Қазақстан • 27 Қазан, 2017

Бүркітбай Аяған: Ақ некені аяқасты етпеген елміз

1098 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір елде жат ағымдар алып келген «талақ» оқиғасы ушығып тұр. Мұны БАҚ беттерінен оқып, біліп жүрміз. Аз уақытта бірнеше ермен тағдыр байласып, ақыры әкесі беймәлім, тегі белгісіз бала-шағасымен далада қалған нәзік жандылардың зары өзекті өртейді. Дәстүрімізге да, салтымызға да жат, естіген жұртты үрейге қалдыратын бұл қандай неке? Біз бүгін Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Ғелманұлымен ислам шариғаты мен ұлттық дәстүрімізге негізделген төл неке қию рәсімі туралы сөйлестік.

Бүркітбай Аяған: Ақ некені аяқасты етпеген елміз

– Қазақ жұртында неке қию рәсімі талай ғасырдан бері жалғасып келеді. Алайда, қазақ тарихында жас жұптың қалай шаңырақ көтергенін қазір ұмыта бастаған сыңайлымыз...

– Сөзіңіздің жаны бар. Тарихи еңбектерге, қазақ ауыз әдебиетіне үңілсек, неке жайлы біраз құндылықтарға қанығамыз. Неке қию рәсімі бұрындары қыздың өз ауылында, оны ұзату кезінде орындалған. Құда түскен уақыттан 2-3 жылдан кейін де қиылуы мүмкін. Ал жастардың отау құруға деген келісімі неке қию кезінде сұралатын.

Байырғы қазақ қоғамында неке қиятын молданы қыздың әке-шешесі шақырған. Неке қию әдетте ойын-сауық үшін құрылған «болыс» үйде, яғни қыз әкесі ағайындарының бірінің үйінде орындалған.

– Енді некелесудің шарттары жөнінде айтып берсеңіз, тыныс-тіршілігімізде бұл жағы қалай еді?

– Қазақта ертеден келе жатқан некелесудің шарттары бар. Бабаларымыз әдеттік құқық, дәстүр бойынша жеті атаға дейін қыз алыспаған. Мұның өзі қан тазалығын, тектілікті сақтау қажеттігінен туындаса, екіншіден, екі рулы елдің бір-бірімен құдандалы-жекжат болып, татулықтың орнауына септескен.

Бой жеткен қызды ертерек тұрмысқа беру жағы да назардан тыс қалмаған. «Тұзды көп сақтама, су бұзады, қызды көп сақтама, сөз бұзады» деген мақалдың астары өте терең.

Біздің қазақтың әрбір ізгілікті әдемі бір формаға айналдырып отырғаны да ескерілетін нәрсе. Мәселен, неке қиюдағы басты ғұрып – неке суын ішкізу. Үлкендер неке суына аздап тұз, қант қосқан екен. Су – екі жастың пәктігіне, тұз – олардың бірі келешекте опасыздық етіп, некені бұзса, дәм атуына, қант – екеуінің тату-тәтті өмір сүруіне деп ырымдалған көрінеді.

Некеқияр дұғадан соң молда күйеуге қарап, жұбайлық өмірде әйеліне қамқор болуға өсиет айтады. Рәсім аяқталған соң қыз ата-анасы күйеу жігітке: «Қолыңызға бір сүйек бердік, мұны жақсылап күтіп бағыңыз, азар беріп, ұрмаңыз, беймаз жаман сөйлемеңіз», дейді, ал қызына: «Балам, жаман болма, атаңа нәлет келтірерсің», деп ақыл-кеңестерін үйіп-төккен. Некесі қиылған соң қалыңдықты жеңгелері тігілген отау үйге алып барады. Ертеңіне қалыңдық шешесі және күйеу жақтан келушілермен бірге күйеу ауылына аттанған.

– Бабаларымыздың өмірінде отбасының ойран болып, шаңырақтың шайқалуы жоқтың қасы еді. Ал бүгін тым өршіп тұр. Осының себебі неде?

– Қазақтың әдеттік құқығы бойынша ерлі-зайыптылар арасында кикілжің ушыққан жағдайда ауыл ақсақалдары араласып, талқыға салып, отбасын ажыратпау жағын көздеген екен. Сондықтан ол кезде ажырасу өте сирек кездескен және өте күрделі процесс болған. Дәстүрлі құқықтық санада қазақтар некенің орынсыз бұзылуына, жетім-жесірдің көбеюіне жол бермеген.

