Қазақстан • 30 Қазан, 2017

Академиктер Елбасы Жарлығын қолдады

621 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Ғылым ордасының» мәжіліс залында Түркі академия­сы Ха­лық­аралық ұйымы түркі әлеміне ортақ құндылықтарды саралау мақсатымен «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы» тақы­рыбында дөңгелек үстел ұйымдас­тырып, зиялы қауым өкілдерінің басын қосты. 

Академиктер Елбасы Жарлығын қолдады

Қазақ ғылымы мен руханияты­на елеулі үлес қосып келе жатқан ғалым­дар, академиктер мен ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарының басшылары, мажар, қыр­ғыз, түрік, әзербайжан, ұйғыр, татар ға­лымдарының алдында сөз алған Академия президенті Дархан Қыдырәлі шараның мақсат-маңызына тоқталды. Ұлттық сана мен болмысты әлемдік құндылықтармен үйлестіре отырып, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер мен батыл шешімдерге құрылған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланған биылғы жыл ел тарихында ерекше жыл ретінде есте қалмақ. «Сананы сілкіндіретін, ойды отарсыздандыратын, жадыны жаңғыртатын, тарихты түлететін бағдарлама көптеген ауқымды бастамаларға негіз болды. Әрине атқарылып жатқан қыруар жұмыстың ішінде бірінші кезекте қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін атаған болар едік», деді Д.Қыдырәлі.

Алқалы жиынды жүргізген ғалымның айтуынша, күні бүгінге дейін ұлттық кодқа байланыс­ты, тарих, таным, тіл, кітаптардың тәржіма ісіне байланысты көп жұмыстар атқарылған. Көптен жоспарланған дәл осы шараның Елбасының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойғаннан кейін өткізілуінің де символдық мәні бар. Себебі Жарлық шыққанда бірінші кезекте лингвистердің, түрколог ғалымдардың, зиялы қауымның көзқарас білдіріп, қолдауы заңдылық. Түркі академиясының бастамасымен өткізіліп отырған жиын тақырыбының «Тұлғалар тағылымы» деп аталуының сыры да осында. Тамыры терең бәйтерек сынды, тоқсанның төріне шықса да, тіл үшін тірескен талай күрестерде тайсалмай қайраткерлік танытып, толғауы терең қызыл тілдің тағдырын «тағдырым» деп таныған үш абыз академиктің – Әбдуәли Қайдаров, Шора Сарыбаев және Рәбиға Сыздықованың алқалы басқосудың белортасынан табылуы жиынның басты жаңалығы болды.

Тіл білімі ғылымының алтын қазығы іспетті болмысы біртұтас асылдан сомдалып құйылғандай айтулы ғалымдардың соңғы жылдары жұрттың алдында сирек төбе көрсетіп жүргені болмаса, тіл тағдыры тағы бір тарихи шешуші кезеңге бет бұрғанда, аяулы Академияларына аяңдап келіп, тілектестік танытқандарына үлкен-кіші түгел толқыды. Ұлағатты ұстаздар ұлт мәселесіне келгенде тартынып қалмай, алдыңғы шептен көрінетінін тәуелсіздіктің сонау елең-алаң тұсында да көрсеткен болатын. 1992 жылы Түркиядағы Мармара университетіндегі жиынға Қазақстанның атынан қатысып қайтқан Ә.Қайдаровтың елге келген соң «қазақ елі латын әліпбиіне көшуі керек» деген өзі бас болып, жобасын жасап, Елбасына хат жазғанына да биыл 25 жыл болыпты. Сол арман-аңсар шындыққа айналып, латынға көшу жөніндегі бастама ресми түрде биыл жаңа бетбұрыс кезеңіне қадам басып отыр. Өйткені бүкілхалықтық талқылауға түскен латын әліпбиі түркология ғылымының ортақ әліпбиі ғана емес, рухани жаңғырудың басты негізі екені сөзсіз.

Айта кету керек, Академияның ғылыми жобаларының үлкен бір бөлігі түркология ғылымының дамуына үлес қосып отырған авторлардың еңбегін насихаттау және жаңа еңбектердің жарық көруіне ұйытқы болуымен байланысты жүргізіледі. Қазақ елінің тумасы, әлемдік дәрежедегі түрколог ғалым Әмір Нәжіп өзінің мұрасын, қолжазбаларын, тарихи салыстырмалы сөздігін, кітаптарын көзі тірісінде Әбдуәли Туғанбайұлына аманаттап кеткен болатын. Бұл еңбектер жалпы түркология ғылымына қосылған үлкен олжа болып саналады. Ә.Қайдаров бұл ғылыми мұраларды Халықаралық Түркі академиясына табыстаған-тын. Сол аманаттап кеткен дүние биыл араға қырық жыл уақыт салып «ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыс­тырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ғылым» баспасынан жарыққа шығып отыр.

