Сондай-ақ ел дамуының негізгі бағдары ретінде белгіленген бұл құжатта көрсетілген міндеттердің орындалуы жаңа қазақстандық арманға қол жеткізудің төте жолы ретінде бағаланып отыр.
Қоғамымыздағы түрлі мәселелерге жаңаша көзқараспен қарап, оларды қазіргі кезеңнің талабы мен мүмкіндіктерін ескере отырып шешу аса маңызды. Бұл орайда басты міндеттер екшеліп, сарапталып қана қоймай, оны ойдағыдай жүзеге асырудың нақты жолдары көрсетілген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жөні бөлек.
Қазіргі таңда халқымыздың мүддесі, қажеттілігі, талап-тілегі барынша ескерілген Ұлт жоспарының басым бағыттары, негізгі қадамдары өз деңгейінде орындалып келеді. Мұның айқын мысалын мемлекеттік кәсіби аппарат құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізу, біртектілік пен бірлік қағидаттарынан туындайтын міндеттерді орындау бағыттарында жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінен көруге болады.
Аталған бағдарламалық құжатта белгіленген міндеттерді іске асырудың практикалық кезеңі басталған 2016 жылдың 1 қаңтарынан бергі аралықта Ұлт жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» атты бірінші бөліміндегі 15 қадамның басым бөлігі орындалды. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың кәсібилігі қамтамасыз етіліп, кейбір кертартпа іс-әрекеттердің жолы кесілді. Соңғы деректерге қарағанда, мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін қайта қарастыру, жаңғырту, дәлірегі, мансаптық модельге көшу жүзеге асырылған.
Осыған дейін мемлекеттік қызметке алғаш қабылданатын тұлғалар кез келген бос жұмыс орнына, оның ішінде басшылық қызметке үміткер бола алатын еді. Ал енді мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған және жұмыс тәжірибесі жоқ тұлғалар өзінің қызметтік мансабын тек төменгі лауазымдардан ғана бастайтын болды. Сондай-ақ төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеуде және одан әрі лауазымдық өсуде тұлғаның іскерлік қасиеттері бірінші кезекте ескерілетіні айқындалды. Бұлардан бөлек, конкурс өткізу ережесіне сәйкес, конкурстық комиссия үміткерлермен сұхбаттасу барысында жеке қасиеттерді бағалау нәтижелерін ескереді.
Сонымен бірге мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізу мәселелеріне қатысты да қадамдар өз деңгейінде орындалды.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заӊныӊ үстемдігін қамтамасыз ету» атты бөлігінде қамтылған 19 қадам бойынша атқарылған шаралардың нәтижесі де жаман емес. Мәселен, басқасын былай қойғанда, сот саласына қатысты 10 қадамның барлығы түгел жүзеге асырылды. Тарқата айтар болсақ, сот жүйесі инстанцияларын оӊтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу, судья лауазымына іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, судьялардыӊ есеп беру тәртібін күшейту, судьялардыӊ жаӊа этикалық кодексін қолданысқа енгізу, инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру жұмыстары және басқа да жағдаяттар бүгінде халықтың көңілінен шығып отыр.
Ұлт жоспарындағы 32-қадамда «Қылмыстық құқық бұзу картасы» ұлттық ақпараттық жүйесі негізінде интернет-портал құру қарастырылғаны белгілі. Қазіргі таңда бұл карта жасалып, оған еліміздегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар қысқа мерзім ішінде тіркелуде. Сөйтіп ол ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін бақылауға мүмкіндік беруде. Яғни қазақстандық азамат картаға өз мекенжайын енгізу арқылы сол радиуста тіркелген қылмыстар жөнінде мағлұматтар ала алады. Деректер сұраныс берушінің электронды поштасына жіберіледі. Осылайша, еліміздегі сот төрелігі мен құқық қорғау саласындағы тәртіп жүйесі ашықтық және кәсібилік тұрғысында жаңа мүмкіндіктерге ие болды.
Құжаттағы «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бөлімінде қарастырылған қадамдар бойынша атқарылған шаралар жөнінде айтар болсақ, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, экспорттық және импорттық кеден ресімдерінен өту кезінде «бір терезе» қағидатын енгізу, кеден және салық жүйелерін интеграциялау, мүлікті және қаржыны заӊдастыру ресімдерін оӊайлату, қолданыстағы заӊға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, салық декларацияларын қабылдау және өӊдеудіӊ орталық желісін құру сынды мәселелердің шешімін табуы көңіл қуантады.
Осы арада қолданыстағы салық режімін заман сұранысына сай оӊтайландыру, өӊірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру, өӊдеу өнеркәсібіне еӊ кемінде 10 трансұлттық компанияны тарту, ет өндірісін, сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту секілді бағыттардың басым бөлігі жүзеге асырылғанын айта кетуіміз керек.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкестендірілді. Сондай-ақ соңғы деректерге сүйене сөйлесек, еліміздің экспорттық тауарларын әлемдік нарыққа шығаруға бағытталған жобаларды түзу жұмыстары қызу қолға алынып отыр. Бүгінде өндіріс бойынша трансұлттық компаниялардың қатысуымен 4 жоба таңдап алынды. Бұл жобалар ет, сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығы саласында іске асырылуда.
«100 нақты қадамның» «Біртектілік пен бірлік» атты 4-бөлімінде көрсетілген қадамдардан туындайтын мақсаттарды орындау да қоғамымыз үшін аса қажет екені белгілі. Бұл орайда «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі бекітіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы әзірленгенін, еліміздің барлық өңірлерінде 30-дан астам Достық үйі ашылғанын ерекше атап көрсеткіміз келеді. Сондай-ақ Ұлт жоспарының 87-қадамы шеңберінде «Менің елім» азаматтық бірегейлікті нығайту жалпыұлттық жобасының және 89-қадамдағы «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасының нәтижелері өзінің жоғары деңгейін көрсете білді.
Ал Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бөлімінде қамтылған, соның ішінде, әсіресе, мемлекеттік жоспарлаудыӊ ықшам жүйесін құру, аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудыӊ жаӊа жүйесін енгізу, «Ашық үкіметті» енгізу, ақпаратқа қолжетімділік туралы заӊды әзірлеу, орталық мемлекеттік органдардыӊ статистикалық базалары мәліметтеріне онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді көптеген бағыт бойынша да тиісті шаралар қолға алынып, олардың басым бөлігі іске асты.
Қазіргі таңда «Ашық үкіметтің» мөлдірлігін, мемлекеттік органдардың есеп беруін, қоғамдық бақылаулардың күшеюін, азаматтық қоғамның араласуын қамтамасыз ету өз маңыздылығын көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасының артуына, сондай-ақ барлық үдерістердің ашық болуына жол ашады. Бүгінде елімізде «Ашық үкімет», «Ашық деректер», «Ашық бюджеттер» және «Ашық диалог» сияқты компоненттердің пайда болуы осы бағыттағы жұмыстардың қарқынын көрсетеді.
Жалпы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қоғамдық жаңа қатынастардың, соны функциялардың, сондай-ақ жаңа, жетілдірілген институттардың қалыптасып, орнығуына кеңінен жол ашты. Бұл еліміздің заман талаптарына икемделе отырып дамуының мол мүмкіндігіне ие екенін аңғартады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»