Қазақстан • 28 Қазан, 2017

Астанада діни сауатты арттыру бойынша оқу семинар өтті

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласында өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған «Халықтың дінтану сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі» тақырыбында екікүндік оқу семинары өтті. 

Астанада діни сауатты арттыру бойынша оқу семинар өтті

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті ұйымдастырған шара дін саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселелерімен ақпараттық-түсіндіру тобының тиімді жұмыс істеу әдістерін анықтау мен талқылауды мақсат етеді.

Жүзге жуық адам қатысқан басқосуға Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы күрес орталығының, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының, өңірлік дін істері басқармалары мен дін проблемаларын зерттеу орталықтарының өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар атсалысты. Алғашқы күнгі жиында Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Е.Оңғарбаев сөз сөйлеп, «Экстремизммен күрестің басты құралы ретінде ақпараттық түсіндіру топтары жұмыстарының тиімділігін арттыру қажет», деді. Ол, сонымен қатар семинарда алған білімді көпшілік ішіндегі арнайы топтармен жұмыс жүргізуде пайдалануды ұсынды. 

Шара барысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Әлеуметтік басқару технологиялары» кафедрасының профессоры, Е.Шаханов және де Шығыс Қазақстан облысы бойынша Дін проблемаларын зерттеу орталығының директоры И.Беркімбаева тренингтер өткізді. Сондай-ақ көпшілік «Аңсар» оңалту орталығының жетекшісі А.Сабдиннің сотталғандар мен деструктивті діни ағымдардың құрбандарын оңалту тақырыбындағы дәрісін тыңдады.

Семинардың екінші күні өңірдегі ақпараттық-түсіндіру топтарының өзара тәжірибе алмасуларына, тиімді әдістермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналды. Онда Дін істері комитеті төрағасының орынбасары А.Әбілдинова жекелеген аймақтарда халық арасындағы мақсатты топтармен жұмыс жүргізудегі тәжірибенің маңыздылығын атап өтті. Бұған қоса, ол ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерін алған білімдерін аймақтарда бөлісуге шақырды.