Сондай-ақ Ә.Қайдаровтың «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы» және «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы» атты ұйғыр грамматикасына байланысты екі том еңбегі де баспадан көпшіліктің пайдалануына жол тартты. Ілгеріректе түркітану ілімінде өзіндік жолы бар академик Р.Сыздықованың Қадырғали Жалаириге тиесілі «Жами ат-тауарих» кітабын зерделеп, бұл шежіренің рухани мұра жағынан да, тілдік тұрғыдан да қазақ халқының байырғы дәуірден қалған төл мұрасы екенін дәлелдеген еңбегі де Академия қолдауымен жақын арада оқырманның қолына тиеді.

Бұған қоса қолданыс аясы әлдеқашан тарылып кеткен шор, қарлұқ, қарашай, алтай, гагауыз, құмық, Кавказдағы, Ауғанстандағы, Ирандағы, Қытайдағы, жалпы дүние жүзіндегі жойылу қаупі төніп тұрған түркі тілдерін жинақтап, «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты төрт томдық энциклопедия шығарылды. Мұндай ауқымды жұмысты атқаруға әлемнің 300-ден аса ғалымы жұмылдырылған. Түптеп келгенде, осының бәрі рухани жаңғыру жолында атқарылған жұмыс, Елбасы бастамасымен құрылған Түркі академиясының игілікті ісі мен еңбектері түркі халықтарының ортақ ру­хани жемісі болатыны анық. Басқосу барысын­да осы аталған төрт бірдей іргелі еңбектің тұсауы кесі­ліп, кең көлемде жинақталған мәдени мұралар зия­лы қауымға таныстырылып, тарту етілді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғы­лым академиясының президенті Мұрат Жұ­рынов, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңе­сі­нің мүшесі Әділ Ахметов, Қырғыз­стандағы Манас қырғыз-түрік универ­ситетінің профессоры Қадыралы Қоңқа­баев, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижан, академик Өмірзақ Айтбаев тіл келешегі үшін жасалып отырған игі қадамды қолдай отырып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі уақыттың талабы екенін, жаңа көштің қарқынды, бірақ кезең-кезеңімен жүзеге асырылар байыпты іс екенін атап өтті.

Телқожа Жанұзақов, Асқар Жұ­банов, Нұргелді Уәли, Байынқол Қалиев, Әлімхан Жүнісбеков сынды кәсі­би тіл мамандарының қатысуымен өткен жиынның салмағы да, маңызы да жо­ғары болды. Дөңгелек үстелдің өзі «Тұл­ғалар тағылымы» деп аталғандықтан түркология ғылымы саласында үлкен еңбек сіңіріп, өмірден ертерек өткен мажар ғалымы Иштван Қоңыр Мандокидің шаңырағында түтінін түтетіп отырған жары Оңайша Мандоки Қоңыр марқұмның армандарының біртіндеп орындалып келе жатқаны түркітану ғылымының да қарқынды дамуының көрінісі екенін және оның есімін ұлықтап, мұрасын түгендеп жүргені үшін Түркі академиясына рахмет айтып, атқарып жатқан жұмысына оң баға берді.

Жиын соңында шараға қатысқан зия­лылар латын әліпбиіне байланыс­ты шыққан Елбасы Жарлығын қолдай­тынын және ұлттық мүддеге бағыт­тал­ған тарихи шешімді орындауға атсалы­са­тындарын айтып, арнайы үндеу қабылдады.

 

Әбдуәли ҚАЙДАРОВ, академик:

− Отан соғысында бес жыл әскери мін­детім мен азаматтық борышымды өтеп қайтқаннан кейін инс­титутқа түсіп, одан аспирантураны бітірген соң бар саналы өмірім Қаныш Сәтбаев негізін қалаған осы Ұлттық ғылым академиясында өтті. Мен сонау тәуел­­сіз­діктің ал­ғаш­қы жыл­дарында Түр­кия Сыртқы іс­тер ми­нис­трлігінің ұйым­­дас­­тыруымен өткен Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғыз­стан, Әзербайжан және Түрік­менстан ғалымдарының Анкарадағы конференциясына Қазақстанның делегациясын бастап барған едім. Сонда барша түрік халықтарына ортақ 34 әріптен тұратын латын әліпбиінің жобасына Қазақстан тарапынан қол қойып, қазақтың «ә» деген әрпін енгіздім. Конференциядан келгеннен кейін көп ұзамай «түркі елдері латын әліпбиін қабылдайтын болыпты» деген хабар алдық. Осы хатты алғаннан кейін Президентке ашық хат жазып, түркітілдес елдер ғалымдарының ұйғарымын жеткізген едім. Міне, сол уақыттағы арман-тілегіміз бүгін орындалып отыр.

