарапшылар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, зерттеу ұйымдарының, бизнестің жетекші мектептерінің мамандары жиналды. Бір атап өтерлігі, бұдан бұрынғы жылдары қызметкерлерді басқару саласында «Лукойл» «Хрусталь пирамида» мұнай компаниясының, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының, «РусГидро» энергетикалық холдингісінің және басқа да көптеген жетекші корпорациялардың HR-жобалары мен HR-басшылары лауреат атанған болатын.

«Қазцинк» ЖШС-нің қызметкерлерді оқыту және кемелдеу басқармасы бәсекелестердің мықтылығына қарамастан, «Жыл корпоративтік оқытуы-2017» аталымында екінші орынға ие болды. Ал «Жыл HR-басшысы-2017» аталымындағы гран-при сыйлығын біздің компания жеңіп алды. «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев «Хрусталь пирамида» сыйлығын иеленді.

«Біздің компания адамдарды жауаптылыққа, оқуға, лауазымдық сатымен өсуге, өзінің шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыруға, қосымша табыс табу мүмкіндігін пайдалануға ынталандыра отыра, олардың мүмкіндік шеңберін үнемі кеңейту жолдарын қарастырады, – дейді Андрей Лазарев. – Сонымен бірге қазіргі жағдайда HR-қызметтерге деген талаптың өсіп келе жатқанын да жақсы түсінеміз. Олар көптеген мәселелер бойынша жұмыскерлермен өзара іс-әрекет орталығы болуға, адамдар бойындағы ең құнды кәсіби қасиеттерді таба білуге, әр жұмыскердің жеке басы үшін де, жалпы компания мақсаттары үшін де білім-біліктілігін жете пайдалануына мүмкіндік туғызуға тиіс Әлбетте, ТМД елдерінен келген әріптестердің еңбегімізді бағалауы және мұндай беделді награда – біздің компанияның ұланғайыр ұжымының еңбегі, аса жоғары нәтижелерге қол жеткізуі деп білу керек. Біз ешкімге ұқсамайтын бірегей тәжірибе жинадық және ол халықаралық деңгейде лайықты бағасын алды. Ұжымның мерейтойында «қазцинктіктер» үшін өте жақсы сый болды».

Ерекше атап өтерлігі, «Қазцинк» бұл құрметті марапатқа өзінің жиырма жылдығында ие болып отыр.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН