Аймақтар • 29 Қазан, 2017

Қостанай облыстық кітапханасына 80 жыл толды

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кітапхананың мерейтойына орайластырып, «Қоғам дамуындағы мемлекеттік кітапханалар ролі» атты өңіраралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Қостанай облыстық кітапханасына 80 жыл толды

Кітапхананың негізі ХІХ ғасырда қаланғанымен, 1937 жылы ол облыстық мәртебе алды. Конференция жұмысына  Қазақстанның барлық шалғайынан және Ресейдің көрші Челябі облысынан қонақтар келді.

Онда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев кітапхананың бұқаралық сипат алуы  атқарушы билік  қамқорлығының көрінісі болып табылатынын айтты.  Өткен жылы  кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бюджеттен 58 миллион теңге  қаражат бөлінді. Интернеттің өмірімізге араласуына орай, кітапханаға адамдар бармайды деген пікір қалыптасып та үлгерген. Алайда жергілікті жерлерде көрініс, тіпті басқаша болып отыр. Кітапхана қазір көпшіліктің жиі бас сұғатын орны, кітап оқумен бірге, мұнда түрлі мәдени шаралар да өтіп жатады.   

«Жақында Қарабалық пен Денисов ауданына барғанымызда кітапхананың ауылдағы басты мәдени ошақ екеніне көзіміз жетті. Онда ауылдағылардың қызығушылығына қарай түрлі клубтар жұмыс істейді, акциялар өтіп жатады. Кітапханалардың қызмет түрі жыл сайын кеңейіп келеді. Тек жергілікті жерлерде оған жеткілікті жағдай жасалуы тиіс. Облыстық мәртебесі бар екі кітапханаға – Қостанайдағы Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана мен Арқалық қаласындағы орталық к ітапханаға  күрделі жөндеу жұмыстары қажет» деді облыстық кітапхананың директоры Дариға Төребайқызы.

Ғылыми-практикалық конференцияға  белгілі мәдениеттанушы, жазушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов те шақырылды. Ол кітапхана қорына өзінің жаңа кітаптарын сыйға тартты. 

«Кітапхананың құрылған жылының өзі оның  қасиетті қызметінен хабар беріп тұрғандай. 1937 жылы халқымыздың  рухани тірегінің, қаймағының барлығын сыпырып кеткенде, облыстағы кітапхана соның орнын толтыру үшін құрылғандай көрінеді маған. Кітапхана нағыз адамзат мәдениетінің тұрақты ордасы» деді Мұрат Мұхтарұлы. 

  Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан» 

 Қостанай