29 Қазан, 2011

20 жылдық мереке салтанаты

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Үстіміздегі жылдың 27-30 қазаны аралығында Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында Ресей Федерациясы Конституциялық Со­ты­ның 20 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты іс-шаралар өтуде. Аталған мерейтойлық іс-шараларға Ресей Федерациясы мемлекеттік билік органдарының бірінші басшылары, беделді халық­аралық ұйымдар мен құқық қорғау институттарының, сондай-ақ шетелдердің конституциялық бақылау органдарының өкілдері, солардың қата­рын­да Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.Рогов бастаған делегация да қатысуда. Бұл мерейтойға Ресей тарабы ерекше мән беруде. Іс-шара­лар­дың ашылу рәсімі 27 қазан күні Мәскеу Кремлінде өтіп, сол жерде шетелдік делегацияларды Ресей Феде­ра­циясының Президенті Д.­А.Мед­ве­дев қабылдады. Жоғары деңгейдегі қабыл­дау­дан кейін, 28 қазан күні Санкт-Пе­тербург қаласында Конгрестер сарайында «Конституциялық ба­қы­­лау: доктринасы және прак­ти­касы» атты халықаралық ғылыми-прак­ти­калық конференция бас­тал­ды. Он­ың мақсаты – өмірдің бар­лық са­ласында Конституцияның ұлық­ты­ғын қамтамасыз ету, елдің қол­да­ныс­тағы құқығы Негізгі Заңға сәй­кес болуына консти­ту­ция­лық бақы­лау жүргізу мәсе­ле­ле­рін талқылау, оң тәжірибе алмасу, сондай-ақ конс­титуциялық әділет орган­дары­ның көпжақты және екіжақты форматтарда одан әрі ынтымақтасуы­ның негізгі бағыт­та­рын айқындау. Конференция шеңберінде Конс­­ти­туциялық Кеңестің Төр­аға­сы И.Рогов «Қазақстан Республи­ка­­сындағы конституциялық бақы­лау: құқықтық мемлекет орнық­ты­ру жағ­дайындағы жай-күйі және да­муы» тақырыбында баяндама жа­сады. Бұл баяндама Қазақ­стан­ның мемлекеттік құқық саясатын жү­зе­ге асыру саласындағы жетістіктерін кең ауқымды халық­ара­лық заң­герлер қоғамдастығының назарына жеткізуге мүмкіндік берді. Өз сөзінде И.Рогов консти­ту­циялық бақылау әлем мемлекет­те­рінің көпшілігінде қазіргі заманғы демократиялық құрылыстың ма­ңыз­ды атрибуты болып табы­ла­тынын атап өтті. Ол болмайынша қазіргі жағдайда конституциялық заңдылықты, демек тұтас алғанда заңдылықты сақтау мүмкін емес. Қазақстан Республикасында конс­титуциялық бақылау мемлекеттік билік органдарын ғана емес, қо­ғам­ның әрбір мүшесін де құқыққа бойсұнуға көндіре отырып, ма­ңыз­ды алдын алу шарасы болып табы­лады, деп хабарлады Конс­ти­ту­циялық Кеңестің баспасөз қыз­меті.