 

 

Шора САРЫБАЕВ, академик:

− 1937 жылы алғаш мен мектеп та­бал­­дыры­ғын аттаған кез­дері орыс мектептері­нің көбейіп, қазақ мек­тептерінің біртіндеп жабылып жатқан кезі еді. Содан бері біз көп нәрсені жоғалтып ал­дық. Біраз нәрседен құр қалдық. Құн­дылықтарымыз құрбан болды. Тіліміз­ді тұншықтырып, тынысын тарылтқан империя­лық саясаттың үстемдігіне іштей қапалан­дық. Бірақ «ештен кеш жақсы». Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл өлсе, халықтың өзі де өледі» дейтін сөзі бар. Ең алдымен ана тіліміздің қадір-қасиетін көтерейік. Бар міндетім жастарды патрио­тизмге тәрбиелеу, қазақи мінезге баулу, қазақты сақ­тауға бағытталды. Сондықтан кейінгі ұрпағым тілін, жерін, отанын қадірлесе екен деймін.

 

 

​ Рәбиға СЫЗДЫҚОВА, академик:

– Қазақтың тұң­ғыш төл әліпбиі Ах­мет Байтұрсынов жа­са­ған әліпби болатын. Мен 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін ла­тын қарпімен оқу оқыдым. 1945 жылы жоғары оқу орнына түскенде, ұстазымыз оқыған дәрісті латынша жазатын едік. Өйткені қолымыз үйреніп кеткендіктен бе, әлде расымен жазуға оңай болды ма, латынмен жазуға бейім болдық.

1956 жылы көрші Қытай еліндегі Шың­­жаңдағы ұйғырлар мен қазақтар латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп, үлкен халықаралық конференция ұйымд­астырды. Соған барған 5-6 ғалымның бірі мен болатынмын. Латынға көшу мәселесімен сол кезде бірінші рет бетпе-бет келгенмін. Ал бүгін өз елімізде осы бас-

тама көтеріліп, жылға жуық уақыт бойы «латынға көшеміз бе, көшпейміз бе?» деп талқыладық, айтарым, енді қарайлаудың қажеті жоқ. Дұрыстығы әлдеқашан дәлелденген. 32 дыбысты таңдап алу қиынға соқпас, ең қиыны осы әріптердің емлесі мен ережесін дұрыс түзіп шығу. Кеше кириллицаға көшкен кезде ғалымдар үшін ең қиыны не болып еді? «Жапырақ», «топырақ» деген сөздердің арасына «ы» әрпін жазамыз ба, әлде «жапрақ», «топрақ» деп жазамыз ба?» деп он жыл бойы айтысқанбыз. Айтыссаң, айтыс қыза береді. Сондықтан әуелі латын тіліне көшіп алып, «қалай жылдам, оңай әрі қиындықсыз жазуға болады?» деп ғылыми ізденісін жалғастыра беруіміз керек. Егер менің жанымда айтқанымды жазып отыратын, кеңесіп отыратын көмек­шім болса, латын әліпбиіне көшуге байла­нысты ауқымды міндетті бірге атқарысып, осы ереже-емлелерді жазуға көмектесер едім.

 

 

Мұрат Жұрынов,

Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик

– Қазақ қоғамы әліпби мәселесін 1994 жылдан бері талқылап келеді, әбден пісірдік деп ойлаймын. Химия саласының маманы болсам да, тап осы мәселеге байланысты баспасөз бетінде менің де бірнеше мақалам шықты. Ол кезде қазақ-түрік университетінде жұмыс істеймін. Түркиядан, басқа да шет мемлекеттерден келген мамандар көп болды. Олар «біз кириллицаны білмейміз, сондықтан бізге латын әліпбиін жасап берсеңіздер, біз тезірек қазақ тілін меңгерер едік» деген өтінішін айтты. Сөйтіп университеттің ішінде ғана қолданылатын латын әліпбиін жасадық. Мамандармен бірлесіп, қазақ-түрік сөздігін жарыққа шығардық. Яғни латын әліпбиімен мен сол кезден бастап шұғылданып келемін. Ендігі әңгіме мынада: Президент Жарлығы шықты, енді тек қана орындау керек.

Меніңше, біздің нұсқа түркі елдері әліпбиі ішіндегі ең жақсы әліпби. Тілдің басты заңдылығы сақталған, компьютер қабылдайды, жеңіл. Сондықтан осы Жарлықты бәріміз қолдаймыз.

 

 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