Алғашқы түнде қыздың жаңа отауға абыройсыз келгеніне көзі жетсе ғана күйеу жігіт қыздың жеңгелеріне хабар беріп, қалыңдықтан бас тартатынын айтады. Еркектің қабілетсіздігі білінсе, күйеуі жеті жылдай уақыт хабар-ошарсыз кеткен жағдайларда да неке бұзылуы кездескен. Бірақ бұл екі жағдай орын алса да, әйел сол әулеттің еркегіне күйеуге шыққан. «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасын еске түсірейікші, Төлеген қайтыс болған соң Жібекті қалмақ ханы Қорен айттырады ғой. Қоренге қосылғысы келмеген Қыз Жібек:

«Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы,

Жылқысын көптігінен баға алмайды,

Төлегеннің өлгені рас болса,

Жесірін іздеп келіп неге алмайды?» демей ме?.. Осылайша, Сансызбайға қосылып, балалы-шағалы болады. Міне, біздің бабаларымыздың дәстүрі.

– Енді қазіргі қоғамға қайта оралайық. Кейбір діни ағым өкілдері үшін екі-үш «бауырын» куәгер етіп, жап-жас қаракөзбен неке қия салатыны, содан соң болмашыға талақ айтып, тастай салатыны кездесіп жүр. Талақ болған әйелді тағы бір «бауыры» ала салады. Осыған не дейсіз?

– Бұған не деймін, бұл – мұсылманшылық түгілі, жалпы адамшылыққа жараспайтын іс. Мал екеш мал да мұндай сорақылыққа бармаса керек. Небір жыртқыш хайуандардың өз жұбына, ұрпағына мейіріммен қарайтынын білеміз. Ал бұларға өз ұясын бұза салу шыбын шаққандай да әсер қалдырмайды. Барып тұрған азғындық. Адамзатты бақытты етуге келген ұлы Ислам да бұған рұқсат береді деп ойламаймын.

Сонымен бірге өткенде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан  ұйымдастырылған бір жиында осы неке мәселесіне қатысты заңға өзгертулер енгізгелі жатқан жобаға қатысты өз пікірімді білдірген болатынмын. Кейін ол заң жобасындағы неке мәселесіне қатысты тармақтар қоғамдық талқылаудан кейін министрліктің ұсынысымен алынып тасталды. Негізінде кез келген мәселенің шығу себебі мен салдары болады. Діндарлар арасындағы неке мәселесінің ушығуы, бұл – салдар ғана. Ал, себебі – білімсіздікте, сауатсыздықта.  Жалпы мұндай жағдайдың барлығы дерлік, діни адасушылық болсын, діни жоралғыларды сылтау етіп әйелін, бала-шағасын далаға тастап кету болсын, сауатсыздықтан туындап жатады. Егер адам шынайы исламды дұрыс түсінсе, исламдағы некенің мәні мен мағынасын, жауапкершілігін ұғынса, онда ол жаңағы масқараларды жасамас еді.  Бұл мәселені тек қана сауаттылықты арттырып қана жеңе аламыз. Бізге елдегі діни ахуалды ретке келтіретін мықты бір жүйе қалыптастыру керек.

– «Бір қайғы мың қайғыны қозғайды» дегендей, ата-ананың келісіміне қарамай үйлену, тіпті намаз оқымайтын болса, олармен ат құйрығын кесіп кететіндей деңгейде араласпай қоятындар бар. Бұндай оқиғалар бұрын-соңғы дәстүр-салтымызда кездесе ме?

– Ой, қарағым-ау, ақ бата мен теріс батаның парқына терең бойлайтын ел емеспіз бе? Бұрындары қазақтың ұл-қыздары өз ата-анасының, жалпы үлкендердің келісімінсіз аяқтарын аттап баспаған. Жасы кішілер үлкендерге сен демеген, қарсы келмеген. Ал енді ақ неке секілді екі дүниелік маңызы бар ұлы іске ата-анасыз, өз бетінше кірісе салады дейсіз бе? Жоқ, әрине! Бұрынғы аталарымыз ақ некені еш уақытта аяқ асты етпеген, керісінше оған үлкен жауапкершілікпен келген. Менің байқағаным, діні берік адамдар отбасына да, некеге де берік келеді. Ол, мысалы, біздің ата-әжелерімізден қатты байқалады. Менің ойымша, діннің әлсіреуі, қияли коммунистік идеяға салынып кеткендер отбасы құрылымын әлсіретті.

Адам өміріндегі ең маңызды іс осы отбасы, ошақ қасының маңында болған. Қазақ халқы неке қию салтына құрметпен қараған, ал жас жұбайлар ақ некені қасиетті санаған. Сондықтан осы түсінікке қалай да қайта оралуымыз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген – Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»