Қазақстан • 28 Қазан, 2017

Түркі академиясы ғылыми жобалары негізінде әзірленген кітаптардың тұсаукесері өтті

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласында Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) ғылыми жобалары негізінде әзірлеп басқан бірқатар кітаптардың таныстырылымын өткізді.

Түркі академиясы ғылыми жобалары негізінде әзірленген кітаптардың тұсаукесері өтті

Атап айтқанда, көрнекті ғалым Әбдуәли Қайдардың «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы» және «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы», әйгілі түркітанушы Әмір Нәжіптің «ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдығы және де «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты 4 томдық ғылыми басылым қалың оқырман назарына ұсынылды.

Академик Ә.Қайдардың еңбектерінде ұйғыр әдеби тілінің даму заңдылықтары зерттеледі. Ұйғыр тілінің диалектологиясы, заманауи ұйғыр тілінің қалыптасу кезеңдері мен лексика-грамматикалық даму ерекшелірктері секілді мәселелер жан-жақты қарастырылады.

Осы орайда әлемдік түркология ғылымы үшін құнды саналатын Әмір Нәжіп сөздігінің толық нұсқада тұңғыш рет жарияланып отырғанын айта кеткен жөн. Өкінішке қарай, ғалымның көзі тірісінде аталған еңбектің бірінші томы ғана 1979 жылы Мәскеуде жарыққа шығып, қалған томдары басылмай, тоқтап қалады. Түркі академиясы сол ғылыми мұраны Ә.Нәжіптің шәкірті Ә.Қайдарға аманаттаған қолжазбасы негізінде алғаш рет жариялап отыр.

Оқырманға таныстырылған келесі басылым - 36 елден 300-ден аса ғалымның қатысуымен жүзеге асқан «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты 4 томдық ғылыми еңбек. Академия ғылыми ортада жоғары бағаланған аталған көптомдықтың таныстырылымын бұған дейін Анкара мен Астана қалаларында өткізген болатын.

Ғылым ордасында өткен шараға белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, көрнекті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Айта кетейік, басылымдардың таныстырылымы Академия ұйымдастырған «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы» атты дөңгелек үстел аясында өтті.